Мемлекеттік органдарда награда түрлері көп, арасында атаулары мен мақсаттары ұқсастары да жетерлік. Оның үстіне меморгандардан жаңа медальдар мен төсбелгілерді енгізу туралы ұсыныстар түсуде. Жаңа орталық қолданыстағы және жаңадан ұсынылғандарына сараптама жасамақ.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Ақордада өткен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия отырысында Мемлекет басшысының осы салада берген тапсырмаларының орындалуы мәселелері қаралды.
Жиында мысалы, Қытайдан әкелінген мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны пайдалануға тыйым салынатыны жария етілді. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова сырттан әкелінетін рәміздердің мемстандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мүмкін емесін білдірді.
– Отандық нарықта елден тысқары жерде дайындалған мемлекеттік рәміздер бар. Айталық, 2019 жылдың 8 айында олардың импорты 3,4 миллиард теңгені құрады. Бұл мәселені шешу үшін дайындаушыларға арналған біліктілік талаптарын оларды елдің аумағында ғана өндірудің толық циклын жолға қою туралы нормамен толықтыру арқылы мемлекеттік рәміздердің импортына тыйым салу қажет. Дайын өнімдерді шетелден сатып алатын өндірушілерден лицензияны қайтарып алу бойынша нақты жұмыс жүргізілуде, – деді министр.
Бүгінде 63 лицензианттың тек 29-ы ғана біліктілік талаптарына сәйкес деп танылған. Қалғандары ту мен елтаңбаны өздері жасауға кірісуге тиіс, әйтпесе жұмыстары тоқтатылады.
Осыған орай, комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев Сауда және интеграция, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне дайындаушыларға біліктілік талаптарын күшейту арқылы мемлекеттік рәміздерді Қазақстан аумағында өндірудің толық циклын қамтамасыз ету және олардың импортына тыйым салу туралы тапсырма берді.
Мәдениет министрі ведомстволық марапат мәселелеріне тоқталды.
– Қазіргі уақытта меморгандардың ведомстволық наградаларының жалпы саны – 183. Оның 103-і – медаль, 80-і – төсбелгі. Ең көбі ІІМ-де – 36, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде – 27, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде – 22. Ведомстволық наградаларды оңтайландыру мақсатында нақты қадамдар жасалады, – деді Ақтоты Райымқұлова. Біріншіден, марапаттардың дәрежелері (І, ІІ және ІІІ) алынып тасталмақ. Екіншіден, ұқсас марапаттар, мысалы, «Үздік автокөлікші» және «Құрметті автокөлікші», «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» және «Әділет органдарының үздігі» сияқты төсбелгілер біріктіріледі.
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек патриотизмді нығайту және қоғамдық сананы жаңғырту үшін мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында көшбасшы партия атқарып жатқан шараларға тоқталды. Ол Nur Otan-ның қолдауымен 10 қазанда «Медеу» спорт кешені аумағында биіктігі 40 метрлік тутұғыр орнатылып, көлемі 7х14 метрлік мемлекеттік ту көтерілгенін мәлім етті.
– Түркияда, АҚШ-та мемлекеттік ту жеке аулаларда, тұрғын үйлерде, қоғамдық орындарда, туристік нысандарда ілулі тұрады. Ал біздің қоғамда мемлекеттік туды қоғамдық орындарда пайдалануға, ілуге рұқсат жоқ деген жалған стереотип қалыптасқан. Жұртшылықты қате түсініктен арылту үшін партия «Менің туым, менің Отаным!» патриоттық акциясын қолға алды. Бұл акция мемлекеттік туды қоғамдық орындарда, туристік нысандар мен бағыттарда, сауда ойын-сауық орталықтарында, ЖОО-ларда жаппай орналастыру-ды көздейді, – деді Бауыржан Байбек.
Мемлекеттік хатшы Nur Otan партиясының «Менің туым, менің Отаным!» акциясына республика көлемінде жан-жақты қолдау көрсетуді жүктеді. Ал осы жауапты саланы мемлекеттік деңгейде үйлестіру үшін Қ.Көшербаев Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Геральдика орталығын» құруды тапсырды.
– Мемлекеттік рәміздерге көзқарас – тәуелсіздікке көзқарас. Ол саяси жауапкершілікті, саяси қырағылықты, ширақ қимылды қажет етеді. Бұл маңызды мәселеде біртұтас көзқарас, бірыңғай саясат қажет, – деп түйді Қырымбек Көшербаев.
Ерік ЕРДЕН