Таяу мерзімде еліміздің банк секторын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Жыл соңында Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) актив сапасын бағалап, нәтижесін жариялайтын болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, банк секторының активтер сапасын бағалау (AssetQualityReview – AQR) жүріп жатыр. Тамыздың 1-не басталған шара еліміздегі банк секторы активтерінің 87 пайызына ие 14 ірі банкке қатысты.
AQR – әлемдік банк секторының қаржылық тұрақтылығына кешенді баға беретін тәжірибе. Осы сынақ арқылы қаржы институтына диагностика жасалып, банктің капиталды қаншалықты қажет ететінін анықтауға, қаржы қоржынының сапасына баға беруге, несиелеу тәжірибесіне талдау жасауға болады. Сарапшылар сол кезде қазіргі нарықтағы 28 банктің біразы «ойын алаңын» тастап шығатынын айтады.
Әсілі, реттеуші банк осындай сынақты 2017 жылдың жазында-ақ, банк секторын кезекті сауықтыру жұмыстары жүргізілген кезде жасағысы келген. Өйткені соңғы жылдары кейбір банктердің бір сәтте төлем қабілеті төмендеп, басқа жақтан, анығы үкіметтен ақша дәметуі қалыпты үрдіске айналды. Мұндай жағдай 2017 жылы DeltaBank, Қазкоммерцбанк пен RBK Bank-те, ал өткен жылы Цеснабанкте болды. Банктерді қиын жағдайдан құтқару үшін бюджеттен миллиардтап ақша кетті. 2017 жылы бес ЕДБ балансын толықтыру үшін 653 миллиард теңге алған. Осылайша мемлекет банк секторын оңалту үшін өзінің инвестициялық мүмкіндігімен қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан жағдайында мемлекеттің мұндай қаржысы үшеу – мемлекеттік бюджет, Ұлттық банк және Ұлттық қор.
Экономист Жангелді Шымшықов осыдан оншақты жыл бұрын «Банктер нағыз ерке баланың кейпіне айналды» деп сынағанда «Неге олай айтты екен?» дегенбіз. Бұл сөздің мәнісіне кейінірек көз жеткіздік. Уақыттың өзі расымен де солай екенін дәлелдеп берді. Банк секторы мемлекеттен үнемі қолдау көріп келеді. Бірақ оның қайтарымы қашан болатыны белгісіз. Өйткені бүгінде банк саласының тек өз басын ғана күйттейтін нағыз «өзімшілге» айналғанына куә болып отырмыз. Бұлай деуімізге негіз жоқ емес. Коммерциялық банктердің тек несие берумен ғана айналысып, өндіріске бет бұрмауы кейінгі жылдары елдің наразылығын тудыра бастады. «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев cоңғы 10 жылда мемлекет банктерге 20 миллиард АҚШ долларынан артық тікелей және жанама қолдау көрсеткенін айтады. «Мемлекеттік шығындарға салмақты зер салсақ, онда банктер экономиканың ең қаражатты көп бөлген саласы деген қорытынды жасауға болады» дейді ол. Егер біз осы ақшаны өндіріске салсақ, өнімді терең өңдеу үшін зауыт-фабрикаларды іске қоссақ, мүмкін анағұрлым көбірек пайда әкелер ме еді? Оны сараптап жатқан кім бар? Елімізде бұған дейін банктер тұтыну несиесін берумен көбірек айналысып келсе, алдағы уақытта оларды ұзақмерзімді несие беруге дайындап, шағын және орта бизнестің дамуына көмектесе алатындай қаржылық жағдайын көтеру керектігі айтылып жүр.
Moody’s Investors Service қаржы институттары тәуекелін бағалау тобының вице-президенті – аға сарапшы Владлен Кузнецов «Біз мемлекет банк саласына қолдау көрсетеді деп сенеміз. Өйткені банк секторының жұмысы жанданбай экономикада да өсім болмайды. Әсіресе ірі және орта банктерге қолдау көрсетілуі тиіс. Біздің бағалауымызша, отандық банктердің жұмысын жандандыру үшін 400-600 миллиард теңге керек. AQR мүлдем басқа сан көрсетуі де мүмкін, өйткені олардың өз есептеу әдісі бар. Әмбебап бағалау жүйесі жоқ» дейді. Демек банктерге қаржы құю алдағы уақытта да жалғасып қалуы әбден мүмкін.
Рахым Ошақбаев cоңғы 10 жылда мемлекет банктерге 20 миллиард АҚШ долларынан артық тікелей және жанама қолдау көрсеткенін айтады. «Мемлекеттік шығындарға салмақты зер салсақ, онда банктер экономиканың ең қаражатты көп бөлген саласы деген қорытынды жасауға болады» дейді ол.
