Күйеуі ұрып-соғып, балаларын тартып алған әйел араша сұрайды
Күйеуі ұрып-соғып, балаларын тартып алған әйел араша сұрайды
187
оқылды

29 жастағы келіншек 4 жыл бұрын тұрмысқа шығып, екі балалы болған, – деп жазады Tengrinews.kz.

Отбасылық жанжалдан кейін астаналық келіншек күйеуімен ажыраспақ болған. Жәбірленушінің әпкесі Гүлбану Құлжағарованың айтуынша, ер адам ажырасуға қарсы болған. Әйелін психикалық ауруханаға жатқызып, ұлы мен қызын тартып алатынын айтып, қоқан- лоқы көрсеткен. «Сымбат ажырасқысы келген... Бірақ күйеуі айтқанынан қайтпады. Нәтижесінде, Абай Сымбатты мәжбүрлі түрде қалалық психикалық орталыққа апарған. Оның есі дұрыс емес екенін және өз-өзіне қол жұмсағысы келгенін айтқан. Сөйтіп, ол ауруханада бір аптадай жатты. Сымбат ол кезде Абай шынымен балаларды тартып алады деп қорыққаннан онымен бірге тұрған. 2020 жылдың қыркүйегінде Сымбат ресми түрде ажырасуға арыз жазып, соттың шешімін күтті. 30 қыркүйекте Абай оны аяусыз ұрып, нәтижесінде, ауруханаға баруға тура келді. Сол күні ол күйеуіне шағымданбады. Дәрігерлерге күйеуі қоқан-лоқы көрсеткенін айтты. Одан бөлек, Сымбат күйеуінен қатты қорқатын, себебі оған өзінің анасы да қолдау білдірмеген. Бірақ 1 қазан күні Сымбат Абайдың үстінен полицияға арыз жазды», – дейді жәбірленушінің әпкесі. Бұл оқиғадан кейін де ер адам астаналық келіншекті бірнеше рет соққыға жыққан. Ол ауыр дене жарақатын алған.

«19.10.2020 жылы Абай оны аңдып жүрген. Сымбат қашып, қансырап  құлаған соң Абай оны ауруханаға апарған. Сол жерде Сымбат Instagram арқылы көмек сұрап, жазба қалдырған. Абай оны көріп, өшіруді талап етіп, артынша қайтадан ауруханаға апарып тастады. Бірақ Сымбатта ешқандай психикалық ауру болмаған. Қазір жақындары Сымбатты шығарып алудың жолын қарастырып жатырмыз. Сіңлімді психикалық емханадан шығарып, балаларымен қауышуына көмек сұраймыз», – дейді Гүлбану Құлжағарова.