Қорыққанға – «қос билік» көрінеді
Қорыққанға – «қос билік» көрінеді
364
оқылды

Қос билік туралы қауесеттер бұл ұғымның мағынасын түсінбеушіліктен тууы мүмкін.

Бақытбек СМАҒҰЛ – Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы

«Қос биліктің орнауының» не екенін қазақ біледі. Ұлы батыр бабамыз, реформатор ретінде тарихта қалған еңсегей бойлы ер Есім тұсында Қазақ хандығы қазақ жеріне қоса, Орталық Азиядағы біраз аумаққа – ұлан-байтақ далаға жайылып жатқан. XVII ғасырдың басында сол тұста қазақ еліне қараған Тәшкентте Тұрсын хан өзін Есімнен тәуелсіз хан деп жариялап, өз атында монеталар басуға кіріседі. Қазақ елінде қос ханның билігі орнайды. Елдің игі-жақсылары да екіге жарылады. Бар қазақты өз халқым дейтін Есім хан ағайынның қанын төкпеу үшін елдің оңтүстігіне, Шығыс Түркістанға қаптаған әскерін кіргізуден бас тартып, қазақ ханы Тұрсынды өзіне тең билеуші деп таниды. Соғыс бола қалса, ортақ жаумен бірлесе шайқасуға уағдаласады.

Алайда Есім ханның ел шетіне лап қойған жоңғарларға қарсы жорық жасап, қас дұшпанға тойтарыс беріп жатқанын пайдаланған Тұрсын хан сол кездегі ел астанасы Түркістанға баса-көктеп кіріп, бейбіт халықты қырғынға ұшыратады, Есімнің отбасы мүшелерін тұтқындап, Тәшкентке алып кетеді.

Соғыстан жеңіспен оралған Есім хан суыт хабарды ести сала, қаһарға мініп, өз қолымен Тұрсын ханға қарсы аттанады. 1627 жылы Тәшкент түбінде қос қазақ ханының әскері арасында сұрапыл шайқас болған. Өз армиясын майдан даласына тастап қашқан Тұрсын қамалға тығылады. Сатқынды Есімнің жауынгерлері қолға түсіріп, ханға тапсырған. Тарихшылардың мәліметінше, саяси қарсыласының басын алып, ауыр жазасын бергеннен кейін ашулы хан оны барлық істерде қолдаған қатаған руы өкілдерінің бірін қалдырмай, жер бетінен жойып жіберуге бұйрық берген деседі. Тұтас рудың жойылу қазақ халқының ортағасырлық тарихындағы ең ауыр эпизодтардың бірі, орны толмас қасірет саналады. Толығымен қырылып қалудан қорыққан қатағандардың бір бөлігі ұйғыр, өзбек елдеріне қашып, құтылған.

Бүгінде қазақ елінде қос билік бар ма? Бұл сұраққа сауатты жауап беру үшін ел ішіндегі ахуалды саралаған жөн. Біріншіден, қос биліктің басты сипаты – қос ханның, қос патшаның, қос президенттің бір-біріне қарсы тұруы, бірін бірі сынауы, бірінің бастамасын бірі іске алғысыз етіп, қарсыласының беделін түсіруге тырысуы, тіпті елді және жерді екіге бөлуі. Бізде ол бар ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау салтанатында Елбасының сарабдал жолын жалғастыратынын жер-жаһанға жария етті: «Ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту!» деді ол.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі басшы – Президент екенін және халық болып соның айналасында бірігуіміз керегін әлденеше рет қадап айтты.

«Бүгінгі таңда партиямыздың алдында қоғамды жұмылдыру, партия атынан сайланған Президент Қ.Тоқаевтың маңайына элитаны топтастыру міндеті тұр», – деді Елбасы «Nur Оtаn» партиясы мен оның Фракциясының мүшелері қатысқан кеңесте. Бұдан артық не керек?!

Екіншіден, Президенттің Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып табылатын Елбасы өкілеттігін кеңейтуі – демократиялық қадам. Неге? Қауіпсіздік кеңесі – алқалы орган. Оның құрамына елдегі лауазымды басшылар кіреді. Сол арқылы бұл құрылым елде бір адамның мемлекеттік маңызды мәселені жалғыз өзі шешуіне жол бермейді.

Сау ағзаның вирусты бойына дарытпайтыны секілді демократиялық қоғам да билік монополиясын қабылдамайды. Тіпті АҚШ-тың өзінде Президент Дональд Трамп жалғыз өзі шешім шығара алмайды.

Қазақстанда елдігіміз үшін өмірлік маңызды істердің тек алқалы түрде ақылдасып шешілгені жөн. Сондықтан да бұл демократия қағидаларына жауап беретін шешім саналады.

Нұрсұлтан Назарбаев – ізгі бастамалары мен пәтуалы пікірлері тек бір елдің шегімен шектелмей, халықаралық саясатқа елеулі ықпал еткен, ядролық сынақ пен атом қаруы жарысын тоқтату арқылы әлемдік жаңа тарихта бүкіл адамзаттың беталысын бір өзі ұзақ перспективаға өзгерткен, сөйтіп, барша жаһан жұртшылығының тағдырын айқындаған тарихи лидер. Қазақ өз арасынан осындай тұлға шығара алғанын мақтан тұтуы керек.

Қос билік туралы жаңсақ пікірге арандамай, мынау аласапыран заманда өз даму жолымыздан танбай, арамызды ашпай, бірауыздылықпен алға басайық, ағайын!