Қазақстанды дамыған елдерден не ерекшелейді? Озық мемлекеттер «қоқыс полигоны» атаулыдан құтылуда. Ал кезінде тезек-қиға дейін іске жаратып, қалдықсыз өндірісті жолға қойған ата-бабаларымыз еліміздің қазір қоқысқа бөгіп жатқанын білсе, бас шайқап, түңілер ме еді. Өкінішке қарай, Кеңес Одағынан тау-тау боп үйілген қоқыс полигондарын мұраға алған қазақ елі қазір оны ары қарай тек ұлғайтуда.
Нұр-Сұлтан қаласында қоқыс жинау және әкету тарифтері көтерілмек. Нақтылай кетсек, жайлы жабдықталған үйлерде (пәтерлерде) тұратын жеке тұлғалар үшін – айына 466 теңгеге, жайлы жабдықталмаған жеке үй тұрғындары үшін – айына 496 теңгеге, заңды тұлғалар үшін 1 шаршы метріне 2 653 теңгеге дейін жоғарылату ұсынылды.
Әрине, судың төлемақысы өссе, бұл жұртшылықты сол ресурсты үнеммен тұтынуға итермелеуі ықтимал. Мәселен, алысқа бармай-ақ, Ақмола облысындағы Щучинскіні алсақ, онда су бағасы елордадан әлдеқайда жоғары. Нәтижесінде, қала тұрғындары суды аз жұмсайды, үнеммен төгеді. «Біздің адамдар астанадағыдай ваннаға су толтырып жатпайды» деген пікір білдірді жергілікті тұрғындардың бірі.
Алайда қоқыс шығару тарифтерін көтеру халықты азырақ қоқыс шығаруға еш ынталандырмасы сөзсіз. Өйткені бұл тариф әр отбасыдағы адам санына қарай есептеледі. Болашақта қоқысының салмағына сайма-сай төлем төленетін заман да туар. Әзірге оның технологиясы да жоқ. Контейнерлер кім қанша қоқыс тастаймын десе де ашық.
Айтқандай, бас қала қоқыс контейнерлеріне жарымай-ақ қойды. Тарифті көтерудің бір себебі ретінде де осы тапшылық алға тартылды. Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, елордада қосымша 4 мың контейнер сатып алуға деген мұқтаждық бар.
«Орташа есеппен күніне 8–10 контейнерге дейін өртенеді. Сондай-ақ сынуына, сындырылуына, ұрлануына байланысты да контейнерлер саны үнемі азайып отырады» деп мәлім етті қала билігі.
Әкімдіктің төлемді арттыруды дәйектейтін дәлелдерінің бірі – астаналықтар мен қала қонақтары лақтыратын қоқыс көлемінің күрт артуы:
– Елорда халқының, туристері мен қонақтарының өсуі, елдің әл-ауқатының артуы, қаладағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының белсенді жүргізілуі нәтижесінде тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) көлемі жылдан-жылға өсуде. 2011 жылдан бері шығарылатын ТҚҚ ауқымы 205%-ға ұлғайды. Мәселен, 2011 жылы 760 мың 561 текше метрді құраса, 2018 жыл қорытындысында 1 миллион 561 мың 370 текше метрге жетті. Бұл ретте 246 теңге мөлшеріндегі қолданыстағы тариф 2011 жылдан көтерілген жоқ. Ал жанар-жағармай бағасы, қоқыс тасушы көліктердің запас бөлшектерінің бағасы 8 жыл ішінде 2 еседен артыққа қымбаттады, – дейді қалалық салалық басқарма.
Тарихтан белгілі тәмсіл бар. Ресейдің басты императорлық сарайы – Петербордағы 70 салтанат залынан, 100 патшалық жатын бөлмесінен, галереялардан, театрдан, үлкен капелладан, қаптаған қызметшілер мен күзет бөлмелерінен және басқасынан тұратын «Қысқы Сарай» құрылысы аяқталған соң, айналасындағы бүкіл алаң қоқысқа толып қалады. Арасында кірпіш, ағаш, темір, мрамор секілді құрылыс материалдары сыртында, қымбат перделер қалдығы, ақаулы не қажетсіз жиһаз және өзгесі болған. Содан император ІІІ Петр қоқыстан арылудың қызықты тәсілін табады. Ол халыққа кез келген адам алаңда үйіліп жатқандар арасынан қалаған затын тегін ала алатынын айтып, жар салады. Алаң бірнеше сағат ішінде тазартылған.
