Бакуде ТМЫК-нің VII саммиті басталды
Бакуде ТМЫК-нің VII саммиті басталды
308
оқылды

Әзербайжан астанасында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне (ТМЫК) мүше мемлекеттер басшыларының 7-ші саммиті басталды.

Шараға ТМЫК елдерінің басшылары – Түркия Президенті Режеп Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда. Сонымен қатар, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бұл ұйымның толыққанды мүшесі ретінде алғаш рет қатысып отыр. Саммит тақырыбы – «Шағын және орта бизнес».                        

Еске сала кетсек, биыл Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясына тура 10 жыл толып отыр. 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Нахчыван декларациясына қол қойылды. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін құру идеясы іске асқан еді.                

2011 жылға дейін түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиттері форум форматында өтіп келген еді. 2010 жылдың қыркүйегінде Ыстанбұл қаласында (Түркия Республикасы) түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы саммитінде түрік дипломаты Халил Ақынжиді Түркі Кеңесінің бірінші Бас хатшысы етіп тағайындау туралы шешім қабылданды. Түркі кеңесіне Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдері кіреді. 2018 жылдан бастап Мажарстан – ТМЫК-та бақылаушы мемлекет. ТМЫК елдерінің заңнамалық органдары – бұл Мемлекет басшыларының кеңесі (саммит) және Сыртқы істер министрлерінің конференциясы (СІМ).                  

Өзара жұмыстарды үйлестіру үшін Түркі Кеңесінің Хатшылығы тұрақты негізде Ыстанбұл қаласында жұмыс істеп тұр. Оны 2018 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанның өкілі, елші Бағдат Әміреев басқарады. 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі аралықта ТМЫК мүше-мемлекеттері кезек-кезек алты саммит өткізді. Саммиттердің күн тәртібінде экономикалық, мәдени, гуманитарлық, көлік, туристік және ақпараттық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланған. Кеңестің 6-шы саммиті 2018 жылдың 3 қыркүйегінде Чолпон-Атада (Қырғыз Республикасы) «Ұлттық спорт және жастар саясаты саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында өтті. Саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Декларацияға, соның ішінде ТМЫК-да Мажарстанға бақылаушы мәртебесін беру және Түркі ынтымақтастық ұйымдарын реформалау тұжырымдамасын әзірлеу құжаттарына қол қойып, Түркітілдес мемлекеттердің интеграциясы Тұжырымдамасы (Қазақстан бастамасы) мақұлданды. Бүгін, яғни 2019 жылдың 15 қазанында Баку қаласында (Әзербайжан Республикасы) «Шағын және орта бизнесті дамыту» тақырыбына арналған 7-ші саммит басталды. Түркі кеңесі аясында төрт жұмыс тобы жұмыс істейді. Олардың қызметі кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған. 2011 жылы Түркі Кеңесінің Іскерлік кеңесі құрылып, оның 5 отырысы өткізілді. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, инвестициялық статистиканы жақсарту туралы меморандумдарға және ұлттық телеарналар арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Туризм саласында «Қазіргі заманғы Жібек жолы» арнайы бірлескен жобасы іске қосылды. Оған Түркі кеңесіне мүше елдердің мәдени және тарихи қалаларын басып өтетін 14 күндік саяхат енеді.                                                                   

2019 жылдың 17 мамырында Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана экономикалық форумы алаңында ТМЫК мемлекеттері іскерлік орталарының өзара ынтымақтастығын жолға қоюға бағытталған Түркі сауда-өнеркәсіптік палатасын (ТСӨП) құру туралы құжатқа қол қойды. Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) мен Қазақстан өкілдері басқаратын Түркі академиясының белсенді қызметі ықпал етеді. Әзербайжан Президенті И.Әлиевтің бастамасымен 2014 жылы құрылған Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры бірқатар объективті жайларға байланысты белсенді операциялық әрекеттерді бастаған жоқ. ТМЫК аясында Түркі университеттерінің одағы жұмыс істейді. Оның құрамына Қазақстандағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы ЕҰУ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті енеді. Жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға Жастар фестивалін жүйелі түрде өткізу, түркі жастарының лагері мен түркітілдес мемлекеттердің жас дипломаттарына арналған курстарды ұйымдастыру жұмыстары көмектеседі. Қазіргі уақытта Қазақстанның бастамасымен ТМЫК-қа мүше мемлекеттер және барлық түркі ұйымдары түркі ынтымақтастығын реформалау туралы Тұжырымдама жобасы бойынша жұмыс бастаған. Ол Тұжырымдама Бакуде өтіп жатқан ТМЫК саммитінде бекітілуі тиіс.