Nur Otan партиясының Орталық аппаратында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері бойынша отырыс өтті. Жиында Nur Otan партиясының «Қазақстан–2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі комиссияның «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша «Жергілікті атқарушы органдар көрсететін сыбайлас жемқорлыққа ең бейім мемлекеттік қызметтер» тақырыбы талқыланды.
Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның жетекшілігімен өткен жиында комиссия төрағасы кездесуді кіріспе сөзімен ашып, көптеген мәселенің пилоттық режимде жүріп жатқанын, бүгінгі таңда бір топ депутаттың бастамасымен заң жобасы дайындалғанын баса айтты.
– Мемлекеттік қызмет көрсету саласында кемшіліктер өте көп. Партиялық алаңда осының бәрін талқылау үшін бас қосып отырмыз. Талқылауға түскелі отырған жер мәселесі, жылжымайтын мүлік мәселесі халыққа маңызды екені айтпаса да түсінікті. Қолданыстағы заңнамада біраз қарама-қайшылықтар бар. Осы мәселені жан-жақты саралайық, пікірлеріңізді ашық айтсаңыздар, кейін кемшіліктерді заң шеңберінде түзетуге жеңілдеу болады, – деді Майра Арапқызы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықбұзушылықтарға Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары және Нұр-Сұлтан қаласына жиі жол берілетіні белгілі болды. Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдегендей, жемқорлық әрекетінің 20 пайызға жуығы жер мәселесімен байланысты болып отыр.
– Соңғы 3 жылда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне байланысты 600-ден аса сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылық тіркелген. Әрбір бесінші құқықбұзушылыққа жер қатынастары басқармасы мен бөлімдерінің лауазымды қызметкерлері жол берген. Бұл жердегі парақорлық, алаяқтық пен қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалануға қатысты қылмыстар жер телімдерін беру, олардың мақсаттық бағытын заңсыз өзгерту, жалға беру құқын ұзарту, сондай-ақ жер құрылысы жобаларын кедергісіз бекіту, т.с.с. кезінде орын алған, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Ильдар Үйсімбаевтың пікірінше, жергілікті мемлекеттік органдар бюрократиямен әуестеніп кеткен. Көп жағдайда азаматтардан артық құжаттарды талап етеді. Үстіміздегі жылы 500-ден астам бақылау іс-шаралары жүргізілген.
– Талдау жұмыстары азаматтар көп жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі заңға қайшы әрекеттерге және жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы және әлеуметтік салалардағы негізсіз бас тартуларға байланысты шағымданатынын көрсетті. Жалпы түскен арыз-шағымның 44 пайызы жергілікті атқарушы орган қызметкерінің әрекетіне байланысты болып келеді, – деді Ильдар Үйсімбаев.
Отырысқа кәсіпкерлер атынан «Атамекен» ҚР кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов қатысты. Ол баяндамасында жер телімдері туралы қолжетімді ақпараттың жоқтығы кәсіпкерлер үшін басты проблемаға айналғанын айтты.
– Заңда конкурсты (конкурстар жер телімдері болған және босатылған кезде өткізіледі) өткізу реті мен міндеті көрсетілмеген. Бұл өз кезегінде кейбір шенеуніктердің жағдайды өз пайдасына шешуге мүмкіндік туғызады. Жалпы алғанда, әкімдіктерде бос жатқан жер телімдері туралы ақпарат тапшылығы қолдан жасалып, оның ақыры жемқорлыққа жол табуға алып келеді, – деді Рүстем Жүрсінов.
Жиын соңында комиссия орталық және аймақтық мемлекеттік органдарға арналған бірқатар ұсыныстар қабылдады. Атап айтқанда, комиссия төрағасы, Мәжіліс депутаты Майра Айсина өңірлік әкімдіктерді жер реформасына байланысты Грузияның тәжірибесіне назар аударып, оны Қазақстанда енгізу мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Сонымен бірге комиссия басшысы 2025 жылдың 4 тоқсанына дейін Қазақстанның барлық аймағында мүлікті түгендеу мен инженерлік коммуникацияларды цифрлы жүйеге енгізуді ұсынды.
Әбілмансұр ЖАСАН