Бішкектің болашағы бұлыңғыр
Бішкектің болашағы бұлыңғыр
219
оқылды
Тарихи шолу. Орыс жылна­малары патша әскерінің Оңтүстік Қырғызстанды 3 жылда жаулап алғаны туралы дерек келтіреді. Егер алауыздық болмағанда, мың­жылдық тарихы бар қырғыз халқы оңай берілмейтін еді. ХІХ ғасырда қырғыз жұртын басқарған Алым­құл Асан-бий уулу Орталық Азияға билік еткен Қоқан хан­дарының сый-құрметіне бөленген, «эшик-ага» атанған тұлға болыпты. 1862 жылы Қоқан хандығының тізгінін Сұлтан Сейіт алғанда, Алымқұл жас ханның жақын кеңесшісіне – аталыққа айналады. Осы тұста Ресей Қоқан патшалығына қарсы жойқын жорық бастады. Қоқан армиясына жетекшілік еткен Алым­құл Шымкент түбіне дейін жетіп, патша әскерін талқандаған. 1865 жылы Ташкент түбінде орыс­тарға қарсы жанқиярлықпен со­ғысқан Алымқұл аталық қас дұш­панды кері шегінуге мәжбүр еткен. Осы кезде-ақ патша жан­сыз­дарымен сөз байласқан жа­сауыл­дардың бірі ұлтын сатып, ұрыс үстінде 36 жасар аталықты ар­қасынан атып кетеді. Алымқұл ауыр жарақатынан көз жұмды. Көсемінен айырылған қырғыз жауынгерлері қаша жөнеледі. Орыс әскері Оңтүстік Қырғыз­стан­ды, ізінше Өзбекстанды Ресей империясының құрамына қосты. Кейіндері басқыншыға қарсы бірігіп, одақтасу туралы ұсыныспен қырғыздарға барған қазақ ханы Кенесарының тағдыры не бол­ғанын білесіз. Оқиға қайталанбасын делік. Бірақ Ресей саясаттанушылары қырғыз жеріне әскер кіргізу мәсе­лесін талқылауда. Украина­ның оңтүстік-шығысын тартып алып, «Малороссия» құру жө­ніндегі Мәскеудің жобасын жүзеге асыр­ған Игорь Стрелков Қырғызстанды «қорғау» керегін айтыпты. «Ресей соңғы 6 жылда сыртқы саяси май­данымызда туындаған бірде-бір проблеманы шеше алмады» деп аһ ұрады қаскөй. Әрине, ҰҚШҰ-ға Қазақстан да кіреді, ресми Нұр-Сұлтан бөтен әскердің қырғыз ағайын жерінде тайраңдауына жол бермес, ондай шешімді бұғаттар. Алайда одан да қорқынышты мәселе бар: елден тұ­рақтылықтың кеткенін, күй­зеліс­тің бітер түрі байқалмайтынын ұғын­ған инвесторлар ойрандалған республикадан теріс айналуда. Бұл бейберекетсіздіктің кесірі бүкіл Орталық Азияға тиюі мүмкін. Қыр­ғыз Республикасының эко­номика министрлігі 2020 жыл қорытын­дысында ЖІӨ 10%-ға құлайды деп болжап отыр. «Құм­төр» алтын өндіру кәсіпорны дағ­дарса, құл­дырау одан да терең болады. Елдің бұрынғы премьер-министрі (2018-2020) Мухам­медкалый Абылғазиев көлеңкелі экономи­каның үлесі 43%-ға дейін барады дейді. Биылғы 7 айда Қыр­ғыз елі экспортының жалпы көлемі 1,129 млрд долларды ғана құрады. Экономика құлдырай берсе, ха­лықтың тұрмысы төмен­дейді, оның ар жағында кезекті төңке­­рістің құлағы қылтиюы ға­жап емес. Осы ауанда Сооронбай Жэ­энбеков кеше Бішкекке қайтадан әскер кіргізді. Қырғыз Респуб­ликасы президенті ел астанасында 12 қазан күні сағат 20.00-де тө­тен­ше жағдай жариялап, қалаға қа­рулы күштер құрылымдарын қаптатты. Төтенше жағдай 