Елімізде үлкен, ауқымды сала екеу десек, соның бірінің тізгіні – Асхат Аймағамбетовтің еншісінде. Бүгінде Білім және ғылым министрінің «құлағына алтын сырға тағып», баласының болашағына алаңдаған айқайшы ата-ана көп. Оған қалыпқа сыймай, қоғамның қотырын қасып, жүйенің әлсіздігін айта алатын ұстаздар қауымы да қосыла бастады. Мұны көкшетаулық тарих пәнінің мұғалімі Әлия Ахетованың жанайқайына жанын салып пікір жазған әріптестерінің көптігінен аңғаруға болады.
Жаңартылған білім беру жүйесі үрей мен күйзеліс туғызып жатқанын мәлімдеген мұғалімнің ащы пікірі көптің көкейіндегісін дөп басты.
«Шынымды айтсам, балалардың қызығушылығы төмен. Олардың сабаққа деген ынтасы да, қызығушылығы да жоқ. Олар тек тоқсандық жиынтық бағалауды күтеді. Өйткені үйде ата-анасы баланың не алғанын сұрайды. Бағалау әрқашан балаларды материалдық ынталандыру әдісі болып келді» деген Ахетова Білім және ғылым министрлігінің білім беру үрдісіндегі жаңашылдықтар туралы бастамасын «қатал әрі пайдасыз тәжірибе» деп атады. Сондай-ақ 38 жылдық еңбек тәжірибесі бар білікті ұстаз оқушыларға ұнайтын пәндерді өздеріне таңдату олардың болашақта белгілі бір факультеттерге базалық білімсіз түсу мүмкіндігінен айыратынын айтып отыр.
– Біздің мәртебемізді көтеруге жұмыс істеліп жатқан, керісінше, төмендетіп жатыр. «Білім туралы» заңда бізге ең маңызды нәрсе қызмет өткерген жылдар жоқ. Мен 38 жылдан бері жұмыс істеймін, менің жұмыс өтілім қайда? Ал егер қызмет өткерген жылдар болмаса, жалақыны нақты өсірмесе, бұл заңның бізге қажеті қанша? Мұғалімдер асханадан қарызға тамақтанады. Міне, біздің мәртебеміз, – деді ол ашынып.
Расында, соңғы уақытта мұғалімдерді біліктілік тестінен өткізбей-ақ, базалық жалақымен өлшемей олардың жалақысын көтеру жиі айтылып жүрген еді. Өйткені салаға жаңа келген жас маманның жалақысы оларды бұл мамандыққа махаббатпен келіп, одан ары жұмыс істеуіне мотивация бермейді.
– Осындай мәселелердің бәрін қолмен қойғандай айтып берген Ахетова ұстаздардың ішінде жүрген «қырық жылғы» қыжылды жеткізді. Әсіресе, қағазбастылық туралы айтқаны өте орынды дер едім. Мұғалім өз ақшасына принтер, қағаз сатып алуға мәжбүр. Сосын біз құр сөзді барамыз. Мұғалімнің мәселесін талқылайтын жиынға жиналамыз да, бір адамды тыңдап қайтамыз. Бас көтермейтін, тек бас шұлғитын маманға айналған мұғалімі бар қоғамда қандай шәкірт тәрбиеленеді? Жүйе осылай өзгерді. Біз соған бейімделдік. Бас көтергендер көрінбей кетеді. Көтермегендер жұмысын жалғастырады. Қанша жасырсақ та, қоғамның ащы шындығы – осы, – дейді елордалық №65 мектептің мұғалімі Зәкира Қырықбаева.
Күні кеше министр қордаланған мәселені жалпақ жұртқа жайып салған жанмен кездескенін айтты. "Біз онымен кездестік және өзі сынаған мәселелер бойынша толыққанды сөйлестік. Жалпы, арамызда жақсы диалог орнады. Бұл жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз. Бұған дейін бірнеше өзекті мәселе бойынша министрліктің шара қабылдағанын айтқанмын. Мәселен, Ұлттық біліктілік тестінде мұғалімдерді металл іздегішпен тексеру, сұрақтардың сапасы және апелляция туралы сын болды. Бұл жүйенің өзгеретінін Тамыз конференциясында хабарлағанбыз. Қазір де өзгерісті бастап кеттік. Сондықтан, әріптесіміз көтерген мәселелердің біразы шешілген», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Минстр айтқандай бұл көтерілген мәселелердің біразы шынымен шешімін тапқан болса, жұрттың жабырқаған жүзі емес, жадыраған жанарын неге аңғармай отырмыз? Жауырды жаба тоқи бергеннен не ұтамыз?! Ахетова айтқандай, сөзден іске көшу басқа басқа, білім саласына, білім жүйесіне ауадай қажет-ақ.
Салынбаған мектеп, игерілмеген ақшаны айтпағанда, оқулықтың жайы оңбай, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаратын дені дұрыс жүйе болмай тұр. Қай кезеңде де еліміздегі орта білім беру саласы жиі реформалар жүргізілетін салалардың қатарын азайтқан жоқ. Соңғы жылдары мектептеріміз үнемі реформалар жүргізілетін режимде жұмыс істеуде. Соған қарамастан, бұл сала заман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмаймыз. Жүргізілген реформалардың тиімділігі көрінетін нәтижелерге әлі де қол жеткізген жоқпыз.
Расында да, Білім және ғылым министрлігі реформадан көз ашпаған елiмiздiң бiлiм жүйесiн, атап айтқанда, оқулықтардағы олқылықтарды, ойын баласының бәрі қабылдай бермейтін тым күрделі тапсырмаларды ретке келтіруді, бала сөмкесінің салмағын азайтуды қолға алуы керек. Біздіңше, бұл мәселе жай ғана жазылып, әр жерде айтылып қана қоймауы керек. Білім және ғылым министрлігі тарапынан үлкен өзгеріс, соны сипат қажет.
Түйін.
Мұғалім білім беру жүйесін бірінші рет сынға алып отырған жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын баспасөз беттерінде Айман Сағидуллаеваның жанайқайы, жарияланып, соңы мұғалімнің мектептен кетуімен аяқталғаны есімізде.
Сол кездің өзінде мұғалімдердің қызметке орналасуы үшін пара беруінен бастап, әкімшілік құрылым қызметкерлеріне тиісті жұмыстардың барлығы дерлік мұғалімдерге артылғаны, мағынасыз, мәнсіз жұмыстарға жегілетіні, қоғамдық шараларды өткізу мұғалімдерге жүктелетіні, қарсы болса басшылықтың тағы да «жұмыстан кет» деп қорқытатыны көтерілген еді.
Ұстаздар қауымы – «Бүркеген жерден бүрге шығарын» білсе де, «аузын ашса» арандап қаларын түсінген халық. Сөйтіп, өздері іштей қарсы жүйеге жегіліп жұмыс істеуін тоқтатпай келеді. Себебі жеп отырған нанынан айырылып қалмау керек.
Бұл жолғы айқайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласты. Қашанда бірінші басшының бұйрығын күтіп отыратын қоғамда енді өзгеріс болып қалар.
Мүмкін ә?