Университет қаптаған, қайда маман мақтаған?
Университет қаптаған, қайда маман мақтаған?
373
оқылды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов­тың: «қате диагноз қой­ған дәрі­герлер қатаң жауап­кершілікке тар­тылмауы тиіс» деп кесіп айтқан сөзі есі­мізде.

Бұл сөзі­мен министр ақ халат­тылар­ды ақтап алғысы кел­ген шы­ғар. Дұрыс-ақ делік. Оларды қатаң жауап­­­кершілікке тарту меди­цина сала­сына кері ықпал етуі ықтимал. Се­бебі дәрі­­гер­лерді қателігі үшін сот­­тай беретін бол­са, жас­тар дәрі­гер болу­дан қор­қып, адам емдей­тін маман тапшы болып қалуы мүмкін. Министр­дің қаупі – осы. 

Министр өз әріптестерін осылай ақтап алғысы келді. Дегенмен өз ісі­не салғырт қарап, қателік жібер­се, кешіріммен қарау мүмкін бе? Қа­телеспейтін пенде жоқ. Ал ол қателіктің ар жағында адам тағдыры тұр­ған жоқ па? Кез келген ақ халатты дәрігерлік қызметті таңдағанда «адам тағдырына араша боламын» деп уәде берген жоқ па? Сонда олар өз «антына» өзі жауапты бола алмағаны ма? Дәрігерлер ісінде ең үлкен қателік неде деген сауалға тоқталсақ. Білікті кадр қателік жасамауға тырысады. Диагнозды дәл анықтайды. Науқасты емдеп жазуға бар күшін салады. Ал біліксіз кадр ше? Оларды кім даярлап жатыр?


Медицина саласында эксперимент жасауға болмайды

Сенатор Нұртөре Жүсіп Пре­мьер-министрдің орынбасары Бер­дібек Сапарбаевқа жолдаған сауалында осы мәселені көтерген екен. «Менің депутаттық сауалыма еліміздің медицинаны дамытуға және білікті медициналық кадр­лар­мен жасақтауға қатысты Қа­зақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен кездесулер негіз болып отыр.

Денсаулық сақтаудың Біртұтас жүйесі халыққа көрсетілетін ме­дициналық қызметтің сапасын жақ­сартуға, профилактикалық ша­раларды кеңейтуге, дәрі-дәр­мектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолда­уында «Үшжылдық бюджет аясын­да денсаулық сақтау жүйесін да­мытуға қосымша 2,3 триллион­нан астам теңге бөлінеді» деп мәлім­деді.

Осындай мемлекеттік қол­даудың арқасында қазір медицина саласының материалдық-техни­калық базасы айтарлықтай жақ­сарды. Емдеудің инновациялық технологиясы енгізіліп жатыр. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» және 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының пайдасын халқымыз көріп отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанда 230 мың медицина қызметкері бар, оның ішінде 70 мың дәрігер, 160 мыңнан астам орта медицина персоналы жұмыс істейді.

Әлем өзгерді: жаңа технология тез дамып жатыр, соған сәйкес қо­ғамның да сұраныс талабы ар­тып отыр. Мыңдаған білікті дәрі­гер халқымыздың денсаулығын кірпік қақпай күзетіп тұрғанын да айтуымыз керек» дейді.

Қазір ХХІ ғасыр. Жаһандану заманы. Озық технологиялар дәуі­рі. Адамдар емес, роботтар техни­каны басқаруда. Ал заманауи тех­никаны меңгеруде адам күшінің жетіспей жатуының сыры неде?

Сенатор: «Осы заманғы аппа­ратурасы бар ең жақсы материал­дық-техникалық база дегеніңіз – кәсіби мамандарсыз, адам факто­рынсыз құр әшейін темір ғана бо­лып қалмақ. Іс жүзінде онымен жұмыс істейтін мықты маман та­была бермейді. Күнделікті өмірде науқас адамды емдеуден бұрын диагнозды дәл қою мәселесінің өткір тұрғандығын көріп жүрміз. Диагноз дұрыс қойылмағандықтан оның арты қаншама қайғылы жағдайға душар етуде.

Жыл сайын медицина саласына жоғары оқу орындарын бітірген жүздеген жас маман келеді. Со­лардың көбінің қажетті білімі мен дағдысы, дәрігерлік машығы на­шар. Көбі дербес жұмыс істеуге әзір болмай шығады, операция үстелінде бір сәт тұрып көрмеген, озық техникамен жұмыс істеуді білмейтін тәжірибесіз маманнан не күтуге болады? Тіпті, иненің өзін дұрыс сала алмайтындар кез­деседі. Себепсіз салдар бол­майды» дегенді алға тартады.

Сенатордың қауіп қылатын да жөні бар. Мықты мамандарды даярлайтын арнайы бағдарланған жоғары оқу орындары болуы тиіс. Бізде қазір медицина саласының мамандарын дайындайтын оқу орны өте көп.

«Тиісті салаға маманданбаған жоғары оқу орындарында дәрі­герлерді даярлау ісіне жол беріп отырмыз, – дейді сенатор. – Елдегі бірқатар педагогикалық, жеке­меншік университеттер дәрігер кадрларын оқытуға көшті. Басқа салада эксперимент жасауға бо­латын шығар, бірақ дәл медицина саласында мұндай эксперимент жасауға болмайды. Дәрігерлерді тек қана осы салаға бағдарланған, терең тарихы мен заманауи мүм­кіндігі зор, бұрыннан қалыптасқан университеттерде ғана оқыту қа­жет деп есептеймін. Қазір біз бұрынғы Кеңес кезінде кемел білім алған дәрігерлердің игілігін көріп отырмыз. Олар кеткеннен кейінгі жағдай қалай болады?

Сондықтан профильді емес жоғары оқу орындарының жаны­нан медицина факультеттерін ашудың қандай қажеттігі бар? Мұн­дай факультеттердің клини­калық, қаржылық, ұйымдас­тыру­шылық мүмкіндіктері қанша­лық­ты? «Кадр тапшылығын жоямыз» деп жүріп, біліксіз кадрлар қаптап кетсе, күні ертең кім жауап береді?» деген сауалдарын жолдайды.

 



Қаптаған университет, біліксіз маман

Білікті маманды кім дайын­дайды? Білікті кадр. Барлық жеке­меншік университеттер білімді профессорлар тобын, білікті ға­лымдарды таба бермеуі мүмкін. Белгілі хирург, профессор Жақсы­лық Досқалиев: «Елімізде алты медициналық университет бар. Ақ­төбе, Алматы, Қарағанды, Се­мей, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында. Бұл – білікті маман­дарды дайындайтын бірден-бір оқуы орындары. Медицина уни­верситеті бола тұра, жекеменшік оқу орынында медицина факу­ль­тетін ашудың қажеті жоқ. Өйткені дәрігерді дайындау үшін аудитория жинау маңызды емес. Бірінші, қаражат керек. Ол қаражат түрлі аппаратураларды, лабораторияны жасақтау үшін қажет. Одан бөлек, студенттерге сабақ беретін ма­ман­дар да тапшы. Нағыз білікті про­фессорлар, ғылым докторларынан тәлім алған студенттерден ғана білікті маман шығады. Бізде мықты алты университет болса, сол елімізге жеткілікті. Дәрігер дайындаймыз деп, академия, университеттерді қаптата беруге болмайды. Өйткені оның сапасы ертең сын көтере алмайтын жағ­дайға жетеміз» дейді.

Дәрігердің білімі аз болса, науқасқа дұрыс диагноз қоймаса, оған кінәлі кім? «Бұл тұрғыда әуелі дәрігер дайындауға жауапты адам­дарды жазалау керек», – дейді «Балалар хирургиясының атасы» Камал Ормантаев. Балалар ара­сында жүйке ауруы белең алғанын айтып жүрген де Ормантаев. «Енді бір он жылда балаларға дұрыс диагноз қоя алмайтын дәрігерлер көбейе ме деп алаңдаймын. Қай жастағы балаға қандай өлшеммен дәрі беру керек екенін игеріп үлгермеген шала педиатрлар бала өліміне себепші болуы мүмкін. Қазір көп ата-ана дерті асқынған балаларын шетелде емдетіп жүр. Соның өзінде денсаулығы жақса­рып кететіндері сирек» дегені бар-ды. Камал Ормантаевтың бұл пікірі әлі де құнын жоғалтқан жоқ. Елімізде педиатр мамандардың азайғанын айтып, БАҚ беттерінде талай жазды. Әрі нақты диагноз қоя алмайтын дәрігерлердің де адам емдеп жүргенін, білімсіз дәрігерлер көбейгенін де шырыл­дап жеткізген еді.

