Банктер қашанғы мемлекетке масыл болмақ?
Банктер қашанғы мемлекетке масыл болмақ?
314
оқылды

Таяу мерзімде еліміздің банк секторын үлкен өзге­ріс­тер күтіп тұр. Жыл со­ңын­­да Ұлт­тық банк екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) ак­тив сапа­сын бағалап, нә­­­тижесін жа­рия­лайтын болады. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тап­­­сырмасына сәйкес, банк секторының активтер са­­­­па­­сын бағалау (Asset­Qua­lity­­­­Review – AQR) жү­ріп жа­­тыр. Тамыздың 1-не бас­­тал­­ған шара елі­міз­дегі банк сек­­торы ак­тив­терінің 87 па­йы­­­­зына ие 14 ірі банк­ке қа­тыс­ты.

AQR – әлемдік банк сек­то­ры­ның қаржылық тұрақтылығына кешенді баға беретін тәжірибе. Осы сынақ арқылы қаржы инс­ти­тутына диагностика жасалып, банктің капиталды қаншалықты қажет ететінін анықтауға, қаржы қоржынының сапасына баға бе­руге, несиелеу тәжірибесіне тал­дау жасауға болады. Сарап­шы­лар сол кезде қазіргі нарықтағы 28 банктің біразы «ойын алаңын» тастап шығатынын айтады.

Әсілі, реттеуші банк осындай сы­нақты 2017 жылдың жазында-ақ, банк секторын кезекті сауық­тыру жұмыстары жүргізіл­ген кезде жасағысы келген. Өйткені соңғы жылдары кейбір банктердің бір сәтте төлем қабілеті төмендеп, басқа жақтан, анығы үкіметтен ақша дәметуі қалыпты үрдіске айналды. Мұндай жағдай 2017 жы­лы DeltaBank, Қазкоммерц­банк пен RBK Bank-те, ал өткен жылы Цеснабанкте болды. Банк­тер­ді қиын жағдайдан құтқару үшін бюджеттен миллиардтап ақша кетті. 2017 жылы бес ЕДБ ба­ла­нсын толықтыру үшін 653 мил­лиард теңге алған. Осылайша мем­лекет банк секторын оңалту үшін өзінің инвестициялық мүм­кін­дігімен қаржылық қолдау көр­се­тіп келеді. Қазақстан жағдайын­да мемлекеттің мұндай қаржысы үшеу – мемлекеттік бюджет, Ұлт­тық банк және Ұлттық қор.

Экономист Жангелді Шым­шықов осыдан оншақты жыл бұрын «Банктер нағыз ерке бала­ның кейпіне айналды» деп сына­ғанда «Неге олай айтты екен?» дегенбіз. Бұл сөздің мәнісіне кейінірек көз жеткіздік. Уақыттың өзі расымен де солай екенін дә­лел­деп берді. Банк секторы мем­лекеттен үнемі қолдау көріп келе­ді. Бірақ оның қайтарымы қашан болатыны белгісіз. Өйт­кені бүгінде банк саласының тек өз басын ғана күйттейтін нағыз «өзім­шілге» айналғанына куә бо­лып отырмыз. Бұлай деуімізге негіз жоқ емес. Коммерциялық банктердің тек несие берумен ғана айналысып, өндіріске бет бұрмауы кейінгі жылдары елдің наразылығын тудыра бастады. «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев cоңғы 10 жылда мемле­кет банктерге 20 миллиард АҚШ долларынан артық тікелей және жанама қолдау көрсеткенін айта­ды. «Мемлекеттік шығындарға сал­мақты зер салсақ, онда банк­тер экономиканың ең қаражатты көп бөлген саласы деген қоры­тын­ды жасауға болады» дейді ол. Егер біз осы ақшаны өндіріске салсақ, өнімді терең өңдеу үшін зауыт-фабрикаларды іске қоссақ, мүмкін анағұрлым көбірек пайда әкелер ме еді? Оны сараптап жат­қан кім бар? Елімізде бұған дейін банктер тұтыну несиесін берумен көбірек айналысып келсе, алдағы уақытта оларды ұзақ­­мерзімді несие беруге дайын­дап, шағын және орта бизнестің дамуына кө­­мектесе алатындай қаржылық жағ­дайын көтеру керектігі айты­лып жүр.

Moody’s Investors Service қар­жы институттары тәуекелін баға­лау тобының вице-президенті – аға сарапшы Владлен Кузнецов «Біз мемлекет банк саласына қолдау көрсетеді деп сенеміз. Өйткені банк секторының жұмы­сы жанданбай экономикада да өсім болмайды. Әсіресе ірі және орта банктерге қолдау көрсетілуі тиіс. Біздің бағалауымызша, отан­­дық банктердің жұмысын жанд­андыру үшін 400-600 мил­лиард теңге керек. AQR мүл­дем басқа сан көрсетуі де мүмкін, өйткені олардың өз есептеу әдісі бар. Әмбебап бағалау жүйесі жоқ» дейді. Демек банктерге қаржы құю алдағы уақытта да жалғасып қалуы әбден мүмкін.


