Елордада Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бас қаланың тұрғындарына 100-ден астам ауылшаруашылық тауары сатылды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жәрмеңкедегі азық-түлік бағасы нарықтан 20-25 пайызға арзан бағада сатылған.
– Бас қаладағы жәрмеңкеге 700 тоннадан астам өнім жеткізілді. Экологиялық таза өнім болғандықтан, халық кезекке тұрып алып жатыр. Басты артықшылығы – азық-түлік біздің жәрмеңкеде нарықтан төмен бағамен сатылды. Нарықтан 20-25 пайызға дейін төмен бағада сатылды. Жалпы, биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өңірімізде дәнді дақылдарды уақытылы жинап алдық. Астанада солтүстіктің сүт және сүт өнімдері жоғары сұранысқа ие. Оған дәлел, апта сайын 10 тоннадан астам сүт өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтеміз. Одан бөлек, ет, сүт, жұмыртқа және көкөніске сұраныс жоғары. Біздің ауылшаруашылық өнімдерге тек қана Қазақстанда ғана емес, көрші елдерден де сұраныс көп, – деді облыс басшысы.
Ол сондай-ақ жәрмеңкеге 100-ден астам солтүстік қазақстандық тауарөндіруші кәсіпорын белсене қатысқанын атап өтті. Жәрмеңкеде ет және ет өнімдері, кондитерлік өнімдер, жарма түрлері, қымыз, бал және көкөністер мен жеміс-жидектер сатылды.
Жәрмеңкеде «Биохим», BioОperations, «Тайынша май», «Зенченко и К», «Пальчик», «Масло-Дел», «Максимальный размах», «Фирма Алекри», «Мамлютский мукомольный комбинат», «Султан-ММК» кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынды. Олар тек қана Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шетелді де азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Аймақ басшысының айтуынша, солтүстік те өнім өндіру көлемін арттыру үшін Qyzyljar арнайы аймағы құрылады. Алдағы 25 жылда 3 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар электроника, күнделікті қолданатын тұрмыстық заттар өндірісіне де көңіл бөлінеді.
Майра БАҚЫТ