Дәрігер мамандығы тапшы. Есесіне, дәрігерлерді дайындайтын оқу орны көп. Онда статистика неге екі түрлі? Кадр тапшылығын жоюдың жалғыз жолы – медицина факультеттерін көбейту ме?

Білім берудің сапасы жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» КЕАҚ басқарма төра­ғасының орынбасары Ерік Бай­жүнісов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Біз әр аймақта және әрбір жоғары оқу орнында медициналық факультеттер ашуды бастадық. Кезінде медицина институттары Пастер, Павлов, Мечников және тағы басқа әйгілі ғалымдардың айналасында құ­рылды. Олардың арасында Нобель сыйлығының лауреаты болды. Яғни, білім мен ғылымның мықты ТЕМПІ болды. Кейін соғыс және репрессия кезінде Орталық Азия елдерінде, Қазақстан мен Сібірге жер аударылған ғалымдармен байланысты болды. Сол себепті де ондағы білім деңгейі ең жоғары деп саналды. Қазір ше? Батыста студенттер 16 жыл оқиды. Жылына 200 мың доллар табады. Бізде мамандар институт бітіреді, сосын қайда барады? Негізінен фарма­цевтикалық бизнесте, жеке ұйым­дарда қызмет атқарады. Неге? Кім «бір тиын» үшін жұмыс істегісі келеді? Бұл дұрыс та шығар. Алай­да тек ақшаны ойлайтын адамнан жақсы дәрігер шыға ма? Оған ұнай ма, жоқ па, бірақ біздің мықты­лығымыз шеберлігімізге байла­нысты. Дәрігердің де лайықты жалақысы болар деген үміттемін. Бізге қаншама мекеме ұстап, сонша дәрігер даярлау керек пе? Санның орнына сапаны таңдайтын уақыт жетті. Оларды қанша жыл оқытатынымыз маңызды емес. Әрі кім және кімді оқытатынымыз да басты мәселе емес. Дәрігерлік кә­сіп адамның жүрек қалауымен орындалатын мамандық. Яғни, адамның сенімі маңызды. Жақсы дәрігер болуы үшін жақсы адам болуы тиіс. Сондықтан біз жақсы адамдарды, яғни зиялы, білімді, парасатты әрі өз кәсібін сүйетін жандарды тәрбиелеуіміз керек. Сол себепті де тарихи атауы бар университеттер ғана қалып, қал­ғанын жапқан дұрыс. Бұл – менің жеке пікірім» деп жазады. Бай­жүнісовтің пікірі орынды.


P.S. 

Бізге білікті кадр, білім­ді маман керек. Ал бір дәрігердің қателігі – бүкіл Қазақстан медицинасының атына кір келтіруі мүмкін. Сол себепті де адам тағдырын сеніп тапсыратын жандардың парасатымен қатар, дәрігерлік сауаты да жоғары болғаны маңызды. Сондықтан адам өмірінің арашасысы, денсаулық ісінің дәнекері саналатын кәсіби білікті дәрігерлерді тек қана арнайы бағдарлан­ған жоғары оқу орындарын­да оқыту қажет деп білеміз. «Маман тапшы» деген желеудің жетегінде кетіп, топырлатып диплом берудің қажеті жоқ. Қаражатты Қазақстандағы алты бірдей медицина университетінің клиникалық, қаржылық, ұйымдастыру­шылық мүмкіндіктерін дамытуға жұмсаған жағдай­да ғана ұлтымыз ұтысқа шығады.