Рахым Ошақбаев cоңғы 10 жылда мемле­кет банктерге 20 миллиард АҚШ долларынан артық тікелей және жанама қолдау көрсеткенін айта­ды. «Мемлекеттік шығындарға сал­мақты зер салсақ, онда банк­тер экономиканың ең қаражатты көп бөлген саласы деген қоры­тын­ды жасауға болады» дейді ол.

Әлдеқашан жеке қожайындар­дың құзырына өтіп кеткен екінші деңгейлі банктердің бетін өндіріс­ке бұру керектігін айтып жүр­гендердің бірі –қаржыгер Ілияс Исаев. Ол мемлекет тара­пы­нан үнемі қолдау көріп отыр­ған жекеменшік банктерге қар­жы­­лай көмектескен кезде олар­дың белгілі бір деңгейде отандық өндірісті көтеруге үлес қосуын міндеттеу керек екенін айтады.

«Тест бақылау жасап жатыр. Өйткені банктердегі проблемалық несиенің нақты үлес салмағын анықтау керек. Осындай тексеру жүргізу үшін заңға өзгерістер енгізілді. Осы заң арқылы Ұлттық банк коммерциялық банктердің есебіне күмән келтіретін болса, тексеру жүргізуге құқылы. Егер банктің проблемалық несиесі ша­ма­дан тыс көп болса, яғни проб­лемалық несиесі 40 пайызға дейін жеткен банкті ұстап тұру­дың ке­регі қанша? Өндіріске еш­қан­дай пайдасы жоқ, ауадан ақша жасап ілдәлдалап күн көріп отырған банктің пайдасынан зияны көп. Мұндай жағдайда Ұлттық банктің де, жекеменшік банктің де өз дәлелі болады. Соны сараптап қарау қажет. Нақты секторға пайдасы болмаса банк не үшін керек? Бұл менің түсінігімде кей­бір құйтұрқы әрекеттер арқы­лы тұрақты жалақы алып отыру­дың әдістері. Егер Ұлттық банк Үкі­метпен бірігіп сол шенеунік­тер­дің ықпалына қарамай Қазақстан экономикасының даму үдерісін жақтап шықса, онда нұр үстіне нұр. Ол үшін Ұлттық банк жеке­мен­шік болуы керек. Амери­ка­ның, Англияның орталық банк­тері жекеменшік қолында. Ал біздің елімізде Ұлттық банк – мем­лекеттің құзырында. Керісін­ше Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Қазақстанның Даму банкінен басқа екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі коммер­ция­лық банктер. Жекеменшік банктің бәрі ықпалды адамдардың қолында. Қарға тамырлы қазақ бір-бірімен байланысып жатыр. Бұл жерде трайбализмнің пара­ғын жауып тастап, мемлекеттің, Ұлттық экономиканың мүддесі үшін әрекет етсе, Ұлттық банктің істі жүргізу қолынан келеді. Әрекет етпесе Үкімет не айтса, соны істейді. Екінші деңгейлі банк­тердің қожайынына Үкімет еш­теңе істе деп міндеттей алмай­ды. Кейде банкті таратып жібер­ген­дегі кететін шығын сол банкті сақтап қалуға кететін шығыннан анағұрлым көп болады. Үкіметтің өзі банкротқа ұшырайды. Сосын амал жоқ, қайта-қайта инвес­ти­ция беріп жатыр. Мәселе – банк­тер­де емес, өндіріске байланысты. Егер өндіріс жақсы жұмыс істеп тұрса, онда банктерге де жақсы болады. Біздің елімізде жалпы ішкі өнімнің 60 пайызы қызмет көрсету саласынан түседі. 40 пайызы ғана тауар. Тауардың ба­сым бөлігі сырттан тасылуда. Өн­дірісті жолға қоя алмай отыр­мыз. Техника, технология иге­ріл­мей жатыр. Осы құрылымдық дағ­­дарыстан шықпайынша өнді­ріс, нақты сектор алға баса алмай­ды. Өйткені банктер өндіріске жұмсалатын ақшаның бәрін жұтып жатыр» дейді Ілияс Исаев.

Проблемалық несиелер үлесі әлі де қомақты. Осы себептен бір кез­дері банктердің тұтыну­шы­ларға несие беруге деген құлшы­ны­сы біраз төмендеген болса, қазіргі таңда жеке тұлғалардың несие алуы қайтадан қарқын ала бастаған. Мемлекеттің қолдауы арқылы проблемалық несиелерді жабуға да біраз мүмкіндік туды. Осыдан кейін де банктер мемле­кет­тен қолдау көруге мүдделі, бірақ бар тапқанымызды банк саласына құя берсек, өндіріс қа­шан дамиды? Біз эконо­ми­ка­ның нақты секторының жұмыс іс­те­уіне көбірек көңіл бөлуге тиіспіз. Бұл әрекеттен бюджетке де пайда, адамдар өндірісте жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жатса, мемле­кет­­ке де тиімді. Сондықтан банк­тер мемлекетке масыл болуды ойламай, өндірісті дамытуға бет бұрғаны жөн.