Мемлекеттік мекеме 1 велосипедті 387 281 теңгеге сатып алуды жоспарлаған
Мемлекеттік мекеме 1 велосипедті 387 281 теңгеге сатып алуды жоспарлаған
5,246
оқылды
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1 велосипедті 387 281 теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті хабарлады. Аталған депрартамент бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылау шеңберінде «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізген. Сол кезде «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің велосипедтерді жалпы сомасы 1 936 407 теңгеге немесе бір данасыүшін 387 281 теңгеге сатып алуды жоспарлағанын анықтаған. Ал велосипедтердің нарықтағы орташа бағасы 107 000 теңгені құрайды. Департамент қызметкерлерінің ұсынысынан кейін ұйым мемлекеттік сатып алу бағасын төмендетті. Тауарды сатып алуға жоспарланған шығын шамамен 972 120 теңгеге үнемделді. Мониторингтің арқасында мекеме үнемделген бюджет қаражатына қосымша велосипедтер сатып алуды жоспарлап отыр. Ал Степногорск қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жанындағы «Степногорск-водоканал» кәсіпорны сумен жабдықтау үшін полиэтилен құбырының құнын төмендету жолымен 5 502 336 теңге үнемдеді. Оны сатып алу бастапқыда жалпы сомасы 28 800 000 теңгеден немесе бір данасы үшін 30 000 теңгеден жоспарланған болатын. Мемлекет басшысы өз Жолдауында реттелетін сатып алулар барынша ашық және тек Сатып алудың бірыңғай терезесі арқылы жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтті. Осы тапсырма шеңберінде Департамент сатып алуды жоспарлау сатысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайтын және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беретін осы жүйе арқылы мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізеді. Бүгінге дейін енгізілген ұсыныстардан кейін жоспарланған сатып алулардың жоғары бағаларын төмендету арқылы 225 миллионға жуық теңге үнемделген.

Тұмар МЫРЗА