Жаңа «Нұрлы жолға» қадам басамыз
Жаңа «Нұрлы жолға» қадам басамыз
219
оқылды

Қазақстан жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасына 6,5 трил­лион теңге жұмсамақ. Бұл жайында Премьер-ми­нистр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі айтты. Бейбіт Атамқұлов Үкімет мүшелеріне 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырды.

– Жаңа мембағдарлама аясын­да бес жыл ішінде жалпы көлемі 6 триллион 598 миллиард теңге қаржы жұмсау қарастырылған. Оның ішінде 58 пайызы немесе 3 трлн 794,6 млрд теңгесі – респуб­ликалық бюджеттен, тағы 11 па­йы­зы немесе 715,3 млрд теңге – жер­гілікті бюджеттен бөлінеді. Қалған 26 пайызы немесе 1 трлн 759 млрд теңге – мемлекет-жеке­меншік әріптестігі мен жеке ин­вестициялар есебінен тартылады. 5 пайызын немесе 329,6 млрд ­тең­гені ұлттық және мемлекет­тік ком­паниялар құяды, – деді Б.Атамқұлов.

Осынша орасан қаражат шы­ғын елге не пайда әкелмек? Ми­нистрдің дерегінше, қыруар қар­жының басым бөлігі – 60%-ы немесе 3,9 триллионы автомобиль жолдарын салуға шығындалмақ. Автожол инфрақұрылымын да­мыту мақсатында республикалық желінің 10 мың шақырымын қайта жаңарту, тағы 11 мыңына жөндеу жүргізу, сондай-ақ жергілікті же­лінің 27 мың шақырымын жөндеу жоспарлануда. Демек, бұл сала жаңа миллиардерлерді тудыруы мүмкін.

Теміржол саласында «Достық-Мойынты» бағыты республикалық бюджеттен жаңғыртылады. «Мо­йынты-Ақтоғай» учаскесі МЖӘ есебінен электрлендіріліп, электр­пойыздар жүрісі жолға қойылады.

Шағын әуекөлігі тасымалын өркендету мақсатында 16 аэродром салынбақ.

Су көлігінің ісін ілгерілету үшін 48 кеме, соның ішінде сауда флоты үшін 6 кеме сатып алынады, шлюздерге күрделі жөндеу жүргі­зіледі деп белгіленген.

Бұдан бөлек, 133 автостанса, автовокзал және жолаушыларға қызмет көрсету бекеттерін салу, қайта жаңарту жоспарланып отыр.

– Жаңа «Нұрлы жол» мембағ­дарламасын іске асыру нәтиже­сін­де 551 мың жұмыс орны ашылады. Оның 48,5 мыңы тұрақты, 502 мың­­нан астамы уақытша жұмыс орны болады. Еңбек өнімділігі 2019 жыл­ғы деңгейден тағы 20 пайызға өсіп, 1 адамға шаққанда 8,7 миллионнан 10,4 миллион тең­геге дейін артады. Транзиттен түсетін табыс 61 па­йызға ұлғайып, 2,4 миллиардтан 4,2 миллиард долларға дейін жете­ді, – деді Бейбіт Атамқұлов.

Жаңа «Нұрлы жол» да артта қалғанда, Қазақстан «Логистика тиімділігі индексі» (LPI) рейтин­гінде 38-орынға көтерілуі керек. Бұл рейтинг 2 жылда бір рет жа­рияланады. 2018 жыл қоры­тын­ды­сында, еліміз 71-орынды қанағат тұтты. Ал Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінің «Инфрақұрылым» көрсеткіші бойынша Үкімет 49-орыннан төмен емес межені мақсат етіп отыр. 2019 жыл қорытындысында 67-тұғырдан көрінген.

Әрине, бағдарлама бойынша жұмыс әзір басталмағандықтан, мұның бәрі арманға ұқсайды. Армандаған жақсы, бірақ бұған дейінгі «Нұрлы жол» аясында нендей іс бітті?

Б.Атамқұловтың айтуынша, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мембағдарламасы бойынша көлік саласын дамытуға шамамен 5,8 триллион теңге жұм­салыпты. Нәтижесінде, 400 мың­нан астам жұмыс орны құрылған. ЖІӨ-дегі көлік үлесі 8,3%-ға дейін өсті. Жүк тасымалы тран­зи­ті­нің көлемі бір жарым есеге: 1,3 мил­лионнан 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайған. Транзиттен түсетін кіріс­тер – 4,3 есе, яғни 180 млрд тең­ге­ден 782,4 млрд теңгеге дейін артты.

3 мың шақырым республи­ка­лық маңыздағы автожол салынып, реконструкцияланды. 15 мың шақырым облыстық және аудан­дық маңызы бар автомобиль жол­дары жөнделді. 1,4 мың шақырым жаңа теміржол пайдалануға беріл­ді. Орал, Петропавл, Алматы, Се­мей, Қостанай, Балқаш әуежайла­рында 6 ұшу-қону жолағы жаңар­тылды. Қытаймен шекарада тер­миналдардың өткізу қабілеті жы­лына 40 млн тоннаға дейін ұлғай­тылды. Ақтау портын кеңейту және Құрық айлағын салу есебінен Каспийдегі порт инфрақұры­лымының қуаттылығы жылына 17,5 миллионнан 27 миллион тоннаға дейін артты.

– Н.Назарбаев Nur Otan фрак­циясы отырысында атап өткендей, «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бесжылдығы – көлік инфра­құрылымы мен транзиттік әлеуетті одан әрі дамытуға бағытталған негізгі мемлекеттік бағдарла­ма­лар­дың бірі, – деген Үкімет бас­шысы Асқар Мамин Елбасының өңірлік көліктік-логистикалық хаб құру және елдің жүк өткізу қуат­ты­лығын дамыту жөніндегі міндеттері қазір белсенді жүзеге асырылу са­тысына шыққанын мәлімдеді.