Бұл оқиғаны бірқатар еуропалық басылымдар «Байғұс дүниеқоңыз, ашкөз халық!» деп мүсіркей суреттейді. Алайда мәселе басқада. Қажетке жарамды затты қоқысқа босқа лақтырмай, кәдеге жаратуда ғой. Қазіргі кезде елордада заңғар ғимараттарды тұрғызу барысында қаншама құрылыс материалдары қала сыртына тасылып, босқа лақтырылып жатады. Бұған «обал-ай» дегеннен басқа амал жоқ.
Егер барлық құрылыс компаниялары сынбаған, бүтін кірпіш, шыны, шлакты блок, қыштақта, ламинат және басқаларын арнайы белгіленген орынға жиып, қарапайым халыққа «қалағаныңды тегін ал» десе, оның бәрі лезде елдің игілігіне айналып, қаншама баспананың өне бойынан орын табар еді. Ең бастысы, қоқыс полигондары миллион тоннаға артпайды. Бірақ бұл іс өңірлер түгіл, құрылысы қарқынды бас қаламызда да жолға қойылмаған.
Өңдеу және кәдеге жарату бойынша жер-жаһандағы көшбасшылардың бірі Германия 80-жылдары қоқысқа батып кете жаздаған. Оларды тұйықтан 1990 жылы қабылданған Duales System Deutschland GmbH жаңа мемлекеттік жүйесі шығарды. Оның өте тиімді болғаны сонша, ірі қалаларда отбасылардың 90%-ға жуығы қоқысты ажыратып, жинау үдерісіне белсенді қатысады. Сонымен бірге билік тұрғындарға ешқандай жазалау шараларын қолданбайды.
Қоқысты қайта өңдеуден қала билігі теріс айналып отырған жоқ, қайта қуаттайды. Әйткенмен, қолданыстағы тарифте тек тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, шығаруға және көмуге ғана шығыстар ескерілгенін, ал ТҚҚ-ны қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға шығыстар оның құрамында қарастырылмағанын айтады.
– Осылайша, қолданыстағы тариф қоқыс шығаратын ұйымның және полигонның шығындарын толық көлемде өтемейді, қоқысты сұрыптау кешенінің шығындарын қамтымайды. Бұл сайып келгенде оларға техникалық базаны жаңартуға, сондай-ақ өндірістік қуаттарды арттыруға мүмкіндік бермейді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында түзілетін ТҚҚ үшін қазіргі уақытта қосымша мыңдаған контейнер сатып алу, қоқыс шығарушы көліктерді жөндеу және жаңарту, сұрыптау желісінің қуатын 20%-ға арттыру, бұдан өзге 740 млн теңгеге самосвалдар, жүк тиеушілер, тартқыштар секілді 33 бірлік техниканы сатып алу талап етіледі, – деп хабарлады Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы.
Оның тұжырымдауынша, қолданыстағы тариф «Эко Полигон Астана» ЖШС-ның полигонының мелдектей толып болған ұяшықтарын рекультивациялау үшін қажетті «Ликвидациялық қорды» қалыптастыруға мүмкіндік бермейтін көрінеді. Ал Экологиялық кодекс полигондар иелерін сондай қор құруға міндеттейді.
Қоқыс шығаратын ұйымдар, қоқысты сұрыптау кешені және полигонның ауыр және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлері мардымсыз жалақы алады, жұмыс берушілер «тариф төмен» деп еңбекақыны көтермейді. Соның кесірінен кадр тұрақтамайды. Сала кәсіпорындарында 2018 жылы кадрлар тұрақсыздығы 49%-ға жеткен. 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 46%-ды құрады және жалғасуда. Тиісінше, жыл соңында 54% болады деп күтілуде.
Дүниежүзіндегі ең үлкен қоқыс полигоны әлемге әмірін жүргізген Америкада орналасқан. Fresh Kills елдімекеніндегі бұл полигонның ауданы 1 200 гектарға созылып жатыр. Спортсүйер қауымға түсінікті тілмен айтсақ, бұл 1 700 футбол алаңына тең. Күн сайын оған әр түкпірден 13 мың тонна қалдық тасып төгеді.
Бізге ғаламшардың жалғыз қожайынындай талтаңдаған АҚШ емес, қоршаған ортаны қорғауда баршаға өнеге-тағылым көрсеткен Еуропаның алдыңғы қатарлы мемлекеттері үлгі. Әйтпесе, полигондар жазда тұтанып, бықсып жанады, олардан бөлінген улы қосындылар топырақ пен суға сіңіп, адам мен жануарлар ағзасын улайды.