19 қа­занға дейін жалғасады. Мемлекет басшысы осының алдында да тө­тенше режимге қатысты шешім қабылдаған, алайда ел парламенті 3 күн бойы ол мәселені қарамай қойды. Президент жарлығына сәйкес, қырғыз қарулы күштерінің бас штабына Бішкек аумағына әскери құрылымдарды және әске­ри техниканы енгізіп, блок-бекет­­тер ұйымдастыру жүктелді. Бұл шаһар­да қарулы қақтығыстарға жол бермеу, бейбіт тұрғындарды қорғау үшін қажет көрінеді. Сирия, Ирак, Ливия секілді соғыс ошақтарына тән мұндай көрініс енді шетелдік саяхат­шы­ларды үркітуде. Ендеше қырғыз ЖІӨ-сінің 5,6%-ын бір өзі құрап отырған туризм саласы құрдымға кетеді деп болжауға болады. Сала­дағы табыстың 90%-ға дейін ке­митіні болжанып отыр. Елде лаң басталғанда парла­мент төрағасы Мықтыбек Абдыл­даев отставкаға кетті. Соның кесі­рінен көрші ел парламентаризм дағдарысына ұшырай жаздады. Қырғыз парламенті мемлекеттілік ұстындарын сақтап қалу үшін әзер дегенде депутаттар кворумын жи­най алды: 10 қазандағы кезектен тыс жиында депутаттық корпус оппозициялық саясаткер Садыр Жапаровты елдің жаңа үкімет басшысы етіп тағайындады. Сон­дай-ақ жаңа министрлер кабине­тінің құрамы мен құрылымын жасақтады. Жапаров үкімет құра­мын түбегейлі өзгертпейтінін мә­лімдеді. Кадр жетіспейді. Ра­сын­да, ескі министрлер орнында қалды. Тек вице-премьер міндетін уа­қытша атқарған Еркін Асрандиев әрі қарай қызметін жалғастырудан бас тартты. Сонымен қатар ІІМ басшысы Кашкар Джунушалиев тағынан тайды. Оның орнына өзі отырып алған Алмаз Орозалиев Бішкекте коменданттық сағат енгізді. Сарапшылар С.Жээнбеков те іс басындағы президент болып қалғанымен, билігінің үлкен бө­лі­гінен айырылғанына назар ау­дар­тады. Осыны пайдаланып, бұ­рын­ғы мемлекет басшысы Ал­маз­бек Атамбаев өз ықпалын күшейтуге тырысуда. Бүліктің алғашқы күні жақтастары оны абақтыдан шыға­­рып алған. Көп ұзамай, 10 қазанда ұлттық қауіп­сіздік ор­гандары қай­та құрықтап, қамап тастады. Атам­баевтың жа­засы да ауырлай түспек: оған Біш­­кекте жаппай тәртіп­сіздіктер ұйым­дастырды деген айып тағы­латын болады. Сайлау жөніндегі орталық ко­миссия Жаңа жыл мерекесіне дейін жаңа парламент сайлауы өтетінін жариялады. Оппозиция оған 4 қазандағы сайлауда ең көп дауыс жиған 3 жетекші партияны жібермеуді талап етуде. Сондай шешім қабылданса, өзара алауыз әлсіз партиялар елді қай жарға бастары белгісіз. Қырғыз елінің бо­лашағы бұлдыр. «Мен болашақ анамын, аман­шылық болса, 3 аптадан кейін ұл туамын. Ешбір ана баласын «сая­си мүдделер қақтығысының құр­баны болсын» деп тумайды. Тоқ­таңыз­дар! Түсініңіздер! Лауа­зым мен орынтаққа таластан да маңыз­ды жұмыстар бар! Өмір біреу, сая­саткерлер көп. Елді та­лауға тас­тамаңыздар!» деген кө­шедегі шеру қатысушысы За­рина Мә­кеннің осы үндеуінде терең дана­лық тұн­ғандай. Енді соны ұғынар көш­басшылар бол­сын делік.  

Елдос СЕНБАЙ