Студенттік жатақханаларға мониторинг жүргізілді
Студенттік жатақханаларға мониторинг жүргізілді
367
оқылды
2019 жылдың 21 тамы­зында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев еліміздің жо­ғары оқу орындарында сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес жұ­мыстарын күшейтуді тап­сыр­ды. Осыған орай «Jas Otan» Жастар қанаты сту­дент­тердің өмір сүру дең­ге­йі­нің сапасын арттыру, әлеу­мет­тік-тұрмыс­тық жағдай­ларын қамтамасыз ету мақ­са­тында 2019 жылдың қыр­күйек айынан бастап жо­ғары оқу орындары мен техни­калық және кәсіптік орта бі­лім беретін ұйымдар жанын­дағы студенттік жатақха­на­ларға жүйелі мониторинг жүргізіп келеді. 2019-2020 оқу жылының ба­сында «Jas Otan» Жастар қанаты «Адалдық алаңы» және құзыретті органдармен бірлесіп еліміз бо­йынша 270 ЖОО және 375 кол­ледж жатақханаларын тексерді. Монито­ринг барысында көптеген жатақха­наның санитарлық нор­маларға, тұрмыстық жағдайларға сәйкес келмеу және орындардың шамадан тыс толу фактілері анықталды. Анықталған фактілер нәтижесінде оқу орындарының басшылығына ескертулерді жою бойынша ұсы­ныстар берілді. Күні кеше мони­торинг жұмыстары қайта басталды. «Jas Otan» ЖҚ жетекшісі Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, қазіргі жағдайда студенттердің онлайн фор­матта білім алып жат­қанына қара­мастан, жатақханаға қатысты проб­лемалар өзектілігін жойған жоқ.
«Арман қуып келген ауыл жас­тарына жатақханалар – екінші үй. Сондықтан шәкірттердің қолайлы өмір сүруі үшін ең жақсы жағдай жасалуы керек. Студенттік үйінде проблемалары бар кез келген студент бізге хабарласа алады. Сон­дай-ақ студенттердің ара­сынан жас көшбасшыларды осы акцияға қатысуға шақыра­мын», – деп мәлімдеді Елнұр Бейсенбаев.
Тексерулердің бірінші легі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар, Атырау, Ақмола облыс­тарында өтті. «Jas Otan» Жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиа­лының бастамасымен Ақтау қаласы бо­йынша студенттерге арналған жатақ­ханаларға мони­торинг жүр­гізілді. Негізінен әлеу­меттік ны­сан­дардың сапасы, жағ­дайы, қыс маусымына дайын­дығы мен жүр­гізілген құрылыстың нәтижесі қаралды. Мониторингтік топтың құрамында жастар қа­натының бел­сенділері, Ақтау қа­лалық мәсли­хатының депутаттары болды. Аталған шара алдымен Х.Өз­бек­ғалиев атындағы поли­техни­калық колледждің №5 жа­тақхана­сын қараумен басталды. Жатақ­хана 180 орындық. 2019 жылы мо­ни­торинг қорытындысы кезін­де атал­ған жатақханада ол­қы­лықтар анық­талып, сын-ескерт­пелер ай­тылған еді. Биыл сол ескертпелер қалпына кел­тірілген.
– Жол картасы аясында жа­тақ­хана жөндеуден өтті. Қазір барлық студент үшін жағдай жа­салды. Студенттер үшін кір жуа­тын бөлме, дәмхана, асхана, оқу залы, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, жуыну бөлмесі бар. Пандемия бітіп, оқу дәстүрлі түр­де жалғасатын болса, біз сту­дент­терді қабылдауға да­йынбыз, – дейді колледж дирек­торы Зарипа Шолтанова.
Тексерістен өткен тағы бір жа­тақхана – 180 адамға арналған жекеменшік жатақхана. Әр қа­батта демалатын орны, ас үйі ор­наласқан. Студенттердің сабақ оқып, демалуына толық жағдай жасалған. Нысан иесі алдағы уа­қытта ғимарат алдынан, сту­денттерге арнап спорт зал салуды жоспарлап отыр. Бірақ құжаттары дұрыс емес екен. Нысан иесі жауап­тылардан осы мәселені шешіп беруін сұрайды.
 – Негізі, осы жатақхана айна­ласындағы жер маған тиесілі. Мен жерді сатып алғанда, жатақхана аумағына кіретін жерді мемлекет жалға беріп қойғанын айтты. Содан соң өзіме қайтып беріледі деген болатын. Бірақ жалға алған тұлға жерді сатып жіберген. Енді сатып алған тұлға жерді маған бер­мей отыр. Бұл ғимаратты 3 жыл бұрын несие алып, жөндеу жүргізіп, жатақхана етіп қалыпқа келтіріп алдым. Ғимарат алдын­дағы жер бос тұр, егер маған бе­рілсе, мен сол жерге спорт зал сал­ғым келеді. Осы мәселені ма­ған шешіп беруін сұраймын, – дейді жеке кәсіпкер Шамшадин Гусейнов.
