ISKER ANA курсына қатысқан 30 анаға Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы басшылығының қатысуымен арнайы сертификаттар және сыйлықтар табысталды. Курсқа қатысып, сертификатқа ие болғандар тігін машиналары мен бет әрлеу қорапшаларына қол жеткізді.
– Елбасының бастамасымен іске асып жатқан «Бақытты отбасы» жобасы аясында Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы жанынан «Бақытты отбасы» қоры құрылды. Әрбір ауданда «Бақытты отбасы» орталықтары ашылды. Соның арқасында 5 000-дай ана әртүрлі көмек алды. «Іскер ана» жобасын іске асыруда Jas Otan Жастар қанаты да шеттеп қалған жоқ. Слямхан Мұқатайұлы қолдап, демеушілік жасады. Осы жоба аясында іс тігуді, бет әрлеуді үйреніп алдыңыздар. Сіздерге алдағы уақытта табыс тілейміз, – деді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.
Игі бастамаға қолдау көрсетіп, демеуші болған Nur Otan партиясының Медеу аудандық филиалының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бойынша қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Слямхан Сағымбеков.
– Бұл менің қоғамдық жұмысым. Медеу аудандық саяси кеңесінің мүшесімін. Nur Otan – халықтық партия. Партия мұқтаж жандарға үнемі қолдау білдіріп келеді. Әйелдер материалдық жағынан тәуелсіз болуы керек. Олар отбасында ғана емес, қоғамда өздерінің керек екенін сезінуі тиіс. Осы курсқа қатысып, сертификат алып, сыйлыққа ие болған келіншектер алдағы уақытта өз ісін ашуы мүмкін. Өздерін жігерлендіріп, қоғамға пайдалы іспен айналыса алады. Қазақта «Қыздың жолы жіңішке» деген сөз бар. Сол үшін біз қыз-келіншектерімізді үнемі қолдап, көмек беріп отыруға тиіспіз. Nur Otan партиясымен бірге қыздарға қолымыздан келген көмекті беріп жатырмыз. Бүгін сертификатқа ие болғандардың көбі – 3-5 баласы бар көпбалалы аналар. Олардың жаңа өнер, кәсіп үйренгені өздеріне де, қоғамға да жақсы. Алдағы уақытта олардың арасынан өз ісін дөңгелетіп әкеткендер де шығуы әбден мүмкін. «Іскер ана» жобасы бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта да жалғасын тауып, көмегімізді көрсетсек дейміз, – деген тілегін білдірді.
Арнайы курс бітіріп, сертификатқа ие болған аналар да тілегін айтты. Олардың арасында тігін машинасын алсам деп біраздан бері ақша жинап жүрген, сол арманына қол жеткізіп отырғанын қуанышпен жеткізгендер болды.
Әмина Сарова – «Іскер ана» әмбебап курсына қатысқандардың бірі. «Мен макияж жасау курсына қатыстым. Осы курсқа қатысу арқылы бет әрлеу әдістерін біраз меңгеріп шықтым. Қалай бояну, қалай күтіну керек деген сұрақтарға жауап алдық. Баламен үйде отырған аналарымыз қоғамнан шет қалмай, осындай курстарға қатысып, ары қарай жұмыс жүргізуге болады. Бұл жобаны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Осы курсқа қатысу арқылы көп нәрсе үйрендім. Алдағы уақытта кәсібімді одан ары дамытқым келеді. Ол үшін әлі де болса ізденіп, үйрену керек» дейді ол.