Аналар да, балалар да риза
Аналар да, балалар да риза
436
оқылды

Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы фракцияның мүшесі Ерболат Қасымов «Бақыт­ты отбасы» партиялық жобасы шеңберінде бірнеше аз қам­тылған отбасын қамқорлығына алған. Сондай-ақ Ер­болат Болатұлы өз қаражаты есебінен 24 миллион тең­­геге №126 мамандандырылған лицейде мини-футбол мен баскетболға арналған жаңа спорт кешенін салып берді.

Тамыз айында мектеп жа­сындағы балаларды сабаққа дайындау жұмыстары қызу қолға алынады. Ата-анасы жұмыс істейтін балаларды мектепке дайындау онша қиын шаруа болмас, ал аз қамтылған отба­сы­лар үшін бұл – кәдімгідей қал­таға салмақ түсіретін әрекет. Депутат Е.Қасымов көпбалалы әрі аз қамтылған отбасылардың 40 ба­ласын жаңа оқу жылында мектеп­ке қажет киім-кешекпен, сөмке мен кеңсе құрал-жабдық­тарымен қамтамасыз етіп берді. Осы қажеттіліктер үшін 1 мил­лион 500 мың теңге жұмсалды. Тоғжан Советханова – сондай көмек алғандардың бірі. «Төрт балам бар. Біреуі мектепке ба­рады. Қал­ғандары үйде, өзім тәр­биелеп отырмын. Үшінші балам мүгедек. Ол бір жылдан бері ауруханада жатыр, әкеміз соның жанында. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Мүгедек баланы бағып отырға­нымыз үшін және атаулы әлеумет­тік көмек алып келеміз. Қазірге тір­шілік көзі сол болып тұр. Екі ай бұрын Instagram желісі ар­қылы депутат Ерболат Қасы­мовқа кө­мек сұрап жазғанбыз. Көмек­ші­лері үйге келіп, жағда­йымызбен танысты. Құрбан айтта мал со­йып, жағдайы төмен отбасыларға таратты. Біраздан бері төленбей келе жатқан ком­муналдық төлем­ді төлеуге кө­мектесті. Азық-түлік сертифи­катын берді. Мектепке баратын баламды формамен, кеңсе тауар­ларымен қамтамасыз етті» дейді көпбалалы ана.  

Алматы қаласы Әуезов ауда­нының тұрғыны Айгүл Нобаева да – осындай көмек алған көп­балалы аналардың қатарында. Оның алты баласы бар. Үлкен қызы – студент, қалғаны – мек­теп жасында. Жалғызбасты, көп­балалы ана. «Бақытты отба­сы» бағдарламасы бойынша биыл пәтер алды. Осыған дейін пәтер жалдап келген. Ерболат Қасымов қыркүйек айының ал­дында «Мек­тепке жол» бағ­дар­ламасы бойын­ша балаларға мектеп формасын, сөмкесін, кеңсе құрал-жабдық­тарын алып берді. Үлкен қызы Ай­да­наны са­бақтан бос уақы­тын­да айна­лысатын жұмысқа орна­лас­тыр­ды. Айгүл Нобаева Nur Otan партиясының қабыл­дауында болып, депутатқа жағдайын айт­қан. Екі айдың ішінде осындай бірнеше рет көмек қолын созды. Азық-түлік сертификатын берді. Айтар алғысы шексіз.

Осындай көмек алған Гүл­бахар Халмұратова да өз ойын білдірді.

«Жеті балам бар. Үшеуі – студент, біреуі – мектепке, тағы біреуі бала бақшаға барады. Де­путат Ерболат Қасымов ең бірінші рет 8 наурыз қыз-ке­ліншектер мерекесінде құттық­тап келді. Балаларды мектепке қажет құрал-жабдықпен, киім-кешекпен қам­тамасыз етті. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Отағасы жоқ. Ауруханада сы­лақшы болып жұмыс істеймін. 136 мың теңге аламын. Атаулы әлеуметтік көмек алуға ілікпедім. Жалақыңыз асып кетеді деді. «Ал­тын алқа» иегері ретінде жәр­дема­қы аламын. Nur Otan партия­сы­на рақмет. Қаншама жанға кө­мек қолын созып жатыр» деді ол.

Бұл Nur Otan партиясы тара­пынан көмек алғандардың бір­нешеуі ғана. Әлі де осындай көмекке мұқтаж қанша жандар бар. Сондықтан айналамыздағы жандардың ахуалына бейжай қарамай, мүмкіндігінше қол ұшын бергенге не жетсін!