Мақалада ақыннан қалған аманат шексіз оның əрбір сөзі бүгінге ғана емес, ертеңге де таусылмас қазына екенін айта келіп, оған өзінің қосқан үлесі жайында кеңінен ой қозғайды. Биылғы Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойында Абайды қалай оқығаны, бала кезіндегі əжесі Мырзабала мен анасы Əлжанның айтуымен қазақ аңыз әңгімелерінен бастап Абай мұрасына дейінгі кезеңді қалай ұштастырғанын жазады. Кейін Қаскелеңдегі Абай мектебіндегі қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетовтің Абай тағылымын қалай бойына дарытқанын есіне алады. Бұл арқылы Елбасының Абай өнегесін жүрегіне бала кезден сіңіргенін аңғарамыз. Ес біліп, ат жалын тартып мінген кезінде Ұлы ақынның өсиетіне берік болғанын, ел басқарған кезеңде Абай аманатына адал екенін ашып жазады.
Мақалада Абай қазақ мәдениеті мен рухани ортасындағы орнын биік бағалайды. Орыстар үшін Александр Пушкин, немістер үшін Иоганн Гете, ағылшындар үшін Уильям Шекспир, америкалықтар үшін Уолт Уитмен қандай болса, қазақ үшін Абай да – сондай рухани тұлға екенін айғақтайды. Сөйтіп, дана ақынды ояну дәуірінің көшбасшысы ретінде көрсетеді. Расымен бұл тұжырымды Абайға берілген тың баға деп айтуға болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін Абай қазақтың жүрегіне қалай орнады деген толғамға келіп, ақынның 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде тұңғыш рет атап өтілгені жайында естеліктерімен бөліседі. Айта кетерлігі, ЮНЕСКО ұлы тұлғалардың 100 жылдық, 200 жылдық, 300 жылдық, 500 жылдық мерейтойларын өткізуді дәстүр ретінде қалыптастырған. Елбасының биік беделінің арқасында сол кездің өзінде Абайдың 150 жылдық мерейтойы абыроймен атқарылған еді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Абай рухын көтерудегі үлкен еңбегі. Кезінде тек Семей өңірінде, тәуелсіздіктен кейін қазақ елінде ғана танымал ақынды қазір бүкіл әлем біледі. Шығармалары әлем тілдеріне аударылды. Енді Абай аманатына адал болу болашақ ұрпақтың міндеті екенін, оның өнегесі еліміздің бағдары болуы тиіс деген тұжырым жасайды. Елбасының мақаласы ақынның мерейтойы қарсаңында жазылған толғанысқа толы, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін тың дүние.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры