Макроэкономикалық жағдай тұрақты
Макроэкономикалық жағдай тұрақты
324
оқылды

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен эко­но­микалық мәселелер жөнінде кеңес өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында елдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуының қорытындылары мен жос­парланған меженің орындалуы, қаржы-несиелік сая­сатты жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы, әлеуметтік даму және жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндама жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жалпы ел­дегі макроэкономикалық жағдай тұрақты, Қа­зақстанның әлеуметтік-экономикалық да­му көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көр­­­сетіп тұр. Алайда отандық экономиканы әр­тарап­тандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың та­бысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қолже­тімдігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тап­қан жоқ.

Мемлекет басшысының пікірінше, стратегия­лық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті халықтың өмір сүру деңгейін арт­тырғанда ғана орындалады.

Президент әлемдегі әртүрлі жағдайларды ес­кере отырып, нақты есептелген, елдің макроэ­ко­номикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақ­ты­лы­ғын сақтау жөнінде кешенді шаралар әзірлеуді тап­сырды. Сонымен қатар «Қазақстан – 2050» Стра­тегиясының қазіргі кезеңде іске асуы тиіс мін­деттемелерін орындау қажет екенін айтты.

Президент мемлекеттік шешімдер қабылдағанда са­раптамалық жұмыстарды түбегейлі күшейту ке­рек екенін атап өтті.

Президент шағын және орта бизнес эконо­ми­каны әртараптандыру ісінде тірек күшке ай­налу керек деп санайды. Мемлекет басшысы ин­дустрияландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп есептейді.

– Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға жә­не өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнім­нің экспортын 2022 жылы – 1,5 есеге, 2025 жы­лы 2 есеге арттыруы қажет, – деп тапсырды Пре­зидент.

Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық дамыған ең кемінде 3-5 са­ланы қалыптастыру керек екенін айтты.

– Индустрияландыру барысын жергілікті және шет­елдік сарапшылар жіті бақылап отыр. Бұған дейінгі бағдарламаларға олар байсалды қараған еді. Бізге индустрияландыру идеясының беделіне нұқ­сан келтіруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО аясындағы эко­номикалық интеграция еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Президент ЕАЭО ұйымында біздің елдің мүддесін нығайту мақсатында сарапта­малық жұмыстарды күшейтіп, өнімдерін еуразиялық нарыққа экспорттайтын отандық тауар өндірушілерді қорғау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол инвес­ти­ция тарту ел экономикасын жаң­ғыртудың аса маңызды міндеті болып саналатынын айтты.

– Біз инвестициялық ахуалды үнемі жақсартып келеміз. Бірақ мұндай жағдай инвестиция кө­леміне қаншалықты әсер етіп отыр? Неге айтарлықтай серпін байқалмайды? Шетел инвес­тициясын тартуда тек фискалды ынталандырулар ғана маңызды емес. Ішкі нарық ауқымының тарлығы, тауарды экспортқа шы­ғарудың қиындығы, орталық және жергілікті деңгейлердегі мем­лекеттік органдар іс-әрекет­терін үйлестірудің жеткіліксіздігі жүйелі проблемалар болып сана­лады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бүкіл өңірінде өнімді сөрелерге дейін жеткізудің тетіктерін дамытуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ экономиканың барлық саласында ұлттық тауарларды жеткізу жүйе­сін қалыптастырып, оны дамыту үшін кешенді қадамдар жасауды тапсырды.


– Бізде экспортқа қолдау көр­сететін негізгі 3 оператордың, атап айтқанда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, KazakhExport ұлттық компаниясы және QazTrade компаниясының көп­теген тетіктері бар. Экспортқа қолдау көрсетудің барлық шара­ларын «бірыңғай терезеге» бірік­тірудің қажеттілігі жөнінде айтып жүрміз. Мен Үкіметке шетелге тауар шығарушылар арасында кәсіби сауалнама жүргізіп, проб­лемалық тұстары мен қордаланған мәселені анықтауды, осының негізінде мемлекеттік қолдаудың тетіктерін қалыптастыруды тап­сырдым. Сіздер ұйымдастыру­шылық шешімдер де қабылдайды деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы фискалды саясат жөнінде айта келе, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді біртіндеп азайту қажет деген пікір білдірді. Дегенмен оған аса қа­жеттілік туындаған жағдайда ғана жүгіну керек екенін айтты.

– Үкімет бірінші кезекте рес­публикалық бюджеттің кіріс бөлі­гіне назар аударуы қажет. Ұлттық банк Ұлттық қордағы инвести­циялық табыстың түсімін арттыру мақсатында қаражатты басқару жолдарын қайта қарастыруға міндетті. Активтерді дұрыс басқа­ру Ұлттық қордың көлемін айтар­лықтай арттыра алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент коммерциялық банктердің пайда табу мақсатында қаржыны тұтынушылық несиеге қарай бұрып, бизнесті несиелеу көлемін төмендетіп жібергенін сынға алды.

– Ұлттық банк осы саясатқа шұғыл өзгеріс енгізуі тиіс. Қаржы реттеушісінің мәліметі бойынша, экономиканың әр секторының 50 пайыздан астамы – банктердің мүдделерін көздейтін орнықты әрі қаржылай тәуелсіз кәсіпо­рын­дар. Алайда олар банк несиелерін тартуға құлықсыз. Неге? Мүмкін коммерциялық банктер белгі­лейтін шарттарды ол кәсіпо­рын­дар тартымсыз деп санайтын шығар. Қаржы секторының тұ­рақ­тылығын қамтамасыз ету мен нақты секторды несиелеуді да­мыту туралы таңдаудың алдында тұрған Ұлттық банк тиімді ше­шімдер қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 2030 жылға дейінгі ақша-несие саясаты стратегия­сын жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті коммуникация мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жақсартуға шақырды. Бұл өз кезегінде нарық­қа қатынасушылар мен тұрғын­дардың сенімін арттырып, де­вальвация жайындағы дақпырт­тың алдын алады.

Мемлекет басшысы бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру мәселесін де назардан тыс қал­дыр­ған жоқ.

– Әрбір қазақстандық азамат баспананы сатып немесе арендаға алу перспективасын, оны сатып алу шарттарын анық түсінуі керек. Ол үшін тұрғын үйдің қолже­тім­ділік өлшемдерін анықтап, құры­лыстың өзіндік құнын жүйелі түрде төмендетіп, көппәтерлі және жеке баспананың аражігін ажы­ратып, пәтерді жалға беру на­рығын реттеу қажет,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында, Президент не­гізгі басымдықтар мен қабыл­данған шешімдер өз дәрежесінде іске асса, экономикалық өсімнің қарқыны мен сапасын арттыруға, сонымен қатар халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкін­дік беретінін айтты.