Келісіп кеңес құрғанның келешегі кемел
Келісіп кеңес құрғанның келешегі кемел
315
оқылды

Президенттің бірқатар тағайындауларды Қауіпсіздік кеңесі төрағасымен келісуіне қатысты 9 қазандағы №184 Жарлық қоғамда қауесеттер тудырды. Кейбір сарапшылар мен саясаттанушылар гу-гу сөзді қаулатып, «қос би­лік» жайлы түрлі әңгімені қоздата түсті. Шы­нында да солай ма?

«Қос билік» термині тарихта оң із қалдырмаған. Өйткені өткен ғасырдың басында алып импе­рия­ның боданы болған қазақ елі 1917 жылғы Ақ­пан төңкерісінен кейін Ресейде қалыптасқан «Двое­в­лас­тие» – А.Керенскийдің Уақытша өкіметі мен Ле­ниннің Петрокеңесі атты билік жүйелерінің қатар жұ­мыс істеуінің ақыры неге әкелгенін біледі.

 

Ресейдегі «қос билік» бүлігі

Жоғарыда айтылған құбылыс мыңжылдықтар то­ғысында Ресейде қайталана жаздады. Оған ХХ ға­сырдың 90-жылдары ересек, саналы жаста болған қа­зақстандықтардың барлығы куә болды. 1993 жыл­ғы қазанда ресейлік элита билікке таласты бастап кет­ті. Хасбулатов пен Руцкой бастаған Ресей Жо­ғарғы кеңесі мен президент Ельцин арасында кикілжің шықты. КСРО күйрегеннен кейін Ресейде кеңестік мемлекеттің сынығы – Жоғарғы кеңес (ЖК) сақталып қана қоймай, билікке деген монополиясын конституциялық түрде бекітті. Бұған халық сайлаған президент ретінде Б.Ельцин көне алмады.

Айта кету керек, дәл осындай шиеленіс Қазақ­стан­да Тұңғыш Президент Н.Назарбаев пен Жоғарғы кеңес арасында да болғаны құпия емес. