«Ұстаз мәртебесі» жеке заң ретінде әзірленгені белгілі. Заң жобасын әзірлеу үшін экс-министр Ерлан Сағадиевтің кезінде жұмыс тобы құрылып, оған бұрынғы вице-министр Эльмира Суханбердиева басшылық еткен еді. Заң жобасы ұсынылды. Алайда заң жобасының «Педагогикалық әдеп және педагог анты» деп аталатын 5-бабының 2-тармағы мұғалімнің әдеп қағидаларына қатысты жазылған нұсқасы мұғалімдердің көңілінен шықпай отыр.
Ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы: «Заң жобасының «Педагогикалық әдеп және педагог анты» деп аталатын 5-баптың 2-тармағында «педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» деп жазылған. Өз басым мұны ұстаздардың аузына қақпақ болу деп есептеймін. Өйткені сол баптың 4-тармағында «Ант мәтінін және педагогтердің оны қабылдау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» делінген. Ертең білім басқармалары осыны негізге алып, мектепте болатын дауларды сыртқа шығармай қоюы мүмкін. Мұғалімдердің аузын буып, олар сыртқа айтқан жағдайда корпоративтік әдеп нормасын бұзды деп жұмыстан шеттетуі ғажап емес. Бұл – өте қауіпті. Заң жобасы жарияланғалы оқып жатырмыз. Өз басым заң жобасынан іліп алар ештеңе таппадым. Түрлі заңдардан жұлынып алған сылдыр сөздер. Осы жылдың 26 маусымында Білім және ғылым министрі бір топ белсендіні қабылдаған. Сол кезде тарбағатайлық ұстаз Мейіржан Темірбек екеуміз заң жобасына қатысты 14 ұсыныспен барғанбыз. Соның ешбірін министр болмайды демеген еді. Кейбірін заң жобасына енгіземіз дегендей болған. Оның біреуі де енбеген. Министрмен кездесуде ант беру туралы әңгіме қозғалған жоқ», – дейді.
Мұғалімнің атқаратын өз миссиясы бар
Кеңес үкіметі кезінде пионер, комсомол қатарына өту үшін де ант беретін. Бірақ мұның бәрі кеңестік дәуірмен келмеске кеткен. Қазір дәрігерлер «Гиппократ» антына адал. Әскерилер де ант береді. Ант берудің өз қағидасы бар. Ал мұғалімдер ант беруден неге қорқады? Әлде Өмір Шыныбекұлы айтқандай, «мұғалімнің аузын жабу ма?».
«Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы: «Бізге формализмнен арылатын кезең жеткен секілді. Ант қабылдау жемқорлықтан ада ететін болса, шенеуніктер жемқор болып кетпес еді. Әскерилер заң бұзбаушы еді. Дәрігерлер де кәсібіне адал болар еді. Өкінішке қарай, ант берсе де, антына қарсы жұмыс іздеп жүрген кейбіреулерді көзіміз көріп жүр. Сондықтан ант бергізу – мәртебені көтеру емес. Бұл – формализмнің көрінісі, яғни қойылым. Мұндай қойылымдардан онсыз да қоғам шаршады. Сол себепті керек емес дүние деп ойлаймын. Ең алдымен, бүгін ант беріп қойып, бала дұрыс тәрбие алмаса, анттың да қадірі кетеді. Керек емес шаруа. Талқыланбайтын, басы артық дүние деп ойлаймын» деген пікірін алға тартты.
Бұл да дұрыс шығар. Дегенмен ант беруден неге қорқамыз? Президент жанындағы ОКҚ директоры Талғат Қалиевтің ойынша, ант беруде тұрған ештеңе жоқ дейді. «Дәрігерлердің Гиппократ анты бар. Әскерлер де ант береді. Олар өз антын құрметтейді. Педагог антында тұрған ештеңе жоқ. Мұғалімдер де жай адамдар емес. Оларға біз болашағымызды, балаларымызды сеніп тапсырамыз. Сондықтан мұғалімнің анты олардың еркіндігін шектейді деген сөз емес. Мұғалім балаға креативті ойлау тәсілін үйретсе, ойын шектемесе дейміз. Мұғалімді саясатқа араластыруға болмайды. Қоғамда олардың атқаратын өз миссиясы бар» дейді.
Ұстаз неден үмітті?
2004 жылы Ресейде өткен «Жыл мұғалімі» байқауында мұғалімдер өздері ант ойлап тапты. Мұғалімнің қолында адам тағдыры тұр. Олар да дәрігерлер мен әскерилер сияқты өздеріне мол міндет артылып отырғанын жақсы түсінеді. Әділқазылар сол жолы Омбы облысынан келген мұғалім Александр Рахноның берген антын жоғары бағалапты. Мұғалім өз антында: «Менің алдымда отырған әр бала – Отанымыздың келешегі. Олардың азамат болып қалыптасуына ең алдымен мұғалімдер жауапты. Бала футболистерге неге жанкүйер? Олар қалай өзіне ықтияр етеді? Сол секілді, мұғалім де баланың білім алуға құштарлығын арттыру жолында аянбай еңбек еткені дұрыс. Мен де әр баланың Отанын сүйетін патриот болып өсуіне қызмет етуге ант беремін» деген екен. Бұл әр мұғалім уәкілетті органға ант береді деген сөз емес.
