Түркістанда "Ұлағатты ұрпақ" жобасының алғашқы кездесуі өтті
Түркістанда "Ұлағатты ұрпақ" жобасының алғашқы кездесуі өтті
290
оқылды

Дені сау және саналы ұрпақ жетілдіру, жастарға жақсы тәрбие беріп, оларды патриоттыққа баулу әрбір мемлекет үшін ең басты мәселе. Осы бағытта Түркістан облысында бірқатар жобалар жүзеге асырыла бастады. Солардың бірі, «Ұлағатты ұрпақ» жобасы қолға алынды. Жобаның ең ағашқы қонағы болған республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараевпен кездесу барысында түркістандық жастар ашық диалог негізінде көкейлеріндегі сауалдарын қойып, пікір алмасты.

Түркістан облысына іссапармен келген республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев облыстық жастар ресурстық орталығында «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясында бір топ жастармен кездесуі өтті.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған кездесуде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың журналистика бөлімінің студенттері мен түркістандық жастар спикерге сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Басқосуда еліміздегі журналистиканың бүгінгі ахуалына қатысты мәселелер айтылды және жастар тәрбиесі төңірегінде де әңгіме өрбіді.

Естеріңізге сала кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, саяси сананы жаңғырту, қоғамдық диалог орнату мәселелері қозғалды. Сол себепті Мемлекет басшысының биылғы жылды Жастар жылы деп жаиялауы да тектен тек емес.Осыған орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде диалогтық алаңдар ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Жаңа жоба осы тапсырманы орындау бағытында қолға алынып отыр.


Кездесуде Нұрмұхамед Байғараев Түркістан қаласындағы қарқынды құрылыс пен маңызды өзгерістер тұрғындардың санасына оң әсер ететінін айтып, кезінде елордамыздың Алматы қаласынан Сарыарқаның төріне қалай көшірілгеніне де тоқталып өтті.

«Кезінде елордамызда құрылыс қарқынды жүргенін білеміз. Бүгін Түркістандағы жұмыстарды көріп, елорданың сол бір кезеңімен ұқсастықты аңғарғандай болдым. Әрине, Түркістанның тарихи маңызы ерекше. Дегенмен, бірнеше жыл бұрын орталықтан алыс, аймақтық қалалардың бірі еді. Ал қазір облыс орталығы ретінде дами бастады. Республиканың назары сіздерге ауып тұр.  Енді осы шаһардағы тұрғындардың менталитеті, ойлау жүйесі өзгереді. Ол бірден байқалмауы мүмкін, бірақ, ел өзгерісті сезінеді. Бұл ретте өздеріңіздей жастарға сенім артылады. Сіздер университеттегі біліммен шектеліп қалмай, қосымша ізденіп, білімді тереңдету арқылы ғана  биік шыңды бағындыра аласыздар», – деген ол жаңа медианың дамуы, газетті оқылымды ету, шетел мен Қазақстандағы БАҚ саласындағы үрдістер туралы ой қозғады. Қоғамға экономика, қаржы саласы, заң және саясат тақырыптарында сараптамалық мақалалар қажет екенін айтты. Еркін сұхбат әрі пікір алмасу форматында өткен кездесуде түркістандық журналистер мен жалынды жастар белсенділік таныта білді.

Алдағы уақытта «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясындағы кездесулер облыстың аудан, қалаларындағы білім ұяларында тұрақты түрде өтіп тұрады. Жобаға қоғам қайраткерлері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, өнер және спорт саңлақтары, өнертапқыштар мен кәсіпкерлер, ақын-жазушылар, тарихшылар мен мәдениеттанушылар, атқарушы билік пен құқық қорғау саласының өкілдері жоғары сынып оқушыларымен және студенттермен кездесу өткізеді.  Олар өз саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың талап-тілектерін тыңдайды деп жоспарланған.