Пікір
Пікір
285
оқылды
Ең негізгі мәселе – Nur Оtаn партиясы­ның Парла­мент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фрак­циясы мемлекеттік орган­дарда қоғамның, халықтың мүдде­лерін қарастыруда өзінің жұ­мысын жоғары деңгейде жүргізіп отыруы қажет
 
Рау.JPG
Альберт РАУ, Мәжіліс депутаты,  Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі:

Бәрі өзгеріп жатыр

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лығымен Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері, басшылары бас қосты. Осы Мәжіліс партияның қайта түлеу кезеңіне жаңаша күш беретіні сөзсіз. Бас­талып жатқан жүйелі өзгерістер көбі күткендей ғарыштық сипатқа ие болмады. Елбасы да мұны атап өтті. Біз нақты жүйе бойынша бұрыннан бері бірқа­лыпты түрде алға жылжып келеміз. Фракция және Үкімет мүшеле­рі алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Үкімет жүзеге асырып отырған бағдарла­маларға, партия платформасына тоқталды. Негізі Үкімет партия құрады, сосын бағдарламалар бюджетте жүзеге асырылады.

Мәжілісте партия Төра­ғасының Бірінші орынб­а­сары Бауыржан Байбек ай­тып өткендей, қазір бәрі тез өзгеріп жатыр. Көптеген Еуропа елдерінде центристік немесе консервативті партия жоқ. Адамдардың талғамы да өзгерген. Мысалы, бұрын адамдар түгел отбасымен, үрім-бұтағымен бір партияға дауыс беретін.

Ал қазір бәрі өзгеріп жатыр. Саясаттың мәні де осында: барлық ішкі және сыртқы өзгерістерді сезіну және оған жауап қайтару. Сондықтан қазір маңызды қайта түлеу кезеңі орын алып жатыр. Бәрі оңынан болады деген сенімдеміз.

Саиров.JPG
Ерлан САИРОВ, cаясаттанушы:

Жұмыс форматын жаңалау керек

– Ең негізгі мәселе – Nur Оtаn партиясы­ның Парла­мент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фрак­циясы мемлекеттік орган­дарда қоғамның, халықтың мүдде­лерін қарастыруда өзінің жұ­мысын жоғары деңгейде жүргізіп отыруы қажет. Депутаттарды тек қана заң шы­ға­рушы емес, халықтың мүддесін қор­ғайтын, халықтың ойын билікке жеткізіп отыратын бел­гілі бір буын деп қарастырғанымыз жөн. Аудан­дық, об­лыс­тық жерлер­де Nur Otan партиясының депутат­та­ры халықпен тығыз жұмыс істей отырып, жергілікті жер­лердегі әлеуметтік, рухани мәселелерді шешуде өзі­нің рөлін арттыруы керек. Бұл – бүгінгі заман талабы.

Мәжіліс жұмыс форматын өзгерту өте маңызды. Яғни, әлеуметтік сала, білім саласы, мәдениет сала­сымен бірге экономикалық процестердің барлығына депутаттар әрбір министрлікпен жұмыс істей оты­рып, сол жердегі бюджеттің бөлінуін немесе басқа бір бағыттарға жіберілуін жіті қадағалап, оған ба­қы­лау жасауды қолға алса дейміз. Бұл жұмыстар сөз­сіз депутаттардың халық арасын­дағы беделін өсіреді.

Алда келе жатқан электоралдық цикл аясында Nur Otan партиясының атқаратын жұмысының әдістері мен тәсілдерін жетілдіріп, тетіктерін арттырудың нақты бағыт­тары керек. Мәселен, Nur Otan партиясы халықтың әлеуметтік-рухани ең негізгі қа­жет­тіліктерін өтеудің белгілі бір алгоритмін жасаса. Қорыта айтқанда, осындай жина­лыстар халықтың мүддесін шешудің және алгоритмін жасаудың негізі бола алады.

Бейсембаев.JPG
Серік  БЕЙСЕМБАЕВ, әлеуметтанушы:

 

 

Тиімді жұмыс – нәтиже кепілі

– Жиында Nur Otan партиясы фракциясының беделін арттыру мәселесі сөз болды. Оған қатысты бірқатар сыни пікірлер айтылды. Оның ішіндегі маңыздысы – депутаттардың қоғамдық мәселелерді көтеруде белсенді болмауы. Яғни, қандай да бір даулы мәселелер туындап жатқан кезде фракцияның депутаттары бұл қоғамдық дискуссиядан тысқары қалып отырады. Ал негізінде халық Nur Otan партия­сының, депутаттардың мейлінше мәселені талқылауға атсалысуын, өзінің позициясын білдіруін және партия ретінде қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосуын күтеді. Өкінішке қарай, бұл бағытта аса бір белсенділік көріп отырған жоқпыз. Соған қатысты сын айтылды.

Екінші айтылған мәселе – депутаттардың, Үкімет мүшелерінің, оның ішінде министрлердің жұмысын бақылауды күшейту мәселесі. 2017 жылғы Консти­туциялық реформаға сәйкес, Парламент депутат­тарының құзыреті кеңейтілген бола­тын. Яғни, бұ­рынғыдай осы реформаға сәйкес депутаттар министр­ден есеп алуға және қажет болған жағдайда оларды орнынан алу туралы ұсыныс жасауға құзыреті бар. Бірақ бұған қатысты да осы уақытқа дейін Пар­ламент депутаттары өздерін таныта алған жоқ. Осыған байла­нысты жұмыс­тарды жүргізу қажеттілігі жөнінде Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Н.На­зарбаев ұсыныстарын айтып, бірқатар тапсырма берді.

Алда болатын Парламент сайлауына қатысты партияның осы бағыттарда жұмыс істейтіні анық. Қаншалықты тиімді жұмыс істей алады, оң нәтиже­лерге қол жеткізе алады. Оны уақыт көрсетеді. Алдағы уақытта менің ойымша, Парламенттегі Nur Otan партиясының депутаттарының жұмысына жаңа леп келетін сияқты. Яғни, депутаттардың қоғамдық белсенділігін арттыру, қоғамдық мәселелерді шешуге қатыстыру мақсатында бірнеше сұрақтар әлі де туындайды. Соған қатысты бірнеше маңызды қадамдар орын алуы мүмкін.