Енді жаңа заң мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір бағалы сыйлықтар беруге мүлдем тыйым салады. Мысалы, 2 АЕК-ке дейінгі сомадағы сыйлық (5,5 мың теңге) әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, 2 АЕК-тен астам сомадағы сыйлық алған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Аталған Заңда жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын адамдардың отбасы мүшелеріне материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе қызметке тағайындалуға тыйым салынған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі келтірген мәлімет бойынша былтыр әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676-677-баптарына сәйкес 27 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған. Жалпы айыппұл сомасы 10 386 200 теңге. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілермен арнаулы мемлекеттік қорға өткізілген сыйлықтардың бағасы 683 212 теңгені құрайды.
«Аdidas» костюмі, «Tissot» сағаты, пижама сыйға берілген
Былтыр жиі берілген тарту-таралғылар косметикалық сыйлық жиынтықтары, азық-түлік өнімдері екен. «Сәнге айналған» сыйлықтар арасында музыкалық аспап (домбыра), тұмарлар, ерлер шарфы, «Адидас» фирмасының спорттық костюмі, «Tissot» қол сағаты, «Delphi» корнишондарымен қапталған зәйтүн, элиталық алкоголь және пижама болған.
«Алғыстың» кең таралған түріне ұялы телефон балансын толтыру, 1000-2000 теңге номиналымен ақшалай қаражат түрінде материалдық сыйақы беру еніп отыр.
Қаржы министрлігі таратқан мәлімет бойынша биылғы жылдың күзіне дейін алкоголь өнімдері, азық-түлік өнімдері, ұлттық киімдер жиі сыйға берілді. Былтырғы Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне келіп түскен құнды сыйлықтардың қатарында салмағы 4,4 гр болатын маржаны бар әшекей бұйым, бес інжу тасы бар күміс тізбектен (800 сынама) 22 дана Ұлттық банкке жіберіліпті.
Сыйлықты да сатып аласың...
Мемлекеттік қызметші қызметіне байланысты алған сыйлықтар жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруы тиіс. Бұл үшін жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне жүгінуі қажет. Сыйлықты тапсыру кезінде мемлекеттік қызметші оны қайтадан сатып алуға құқы бар. Ол үшін сыйлықтың құны бағаланады. Сыйлық ұнамаған жағдайда жазбаша түрде бас тартуға болады.
Қаржы министрлігі баспасөз қызметінің айтуынша, мемлекеттік қызметшіге берілген сыйлықтар параға жатпайды. Тарту-таралғылар мемлекет есебіне тапсырылады. Кейін ол сыйлықтардың құны бағаланған соң мемлекттік органдар, мұражайлар өтінімі бойынша солардың баланысына өтеді немесе gosreestr.kz сайтында аукционға түседі. Сатылымнан түскен қаражат бюджеттің «бүйірін» толтырады.
Былтыр 3 мемлекеттік қызметші өздеріне берілген сыйлықты сатып алған. Оның жалпы құны 58 849 теңгені құрайды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында 49 949 теңгеге ыдыс-аяқ жиынтығын сыйлық ретінде алған мемлекеттік қызметші тиісті органға сыйлығын тапсырып, кейін өзі ақшасын төлеп сатып алған. Осы ретте, аукционға сатылған сыйлықтардың бағасы бастапты сатып алған бағадан екі есеге төмен екен.
Мысалы, былтыр ақ жағалы мемлекеттік қызметкердің біреуіне 18 768 теңгеге домбыра сыйлыққа беріліпті. Оны әлгі мемлекеттік қызметкер сатып алғысы келмегендіктен аукционда шығарылған. Онда сатылған бағасы 6 874 теңге екені белгілі болып отыр.
2017 жылы Батыс Қазақстан облысында мемлекет қызметкеріне сыйлыққа берілген «Нұрсұлтан Назарбаев» кітабын сыйлықтық иесі тиісті органға өткізіп, артынша 2000 теңгеге сатып алды. Оңтүстік Қазақстан облысында қатырылған бүркіттің мүсіні 75 мыңға бағаланыпты. Мемлекеттік қызметкер сыйға алғанын мойындап, артынша ақысын төлеп өзінде қалдырған. Қандайда бір мәселені шешу үшін алғыс ретінде берілген сыйлықтардың қатырында бағасы 6000 теңге тұратын ЭКСПО көрмесінің билеті, мысық, тасбақа, сиырдың статуэттері бар.
2 000 теңге пара беремін деп 353 500 теңге айыппұл төледі
Ақмола облысының азаматы «Қазпошта» АҚ пошта байланысы арқылы Көкшетау қалалық сотына неке бұзу туралы істі қарауды жеделдету туралы өтінішпен хат салынған конвертті және номиналы 2 000 теңге ақша купюрасын Көкшетау қалалық сотына жолдаған. Кейін бұл әрекеті үшін 353 500 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Былтыр Ақтөбе, Қызылорда, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында пробация қызметінің инспекторларына ұялы телефон балансын толтырып және ақша купюраларын бергені үшін 14 азамат жалпы сомасы 5 858 000 теңгеге айыппұл төлеген.