Өңдеу және кәдеге жарату бойынша жер-жаһандағы көшбасшылардың бірі Германия 80-жылдары қоқысқа батып кете жаздаған. Оларды тұйықтан 1990 жылы қабылданған Duales System Deutschland GmbH жаңа мемлекеттік жүйесі шығарды. Оның өте тиімді болғаны сонша, ірі қалаларда отбасылардың 90%-ға жуығы қоқысты ажыратып, жинау үдерісіне белсенді қатысады. Сонымен бірге билік тұрғындарға ешқандай жазалау шараларын қолданбайды. 2005 жылы бұл ел қоқыс полигондарын пайдалану тәжірибесінен бас тартты. Бүгінде 2004 жылы болған 300-ден астам полигонның жартысынан көбі жойылған. Қалғанында тек қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар ғана көміледі.
Алманияға барған адамдар білсе керек, әдетте, немістердің үйлерінде қоқыс 5 түрлі контейнерге бөлініп, жиналады. Германия қалаларында жергілікті билік әрбір үйге ұдайы хат жолдап, онда тұрмыстық қалдықты қалай бөлек жинау керектігі, қоқыстың қандай түрі қай күні тасып әкетілетіні туралы тұрғындарды құлақтандырып тұрады.
Егер адам сынып қалған кір жуғыш машинасын көшеге лақтыра салса, ешқандай айыппұл салынбайды. Бұл жүйе әр азаматтың жеке жауапкершілігіне ғана сүйеніп, жұмыс істейді. Оның үстіне қаптаған ынталандыру құралдары бар. Мәселен, әрбір тапсырған пластик бөтелке үшін немістер 50 еуроцентке купон алады. Себебі пластик құтыдағы сусындар құнына сол 50 цент қосылады. Тиісінше, егер бөтелкені кері тапсырсаңыз, ол ақшаңызды қайтарып аласыз.
Халықтан жиналған қоқыстың үлкен бөлігі Германияда отқа жағылады. Оның буы электр стансасына жетіп, генераторларды қозғалысқа келтіреді. Қалдықтың тағы бір бөлігінен ферментация нәтижесінде таза метан алынады. Қоқыс жинаушы көліктер және автобустардың біраз бөлігі осы отынмен жүреді. Алмания ұлағаты ширек ғасыр ішінде «қоқыстық коллапстан» қалай құтылуға болатынын паш етеді.
Жаппай тариф көтеруге емес, керісінше, елді ынталандыруға құрылған оң тәжірибелердің бірі Швейцарияда қалыптасқан. Мұнда бөліп жиналған қоқыстың әр келісі үшін халыққа сыйақы төленеді. Сұрыпталмаған қоқыстың әрбір пакеті керісінше, бірнеше франк қосымша шығын шығаруға соқтырады. Швейцарияда 2000 жылы қоқыс полигондарына тыйым салынды. Нәтижесінде, мұнда қоқыстың жартысынан астамы қайта өңделеді, қалғаны өртеледі.
Атап өтер жайт, Швейцария әрдайым қазіргідей жайқалған жасыл желекпен көмкерілген ел болмаған. ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейін жергілікті көлдер мен өзендер өнеркәсіптік және ауылшаруашылық зиянды қалдықтарымен тоқтаусыз уланып, жануарлар мен өсімдіктер бірінен соң бірі «Қызыл кітапқа» кіріп жатқан. Жағдайды 1981 жылы іске қосылған жаңа экологиялық саясат түзеді.
Швецияның тәжірибесі тіпті таңғаларлық: бұл ел төл қалдықтарының 99%-ына жуығын қайтадан қажетке жаратқанымен қоймай, өзге елдердің 700 мың тоннадай қоқысын қайта өңдеуге қабылдайды. Қоқыстан қаржы жасаудың үлгісін шведтерден үйренгеніміз жөн.
Әзірге мұның барлығы «Болашақтың қуаты» деген тақырыпта EXPO жаһандық көрмесін өткізген елорда үшін де қиял-ғажайыптай көрінеді. Нұр-Сұлтан қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратудың бөліп жинауды, сұрыптауды, қайта өңдеуді қамтитын толық циклы ұйымдастырылған. Рас, ол толыққанды жұмыс істемейді.
Қоқысты кәдеге жаратудың өзі – бір ғылым. Ол «гарбология» деп аталады және қоқыс қалдықтары мен оларды утилизациялау әдістерін қарастырады. Демек, бас қаламызға білікті гарболог басшы керек-ақ.