Алматыда «Қазіргі кезеңдегі архив ісі: мәселелер, тәжірибелер, инновациялар» тақырыбында II халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынды Президент архиві директоры Жәмилә Әбдіқадырова баяндама жасап ашып, көпшілікке мұрағат жұмысын таныстырды.
Қазақстан Президентінің 1994 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Жаңа тарих Орталық мемлекеттік архивінің негізі қаланған болатын. Осылайша, биыл Президент архиві 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мұнда Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырдағы саяси тарихының құжаттары сақталуда. Осы жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша, архив қоры 810 мыңнан астам сақтау бірлігін құрап отыр.
Архив Қазақстан Президентінің, оның әкімшілігінің және Мемлекет басшысына тікелей бағынысты басқа да мемлекеттік органдардың қызметтерін архивтік қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындайды. Ел Президентіне тікелей бағынысты мемлекеттік органдардың, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымына енетін ұлттық мәдени орталықтың құжаттарын жинақтайды.
Бұл – IT технологияларды қолдану саласындағы отандық жетекші архив мекемелерінің бірі. Архивте 80 мыңға жуық істердің цифрлы форматқа өткізілген архив құжаттары еліміздегі пайдалану қорының ең көлемдісі болып табылатын бөліктен тұратын Электронды архив қызмет етеді. Қор жыл сайын цифрлы форматқа көшірілген 25 мың сақтау бірлігімен толықтырылып отырады.
Осы уақыт аралығында архивтің оқырман залында отандық және шетелдік 7 мыңнан астам ғалым-зерттеушілер іздестіру жұмыстарымен айналысты. Аталған жылдар көлемінде 150-ден астам әдістемелік құралдар, жадынамалар дайындалды. Ведомстволық архив және іс жүргізу қызметінің қызметкерлеріне арналған 170 семинар-кеңес, іскерлік ойындар, шеберлік сабақтары және кәсіби тренингтердің басқа да түрлері өткізілді.
Мерейтойлық шара аясында Президент архиві қызметкерлері көптеген ресми органдардан құттықтау алды. Президент кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов құттықтауында «Мұндай маңызды мерейтой өз кәсібіне адал берілгендік пен іске жауапкершілікпен қарауды айқын көрсететін қызметкерлердің көптеген ұрпағының адал, ізденімпаз еңбегін атап өтудің жарқын көрінісі. Сала мамандарына алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуде табыстар тілеймін» дей келе «Технологияның қарыштап дамуы және ақпараттың молаюы дәуірінде сіздердің уақыт талабына сай қадам жасап келе жатқандарыңыз қуантады. Жұмыстың қазіргі заманғы әдістерін кеңінен пайдаланып, архив материалдарының қолжетімділігін ұлғайтып, жаңа қызықты жобаларды жүзеге асырып жатсыздар» деп лебіз білдірген екен.
– Бүгін Президент мұрағатында өте керемет конференция өтіп жатыр. Конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұрағатта 800 мыңнан астам құжат болса, олар ақырындап ғылыми айналымға еніп, тарихты жаңа тұрпатта жазуға өз көмегін тигізіп жатыр. Біздің білуімізше, соңғы жылдардың өзінде 40 мыңдай құжат құпиясызданды. Бұл тарихшыларымыздың тарихты нақты, шынайы жазуға өз көмегін тигізуде. Мысалы, біз ашаршылық деген сөзден қорқамыз. Украинада ашаршылықтан қырылған 4 миллиондай адамның аты анықталып, ол қай жерде және қандай жағдайда қайтыс болғанын, оның айы, күніне дейін анықтап, әр облыстың қара кітаптарын шығарған. Әйтпесе, ашаршылықта біз де Украинамен сан жағынан бірдей қырылдық. Осы бағытта Президент мұрағатының еңбегі зор. Мұрағат ашаршылықта қырылғандардың атын анықтап, солардың базасын дайындап жатыр, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры Зиябек Қабылдинов.
Айта кету керек, тарихи мұраны насихаттау мақсатында архив «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық маңызды іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Іс-шаралардың басым бөлігі отандық және шетелдік архивтермен, мәдениет ұйымдары, оқу орындары және тағы басқа мекемелермен бірлескен түрде ұйымдастырылады.
«Қазіргі кезеңдегі архив ісі: мәселелер, тәжірибелер, инновациялар» тақырыбындағы II халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Польша, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінің архив ісіндегі жетекші сарапшылар мен тәжірибелі мамандар қатысуда.
Конференцияда әлемдік архив ғылымының жетістіктері және экономика мен қоғамның жеделдетілген технологиялық жаңғыруының тәжірибелерін, тиімді ақпараттық іздеуді ұйымдастыру, ақпараттық ресурстарды іріктеу, сканерлеу, каталогтау, архивтік мәліметтер базасына қолжетімділік және тағы да басқа өзекті мәселелерді қарастыру, сонымен қатар архив ісінің жағдайы мен даму келешегін талқылау ұсынылып отыр.