Түркістан облысына іссапармен келген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Арыс және Түркістан қалаларындағы құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен қор қаржыландыруымен күрделі жөндеуден өткен «Ақнұр» балабақшасында болып, балғындармен тілдесті. 65 жыл бұрын кірпіші қаланған ғимарат апат кезінде зардап шеккен. Бұдан кейін батырлар аллеясын жаяу аралап өтіп, Арыс қаласының ақсақалдарымен кездесті. Жергілікті қариялар ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
«Құрылыс сапасын тұтынушы білер. Бастысы – халық ризашылығы. Осының бәрі тірліктің көзін тауып, басқарып отырған басшыларыңыздың арқасында», – деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Арыс ақсақалдарымен кездесу кезінде.
Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев пен Ахметжан Есімов толықтай жаңартылған теміржол вокзалында болып, күрделі жөндеуін тексерді. Арыстықтар аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасын 1 200 орынды жаңа стадионда өтетін доп додасында қарсы алды. Өмірзақ Шөкеев пен Ахметжан Есімов жас спортшылармен бірге футбол алаңында доп теуіп, ойынды ашып берді.
Айта кету керек, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қаладағы 68 нысанды қалпына келтіруге қол ұшын созып, 53 білім беру нысаны, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт, 3 қоғамдық орын нысанын толық жөндеуден өткізді. 16 мектеп жаңа жиһазбен қамтамасыз етілді. Бүгінде 64 нысан ел игілігіне берілді. Тағы 4 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Түркістан қаласындағы 7 әлеуметтік жоба да қор қолдауында. Олардың құрылысымен танысқан «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы, Оқушылар сарайы, 7 000 орынды стадион, Конгресс орталығы, Қ.Ясауи мұражайы мен амфитеатрда болды.
Ахметжан Есімов пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оған Түркістан облысын газдандыру, энергетика кешені мен электронды сауда мен пошта желісін дамыту, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, Smart City дамыту және облыста әлеуметтік нысандарды салу сияқты 9 бағыт кіреді. Жоба ақылды қала (Smart City) Арыс және Түркістан қалаларын сервистік үлгі бойынша дамытуға арналған. Осы бағдарлама аясында қор Түркістан облысындағы 97 мектеп пен ауруханаға дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін және радиожелілерді салуды және Арыс қаласындағы 12 мектепте, 2 ауруханада, 2 балабақшада 400 бейнебақылау камераларын және 50 WiFi нүктесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, өңірдегі энергетикалық кешеннің даму тақырыбы сөз болды. Жақын уақытта қуаты 220кВ жаңа қосалқы стансаның құрылысы жүзеге аспақ, оған кернеуі 110 кВ жергілікті тарату электр желісі қосылатын болады.
«Бұл дайындалған меморандум алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.
Меморандумның басым бөлігі сатып алу мәселесіне, атап айтқанда импорт алмастыру және жергілікті қамтуды дамытуға арналды. Қор ұзақмерзімді келісімшарт жасасу арқылы Түркістан облысында жаңа өндірістерді құруды көздейтін жобаларға қолдау көрсетеді.
Түркістан облысы