Бейсен ТӘЖІБАЕВ, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Түркістанның мәртебесі биік
– Елбасы «Хабар» арнасындағы сұxбатында Түркістан облысының құрылуы, Түркістан қаласының дамуы жөніндегі келелі ойларын айтты. Бұл идея көптен бері ойында жүргенін жеткізді. Түркістан қаласына тарихи мәртебенің берілуі Елбасының стратегиялық тұрғыдан ұтқан үлкен ісі екені даусыз. Түркі жұрты үшін орны бөлек тарихи қала қазіргі таңда Елбасы Жарлығымен облыс орталығы болып, күннен-күнге көркейіп келеді. Қазіргі таңда көне шаһарда түрлі мұражайлар – Қожа-Ахмет Ясауидің, Қазақ тарихының, Түркі тарихының мұражайлары тұрғызылуда. Жаңа жұмыс орындары құрылып, мыңдаған адам Түркістанға көшіп келді. Осы арқылы қала тұрғындар үшін қолайлы әрі әлеуеті, экономикасы жоғары мекенге айналады.
Сонымен бірге түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналатынына да сенім басым. Себебі екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанның әрбір қазақ үшін мәртебесі биік. Қазір киелі шаһардың әр бұрышында күндіз-түні құрылыс жүріп жатыр. Биылдың өзінде медиаорталық, облыс әкімдігі ғимараты, амфитеатр, әуенді субұрқақ және өзге де маңызды нысандар ашылады. Елбасы айтқандай, «Көне Түркістанның жаңа Қазақстанның шамшырағы» боларына сенеміз және бәріміз осыған үлес қосуымыз керек.
Лаура ДЕМЕСІНОВА, Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры:
Қиындықтарды ұмытпауымыз керек
– Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Хабар» телеарнасына берген сұхбатын толықтай қарап шықтым. Сұхбат кезінде Елбасы мен сұхбат алушы арасындағы табиғи шынайы әңгіменің өрбуін көріп, ел басқару жолындағы Елбасының ерен еңбегіне тағы бір мәрте тәнті болып, ел игілігі үшін алда атқарылатын біраз жұмыстардың барысына да қанықтым.
Елбасының ерекше саяси ерік-жігері мен көреген дипломаттығы, саңлақ саясаткерлігінің сан қыры көпке мәлім. Экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, таңы арайлап ататын, кеші тыныш бататын, халқы ұйқыға алаңсыз жататын, ертеңіне сенетін мемлекет орнату – үлкен еңбек. Партия Төрағасы әңгіме барысында Қазақстан тарихының жаңа заманы жөнінде, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік жолындағы қым-қиғаш күрестер туралы, халқымыздың бүгінгі бақытты, баянды тіршілігі хаһында да баяндап берді. Елбасы сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды ұмытпауымыз керектігін да баса айтты.
– Жалпы, елімізде және шетелдік сарапшылар да Қазақстанның осы жылдардағы өсіп-өркендеуіне оң баға берді. Бұрынғы Кеңес Одағының аумағындағы республикалардың ішінде біз ең жылдам реформа жасадық. Экономикамыз қарқынды өсті. Бұл – істеген жұмыстың нәтижесі. Сондықтан біз жай жүрмедік, дүниежүзілік тәжірибені пайдаланып, стратегиялық бағдарламалар жасадық, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Әбішұлының бүкіл өмір жолы – үлкен өнеге мектебі десек болады. Сұхбат алушы да Елбасының қайран қаларлықтай жадына, ойлау жүйесінің беріктігіне, ойын анық та қанық етіп жеткізетін әрі қарапайым, әрі құнарлы тіліне, әсерлі әңгімелеріне елітіп отырды. Елбасы сұхбатта бірқатар мәселелерді ерекше атап өтті. Сонымен қатар партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта немен айналысып жатқанына да тоқталды.
Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының сұхбатынан оның халқына, еліне деген шынайы махаббатын тағы бір мәрте анық аңғардым. Бұл елі қолдаған Елбасының халқына деген үлкен құрметі деп ұқтым.