Әлдеқашан жеке қожайындардың құзырына өтіп кеткен екінші деңгейлі банктердің бетін өндіріске бұру керектігін айтып жүргендердің бірі –қаржыгер Ілияс Исаев. Ол мемлекет тарапынан үнемі қолдау көріп отырған жекеменшік банктерге қаржылай көмектескен кезде олардың белгілі бір деңгейде отандық өндірісті көтеруге үлес қосуын міндеттеу керек екенін айтады.
«Тест бақылау жасап жатыр. Өйткені банктердегі проблемалық несиенің нақты үлес салмағын анықтау керек. Осындай тексеру жүргізу үшін заңға өзгерістер енгізілді. Осы заң арқылы Ұлттық банк коммерциялық банктердің есебіне күмән келтіретін болса, тексеру жүргізуге құқылы. Егер банктің проблемалық несиесі шамадан тыс көп болса, яғни проблемалық несиесі 40 пайызға дейін жеткен банкті ұстап тұрудың керегі қанша? Өндіріске ешқандай пайдасы жоқ, ауадан ақша жасап ілдәлдалап күн көріп отырған банктің пайдасынан зияны көп. Мұндай жағдайда Ұлттық банктің де, жекеменшік банктің де өз дәлелі болады. Соны сараптап қарау қажет. Нақты секторға пайдасы болмаса банк не үшін керек? Бұл менің түсінігімде кейбір құйтұрқы әрекеттер арқылы тұрақты жалақы алып отырудың әдістері. Егер Ұлттық банк Үкіметпен бірігіп сол шенеуніктердің ықпалына қарамай Қазақстан экономикасының даму үдерісін жақтап шықса, онда нұр үстіне нұр. Ол үшін Ұлттық банк жекеменшік болуы керек. Американың, Англияның орталық банктері жекеменшік қолында. Ал біздің елімізде Ұлттық банк – мемлекеттің құзырында. Керісінше Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Қазақстанның Даму банкінен басқа екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі коммерциялық банктер. Жекеменшік банктің бәрі ықпалды адамдардың қолында. Қарға тамырлы қазақ бір-бірімен байланысып жатыр. Бұл жерде трайбализмнің парағын жауып тастап, мемлекеттің, Ұлттық экономиканың мүддесі үшін әрекет етсе, Ұлттық банктің істі жүргізу қолынан келеді. Әрекет етпесе Үкімет не айтса, соны істейді. Екінші деңгейлі банктердің қожайынына Үкімет ештеңе істе деп міндеттей алмайды. Кейде банкті таратып жібергендегі кететін шығын сол банкті сақтап қалуға кететін шығыннан анағұрлым көп болады. Үкіметтің өзі банкротқа ұшырайды. Сосын амал жоқ, қайта-қайта инвестиция беріп жатыр. Мәселе – банктерде емес, өндіріске байланысты. Егер өндіріс жақсы жұмыс істеп тұрса, онда банктерге де жақсы болады. Біздің елімізде жалпы ішкі өнімнің 60 пайызы қызмет көрсету саласынан түседі. 40 пайызы ғана тауар. Тауардың басым бөлігі сырттан тасылуда. Өндірісті жолға қоя алмай отырмыз. Техника, технология игерілмей жатыр. Осы құрылымдық дағдарыстан шықпайынша өндіріс, нақты сектор алға баса алмайды. Өйткені банктер өндіріске жұмсалатын ақшаның бәрін жұтып жатыр» дейді Ілияс Исаев.
Проблемалық несиелер үлесі әлі де қомақты. Осы себептен бір кездері банктердің тұтынушыларға несие беруге деген құлшынысы біраз төмендеген болса, қазіргі таңда жеке тұлғалардың несие алуы қайтадан қарқын ала бастаған. Мемлекеттің қолдауы арқылы проблемалық несиелерді жабуға да біраз мүмкіндік туды. Осыдан кейін де банктер мемлекеттен қолдау көруге мүдделі, бірақ бар тапқанымызды банк саласына құя берсек, өндіріс қашан дамиды? Біз экономиканың нақты секторының жұмыс істеуіне көбірек көңіл бөлуге тиіспіз. Бұл әрекеттен бюджетке де пайда, адамдар өндірісте жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жатса, мемлекетке де тиімді. Сондықтан банктер мемлекетке масыл болуды ойламай, өндірісті дамытуға бет бұрғаны жөн.