«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының арқасында кәсібін кеңейтіп, қызметін жетілдіргендер көп. Солардың бірі – жаңаөзендік кәсіпкер Бердіғали Берекетов. Ол мұнайшы мамандығын оқып жүргенде қонақ үй бизнесімен айналысамын деп әсте ойлаған емес. Бірақ Стамбұл сапарынан кейін оның өмірі басқа арнаға бұрылды.
– Стамбұлдағы сапарым кезінде қонақ үйлері қатты ұнады, туған жерім – Жаңаөзенде жұрт мақтайтын осындай қонақүй неге ашпасқа деген ойға қалдым. Сөйтіп, 2012 жылы тәуекел деп іске кірістім. Жаңаөзенді Стамбұлмен салыстырғанда, біздің қаланың қонақ үй бизнесінің ақсап тұрғанын түсіндім. Оның үстіне Жаңаөзен қаласынан Түркіменстан шекарасына дейін сапарға шығатындардың жолда арзан тұрғын үй жоқтығынан көп машақат шегетіні есіме түсті, содан анализ жасауға кірістім. Қаламыз өсіп келеді, жан-жақтан қонақтар келіп жатыр, арасында шетелдіктер де бар. Олардың қонатын жері жоқ. Жаңаөзенімді жамандап кетпесе екен деп осы істі қолға алдым, – дейді Бердіғали Берекетов.
Бұл салада тәжірибесінің жоқтығына қарамастан, бастаған ісі жемісті болуы үшін көп ізденді. Ғимарат тауып, оны қайта жаңартып, жабдықтап шығады. «Эконом» кластан тұратын екі кісілік 18 бөлмелі қонақүйге айналдырды. Халықтың жағдайына қарап, 1 бөлменің құнын 4 000 теңге деп бекітті. Жаңаөзендегі «Ақсарай» қонақүйі осылай пайда болды. Сұраныс көбейгеннен кейін қонақүйді кеңейту қажеттігі туындады. Оған аз қаржы кетпейтінін түсінген Бердіғали Берекетов несие алу туралы шешім қабылдайды.
– Осы мақсатпен 2016 жылы «Сбербанкке» келдім. Банкте «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының шарттары туралы кеңес берді, мен үшін тиімді екенін түсіндім. Сөйтіп, 70 млн теңге несиені жылына 14 пайызбен 60 айға алдым. Бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде жобама субсидия төленді, яғни мен 14 пайыздың 4 пайызын ғана төлеймін. Қалған 10 пайызын мемлекет қайтарымсыз негізде өтейді, – дейді ол.
Б.Берекетов арзан несиенің арқасында 3 қабатты ғимаратты қайта жаңартып шығады. Бүгіндері «Ақсарай» қонақ үйінің жалпы алаңы 1 500 шаршы метрге жетті. Қазіргі таңда қонақүй кеңейтіліп, бөлмелері 33-ке жетті. Жаңаөзенге келетін қонақтарға заманға сай қызмет көрсетіліп жатыр. 40-қа тарта адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Күре жолдың бойында, Жаңаөзен қаласының кіреберісінде орналасқан. Жолдың келесі бетінде автовокзал мен алыс рейстердегі жүк автокөліктері үшін көлік тұрағы бар. Бұл нысандар да – Бердіғали Берекетовтің кәсібі. Қонақүйдің жанында Жаңаөзендегі ірі төрт мұнай-газ компаниясы орналасқан. Мұның барлығы да қонақүй бизнесінің дамуына ықпал етіп отыр.
Бердіғали Берекетовтің әу бастағы мамандығы мұнайшы болғанын айттық. Қонақүй бизнесіне келген соң қаржыгер мамандығын оқып алды. «Себебі кәсіп бастаған соң ақшамен жұмыс істеуді де меңгеру керек, қаржылық есеп беруді білгенім өзіме жақсы» дейді ол. Одан кейін құрылысшы мамандығын да меңгерді. Оқу-тоқу мен алған білімінің арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр.