Онда азаматтардың, бизнес және мемлекеттік орган өкілдерінің жалға беру, ұзарту, нысаналы мақсатын өзгерту және басқа мәселелер бойынша 3680 өтініші қаралды.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов атап өткендей, 2663 өтініш бойынша оң шешім қабылданды. Ал 1017 өтініш бойынша жер пайдалану құқығын беруден, ұзартудан, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартылды. Алматы қаласы әкімдігі 2030 жеке тұлғаға және 1182 заңды тұлғаға қатысты 461 оң қаулы қабылдады.Жер пайдаланушылардың тізімімен қаулыларға қосымшаларды дайындау, сондай-ақ ҚР Жер кодексіне түзетулерді қабылдау есебінен өтініштерді қарау мерзімдері айтарлықтай қысқартылды. Мәселен: - Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу 15 жұмыс күнін құрайды (бұрын 30 жұмыс күні болды); - жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру – 13 жұмыс күні (бұрын 30 жұмыс күні болды); - жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту – 4 жұмыс күні (бұрын 7 жұмыс күні болды). «Әлеуметтік нысандарды, мектептер мен білім беру мекемелерін салу мақсатында Алматы қаласының жайлы қалалық орта басқармасына 8 жер телімі берілді», – деп атап өтті А.Самамбетов. Бұдан басқа, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу үшін Алматы қаласының жайлы қалалық орта басқармасына 5 жер телімі, мемлекеттік мекемелерге 130 жер учаскесі берілді. 2020 жылдың 9 айында мемлекет мұқтажы үшін 54 жер учаскесі алынды.«Қала әкімі жыл басынан бері тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізді. Онда проблемалық жер телімдерінің мәселелері де көтерілді. Түгендеу қорытындысы бойынша Алатау ауданында 930 проблемалық жер учаскесі анықталды. Олардың 724-і шешілді, қалғандары жұмыс үстінде. Аталған учаскелер бойынша проблема су қорғау белдеулерімен байланысты. 311 жер учаскесі рәсімделді, яғни 1241 отбасы құқық белгілейтін құжаттарды алды», – деп атап өтті Ардақ Самамбетов.