Мониторинг алдағы уақытта Жаңаөзен қаласында, Қарақия ауданында жалғасатын болады. Бұл туралы «Jas Otan» Жастар қанаты МОФ төрағасы Н.Мағда­тов мәлімдеді. «Таза сессия» акциясы ая­сында Қызылорда облыстық «Jas Otan» Жастар қанаты жанынан құрылған мобильді топ та Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда универ­ситетінің №3, №5 және Қызылор­да медици­налық жоғары коллед­жінің жатақ­ха­наларына мони­торинг жұмыс­тарын жүргізді. Мобильді топтың құрамында «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының маманы Д.Кен­жалиев, «Jas Otan» Жастар қана­тының облыстық филиалының кеңесшісі А.Какарманова, облыс­тық «Жастар ресурстық орталығы» КММ бөлім басшысы А.Смайлов, қалалық «Жастар ресурстық ор­талығы» КММ директоры С.Кең­шілік және жастар ұйымдарының өкілдері болды. Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің №3 және №5 жа­тақханалары 1 200 орын, Қы­зылорда медициналық жоғары колледжінің жаңа жатақханасы 330 орынмен жасақталған. Жатақ­ханалар асхана, медициналық пункт, душ, ктіапхана, оқу залы, сыртқы спорт алаңы, тегін ин­тернет Wi-Fi және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың мониторинг қорытын­дысы бойынша, 3 арнаулы орта білім беру ұйымдарының басшы­лығына ескертулерді жою бойын­ша және 1 оқу орнына жаңа жа­тақ­хана ғимаратын салу жөнін­де ұсыныс берілген болатын. Ал­дағы жүргізіл­ген мониторинг нәти­жесіне анали­тикалық талдау жасалып, оқу орындарының бас­шыларына және құзырлы орган­дарға арнайы ұсыныс хаттар жолданады. «Nur Otan» партиясы жанын­дағы «Jas Otan» Жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы белсенділері де арнайы мониторинг тобымен бірге қала жатақханаларында рейд шара­ларын жүргізді. Комиссия мү­шелері  С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Д.Серікбаев атындағы Шы­ғыс Қа­зақстан техникалық уни­верситеті жатақханаларының кор­пустарына барып, жатақхана­ларды аралап, олардың жағдайын тексерді. Сту­денттердің тыныс-тіршілігімен танысып, сауалдарын тыңдады. Тексеріс барысында ғимараттардың қауіпсіздігінің қамтамасыз етілгені, дәліздерде бей­небақылау камера­лары орна­ласқаны және тұрақты қосылып тұратыны белгілі болды. Рейд со­ңын­да жатақханадағы мә­селелер бойынша тиісті нұсқау­лар берілді. Мониторинг тобы алдағы уақытта да жатақханаларға рейд жұмыста­рын жүргізетінін ха­бар­лады. Ал «Jas Otan» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалы өкіл­дері Д.Нұрпейісова атындағы му­зыка колледжі.Халықтық му­зыка академиясының студенттер жатақ­ханасына, Қ.Дүтбаева атын­дағы гуманитарлық колледжі мен қала­дағы бірнеше жатақха­наларға барып, талаптарға сай болуын тексеріп шықты. Жалпы, облыс бойынша жо­ғарғы және орта білім ордаларында 27 925 студент оқиды. Індетке бай­­ланысты оқу орындарына тие­сілі 17 жатақхананың тек екеуінде ше­телден және шалғай ауылдардан келген 100 студент орналасқан, олар дәрісті онлайн оқуда. «Jas Otan» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Ринат Ғилажевтың айтуынша, өткен жылдың соңы мен 2020 жылдың басында жатақ­ханаларға жүргізілген жұмыстар­дың нәтижесіндегі анықталған кемші­ліктер мен ескертулер бү­гін­гі күні жойылған. Мониторинг ба­рысында көптеген жатақха­на­ның санитарлық нормаларға, тұр­мыс­тық жағдай­ларға сәйкестігі анық­талды. Қал­пына келтіріл­генін байқадық. Алдағы уақыттада студенттер жатақханаларына жоспарлы мо­ни­торинг жүргізіліп тұрады. Со­ны­мен қатар, жатақханаларға жүйе­лі мониторинг аудандарда да өтті. Атырау облысы Құрманғазы аудандық «Jas Otan» Жастар қанаты мүшелері Құрманғазы аудандық аграрлы-техникалық колледжінің студенттер жатақха­насы мен асха­насына мониторинг жүргізді. Мо­ниторинг барысында 100 орындық екі қабатты жатақ­хана толықтай күрделі жөндеуді қажет ететіні белгілі болып, «Jas Otan» ЖҚ-ның облыстық бөліміне баяндалды. 120 орындық асхана мен кол­ледж спорт залы өте жақсы күйде. Биылғы оқу жылына 90 студент қабылданған Құрманғазы аудан­дық аграрлы-техникалық кол­леджінде қазіргі таңда оқу онлайн түрінде жүруде. Қызылқоға ауданы, Сағыз ауы­лындағы Қызылқоға аграрлы-тех­никалық колледжі жатақха­насына мониторинг жүргізілді. Мониторинг жүргізу бары­сында студенттер үшін қолжетім­ділігі зерделеніп, кемшіліктер бо­йынша ескерту мен тиісті ұсы­ныстар айтылды. Жатақханаларға мониторинг еліміздің өзге де өңірлерінде жал­ғасын тауып, қазан айының соңына дейін созылады.

Әбілмансұр ЖАСАН, Тұрсын ҚАЛИМОВА