АҚШ-тың кей штаттарында мұғалім емес, оқушылар мемлекет туын құрметтеп, патриот болуға уәде береді. Бұл оқушының ант беруі деген сөз емес. Әрі бұл барлық штатқа тән дүние де емес. Оқушыны адалдыққа, адамгершілікке үйрету – барлық мемлекетте бар үрдіс. Мәселе – мұғалім мен оқушыда емес, қоғамның педагогқа көзқарасында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мұғалімдердің мәртебесі» туралы: «Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетікті қарастыруы керек. Жүктеме қысқартып, қызметтен тыс тексерістен арылту қажет. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер... Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі тиіс. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек» дегені белгілі. Елбасының бұл сөзі мұғалімдердің сенімін арттырған еді. Елбасы айтқандай, заң жобасы мұғалімнің сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Ант беруден үркудің қажеті жоқ
«Мұғалімнің мәртебесін көтеру ант қабылдаумен шешілмейді». Белгілі меценат, ұстаз Бекзат Алтынбеков осылай дейді. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы. Мұғалімдікті жүрегімен қалаған адамдар ғана таңдайды. Мұғалімдік дипломды қолға алған сәттен бастап, сол қызметке деген адалдығын еш уақытта бұзбайды. Бізге дейінгі бұзылмаған заңдылық бұдан кейін де бұзылмайды деп есептеймін. «Мұғалім мәртебесі» туралы заң тұжырымдамасындағы ант беру мәселесі – мен үшін артықтау. Себебі мемлекеттің басты байлығы – адам болса, сол адамның қалыптасу жолында мұғалімнің де еңбегі ұшан-теңіз. Әрине, кейде келеңсіз жайттар аракідік кездесіп қалып жатады. Бірақ бүкіл мұғалімге күйе жағуға болмайды. Мұғалімнің мәртебесін көтеру деген оның жалақысын арттыру, әлеуметтік мәселесін шешумен өлшенеді. Мемлекеттік қызметкер ант қабылдайды. Әскерилер ант береді. Егер мұғалімнің еңбегін мемлекеттік қызметкер деңгейінде бағаласақ, онда ант қабылдауға болады. Ұстаз деп құрметтейтіндер көп. Алайда қоғамның «Үсендері» көбейіп тұрған заманда, «Асандар» әлеуметтік тұрмысы төмен мұғалімді қадірлей ме? Одан артық мұғалім де ештеңе сұрап отырған жоқ» дейді Бекзат Алтынбеков.
Мұғалімнің жалақысы өссе, әлеуметтік статусы түзелсе, мұғалім мамандығына жан қалауымен баратын жандар көбейсе, мәртебе де өсетіні белгілі. Сондықтан «мұғалім мәртебесі» деп шырылдап жүргеннің көбі осылай әлеуметтік мәселені кесе-көлденең тартады.
Заң жобасын әзірлеген жауапты мамандардың да өз айтары бар. «Мектепке дейінгі және орта білім» департаментінің басқарма басшысы Бағым Көптілеуова «ант беруден үркудің қажеті жоқ» дейді.
«Мұғалімдер мәртебесі» туралы заң жобасы Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша әзірленді. Ең алдымен тұжырымдамасы жасалған кезде өңірлердегі де білікті мұғалімдердің ұсыныс-талаптары да ескерілді. Бүкіл мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен жан-жақты талқыланып, келісілгеннен кейін ғана барып, Үкіметте қаралды. Ол жерде де ұзақ талқыланып барып, Мәжіліске жіберілді. Бұл заң жобасы белгілі бір жұмыс тобының нәтижесі емес. Мұнда жан-жақты зерттеулер, ұсыныстар, талап-тілектер ескерілді. Педагогтардың құқығын кеңейту арқылы мәртебесін көтеру, жалақысын көтеру деген сияқты негізгі мәселелер айтылды. Педагогтардың педагогикалық әдеп нормаларын сақтайтын ережесі бар. Әрбір оқушы мұғалімге қарап, өзін баулиды. Сол себепті «Ант қабылдау» әдеп қағидасы да арнайы ұсыныспен келді. Сондықтан бұл заң жобасын жасауда тек ТМД елдеріне сүйенген жоқпыз. Қытай, Финляндия сияқты елдердің үздік заң нормаларына да қарадық. Қай елдің білім саласы үздік, сол елдің заңнамаларын қарауға тырыстық. Оның үстіне, ант қабылдағанда мұғалім оны директордың немесе білім басқармасы басшысының алдында бермейді. Жас маманның «Өскелең ұрпаққа жақсы тәрбие беруге тырысамын» деген өз-өзіне есеп беруі. Ол өз антында: «Директордың тапсырмасын орындаймын» деп айтпайды. Әрі бұл бүкіл мұғалімдер ант береді деген де сөз емес. Мектепке жаңа келген жас маманның үлкен тәлімгерлердің алдында, болашақ шәкірттері алдында уәде беруі деп қабылдауымыз керек. Бұл жас маманды ынталандырады. Негізінен 5-баптың 2-тармағына қатысты кішкене бұрмалаулар бар секілді. Тіпті дұрыс түсінбей жатқан секілді. Қазіргі таңда Мәжілісте бұл заң жобасы қаралып жатыр. Желтоқсан айында қабылданамын дегенше, әлі талай өзгерістер болуы мүмкін. Мұғалімдерге ант қабылдау әдеп қағидасы жобада болғанымен, ол алынып қалуы да ғажап емес. Бұл әдеп нормасы сақталған күнде де, анттың мәтіні мұғалімдердің өз қалауымен жасалады» дейді Бағым Әбубәкірқызы.
Түйін.