Ежелден руханияттың ордасы атанған Түркістанда 18 қазан – Рухани келісім күніне орай мерекелік шара өтті. Атап айтқанда, 6 қанатты киіз үйде облыстағы 6 діни конфессия басшылары жиналды. Шарада ел бірлігі мен тыныштығы, жұртымыздың амандығы ең маңызды мәселе екені айтылды.
Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында бой көтерген киіз үйде облыстағы діни конфессия басшылары бас қосты.
Киіз үйдің уықтарын қадауға конфессия өкілдері де атсалысқанын айта кеткен жөн. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ашып, жүргізіп отырды. Ол діни конфессия жетекшілерімен танысып, дін саласы бойынша пікір алмасты. Ел бірлігі мен дінаралық қарым-қатынасты нығайту мәселелерін талқылады.
Айта кету керек, ел бірлігін насихаттаған жүздесуді Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырды.
«Қазақ халқы әрдайым бейбітшілікті, татулықты жоғары бағалаған. Өзгелерден көмегін аямаған. Адалдықты, мейірімді жоғары қойған. Осы игі қасиет қазір де ұлтымыздың бойынан өшкен жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бейбітшілік пен достықты нығайтудың жарасымды үлгісі қаланды. Қазақстанда әлемдік діндер көшбасшылары съездерінің тұрақты өтуі – соның айғағы. Түркістан облысында да түрлі конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Кезінде Орта Азияның діни әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласы елді бірлікке шақыратын миссиясын жалғастыра береді», – деді Сәкен Қалқаманов.
Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ақтамберді Мұсабек, «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Виталий Смольянов және басқа да дін өкілдері сөз сөйледі.
Арнайы киіз үйде қазақтың ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрі насихатталып қана қоймай, өңірдегі этнос өкілдерінің де дәмді тағамдары жұртшылыққа ұсынылды. Қабылдау соңында діни конфессия жетекшілеріне мерекеге орай алғысхат мен сыйлық тапсырылды.
Еске сала кетейік, 1992 жылғы 18 қазан күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар 18 қазанды – Рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады.
Содан бері жыл сайын біздің елімізде 18 қазан – «Рухани келісім күні» ретінде мемлекеттік деңгейде аталып келеді.
Түркістан облысы