Бюджеттің миллиардтаған қаржысы тасқындап ағатын кей салада жемқорлар өздерін суда жүзген балықтай сезінеді, еркін қимылдап, молынан қарпуға тырысады. Ары таза емес шенеуніктердің мемлекет қалтасына қол салуының, қол салғанда да мол салуының кезекті схемасы Денсаулық сақтау министрлігінде анықталды.
Ведомствоның өзі әшкерелегендей, алаяқтық схема ақысы бюджеттен өтелген тегін дәрілер айналасында құрылған екен. Шамамен сегіз мыңдай сырқат қазақстандық құжаттар бойынша «берілді» деп көрсетілген тегін дәрілерді шынында алмағандарын мәлімдеген.
Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің мәліметінше, кейінгі жылдары медициналық қызметті тек қағаз жүзінде ғана көрсету фактілері мәлім болуда. Бұл ретте өзіне ондай қызмет көрсетілгенінен азаматтар бейхабар.
– Былтыр азаматтарды тегін дәрі-дәрмек алғаны туралы құлағдар ететін SMS-хабарлама жүйесін іске қостық. Осылайша, 100 мыңнан астам SMS жолданды. Соның ішінде сегіз мың адамнан аталған дәрінің қолына тимегені туралы кері хабарлама алдық. Яғни, цифрландыру көмегімен алаяқтық әрекеттер әшкереленді, – дейді вице-министр.
Мәселен, биылғы тамыз айында прокурорлар Қызылорда облысының Арал ауданында қант диабетімен ауыратын бес адамға бөлінген өмірлік маңызды дәрілерін дәрігердің бермей қойғанын анықтады. Диабетиктерге арналған виктоза атты дәрінің бір қорабы 45 мың теңге тұрады. Рас, ол дәрігердің өзі сол дертке шалдыққан көрінеді. Бір сырқатқа бір жылда 18 қорап виктоза қажет. Ендеше, алақол дәрігер өзіне екіжылдық қор жасап алса керек. Жөнсіздікке жол бергендер тәртіптік жазаға тартылған.
Бұл әрине, мұзтаудың ұшы ғана. Әйтпесе, тегін таратылуға тиіс дәрі-дәрмек арасында бір қорабының құны 2 миллион теңге тұратыны да бар.
Әлгіндей сорақылықтарды министрлік электрондық денсаулық паспортын жаппай енгізу арқылы да анықтамақ ниетте. Сонымен қатар ЭДП көмегімен халықтың көрсетілген медициналық қызметтерге қаншалықты қанағаттанғанын талдауды, қазақстандықтардың тіркелген емханасымен не тікелей емдеуші дәрігерімен өзара байланысын жолға қоюды жоспарлауда.
– Цифрландыруға дейін кітапша не дәптер түріндегі амбулаториялық карталар және қағаз жазбалар жүрді. Мұндай жағдайда адамның дербес құпиясы саналатын медициналық мәліметтің сақталуын ешкім де кепілдендіре алмайды. Кез келген еден жуушы немесе ғимарат жұмысшысы ол деректерді ақтарып, адамның немен ауыратыны туралы дәрігер жазбаларымен танысып, тіпті фотоға түсіріп ала алатын. Ал цифрландыру деңгейінде елімізде «алтын стандарт» – қауіпсіздіктің 99,6%-ға сақталуы қамтамасыз етілуде. Біз Денсаулық сақтау министрлігінде Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, ай сайын ақпараттық қауіпсіздікке тексеріс жүргізіп тұрамыз, – деген Олжас Әбішев цифрландыру жүйелері ендірілгелі мемлекет тарапынан медициналық деректердің сыртқа «ағып кетуінің» бірде-бір оқиғасы тіркелмегенін мақтана жеткізді.
Биылғы жазда жүздеген мың сырқаттың медициналық деректері интернетте жария болып қалғаны есте. Бұл туралы «Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы» бірлестігі хабарлады. Дегенмен бұл ақпараттар мемлекеттен емес, Damumed клиникалар желісінің ұялы қосымшасынан ұрланғаны айтылды.
Дәрі-дәрмек мәселесіне оралар болсақ, қазіргі кезде бюджеттен кезекті рет миллиардтар бөлініп, келесі жылы халыққа тегін таратылатын дәрілерді сатып алу жүзеге асырылуда. «СҚ-Фармация» ЖШС-ның дерегінше, бұл мақсатқа алдымен 66,5 миллиард теңге жұмсалады. Осынша қаржыға препараттардың 308 аталымы электронды сатып алу порталындағы тендерлік рәсімдер арқылы алынады. Тендер нәтижелері 6 қарашада шығарылады. Кейін осы жылдың соңында медикаменттер бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына түсуге тиіс.
Айта кетсек, 2018 жыл қорытындысында сатып алынған 915 дәрі-дәрмектің 29 пайызы Қазақстанда жасалыпты. 14%-ы – Германияда, 10%-ы – Францияда, 7%-ы – Ирландияда, 5%-ы – АҚШ-та, 4%-ы – Италияда, 3%-ы Үндістан, Швейцария, Австрия, Данияда өндірілген екен. Биыл бұл тізімнің қалай өзгеретіні тек сатып алу қорытындысы шығарылғаннан кейін белгілі болады.
«СҚ-Фармация» ақпаратына жүгінсек, 2020 жылы ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде қазақстандықтарға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жалпы алғанда, 1 318 атауын тегін беру бекітіліп отыр.
2020 жылға арналған медикаменттердің жалпы тізімінен 596 аталым отандық фармацевтикалық фабрикалардан сатып алынады: олар қазақстандық фармацевтикалық саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында теңдессіз артықшылық-преференцияларға ие болды және олармен мемлекет азаматтарды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету бойынша ұзақмерзімді шарттар жасасқан.
«СҚ-Фармация» өз қоймаларына жыл соңында келіп түсетін дәрілер тек 2020 жылдың қаңтарынан бастап еліміздің әр түкпіріндегі емханалар мен ауруханаларға жөнелтілетінін хабарлады. Демек, дәрі жетпейтініне қатысты даулар қайта бас көтеруі ғажап емес. Бұл тапшылыққа саладағы сұғанақ қол шенділер де сүбелі үлесін қоспаса болғаны.