Талантты, белсенді жастарды қолдау – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Соның бір көрінісі – ел басқарушы кадрларды анықтау, іріктеу, дайындау және тәрбиелеуге бағытталған «Жастар кадрлық резерві» жобасы. Бұл – қызметінде өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқару біліктілігі жоғары мамандардың республикалық деректер базасы.
Nur Otan партиясы, Jas OtanЖастар қанатының және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты аясында «Жастар кадрлық резерві» жобасының 10-мерейтойлық ашылуы болды. Осыған орай қызмет бойынша деңгейі жоғарылап, өздерін жетекші қызметке ұсынатын мамандар даярлау арқылы еліміздегі жастардың кадрлық резервін қалыптастыру жұмысы жанданады.
Еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылған арнайы конкурстан өтіп, көзге түскен қатысушылар оқу курсы аяқталғаннан кейін Парламентте, Орталық мемлекеттік басқару органдарында, ұлттық және ірі компанияларда тағылымдамадан өтеді. «Біздің мақсатымыз – іскерлік тәжірибені ұйымдастыру. Осыдан кейін жігерлі жастар мемлекеттік қызметке бару немесе бармау туралы шешім қабылдайды. Жобаға еліміздегі 18 бен 29 жас аралығындағы барлық жас, кез келген мамандық иесі қатысып жатыр. Олар осы жерден көп нәрсе үйреніп, болашағына қатысты маңызды шешім қабылдайды», – дейді Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.
Жобаға қатысушылардың бірі – Дәулет Қанатұлы. Тараз қаласынан келген ол мұнай-газ, жерді мелиорациялау, баптау және қорғау саласының маманы. Мұнай мен газды өңдеу саласында он жылдам астам уақыт тәжірибе жинаған 29 жастағы маман биологиялық әдіс арқылы жерді қалпына келтіру бойынша ғылыми жаңалық ашып, Орталық Азия магистранттарының арасында өткен конкурстан бірінші орын алады. Оның ойлап тапқан әдісімен Еуропаның деңгейінде алынбаған нәтижелерге қол жеткізілді.
«Америкалық мамандармен бірге халықаралық жобаға қатыстым. Өндірісті, яғни мұнай мен газ өнімдерін іске қосудан бастап, одан өнім алу және оған қажетті құрал-жабдықтарды жасау бойынша әзірлеген ғылыми жаңалығым нәтиже берді. Кішігірім қондырғыдан үлкен көлемдегі өнім алдық. Мамандар жоғары бағалап жатыр. Біраз ұсыныстар бар. Жер мәселесіне қатысты халықаралық тәжірибе бойынша докторлық диссертациямды әзірлеп жатырмын. Біздің әлеуетіміз үлкен. Қазақстанның бүкіл Орта Азияны шикізатпен емес, мұнай-газ өнімдерімен толық қамтамасыз етуге және 2 миллиардтан астам адамды азық-түлікпен қамтуға мүмкіндігі бар. Бірақ өкінішке қарай, қазір 18 млн халқымызды қамтамасыз ете алмай отырмыз. Біз – еңбекқор халықпыз. Еңбекқорлықтың негізі – ой еңбегінде. Ақыл-ойымыздың әлеуетін, яғни заманауи технологияны пайдалануымыз керек. Спутник құралдар арқылы жерге мониторинг, анализ жасап, зерттеп, сол жерге арнайы тыңайтқыштар дайындап, не еккен дұрыс екенін білген жөн деп есептеймін. Өкінішке қарай, жердің құнарлылығы жылдан-жылға төмендеп жатыр. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласы мен ғылымды мықтап байланыстырған дұрыс болар еді. Бізге дайын өнім шығарғаннан гөрі шикізатты сатқан арзанырақ. Мысалы, мұнай өнімдерін шығарып, өңдеп сататын болса, өңдеуші зауыттарда қосымша құн салығы жүреді. Ал шикізатта олай емес. Осындай кедергілер жойылса, бизнеске де, басқаға да жақсы мүмкіндіктер туар еді. Алаш зиялылары «Қазақтың болашағы – жер және соны дұрыс пайдалануға байланысты» деп бекер айтқан жоқ. Жердің астындағы қазба байлықты да шикізат ретінде емес, өңдеп, өнім күйінде сату еліміздің дамуына драйвер болады», – дейді ол.
Айта кету керек, аталған жобаға он маусым ішінде 15 000-нан астам жастар қатысқан. Олардың 468-і конкурстық іріктеуден, тестілеуден, оқу модульдерінен өтіп, Парламентте, ұлттық компанияларда және орталық мемлекеттік органдарда іс-тәжірибеден өтті.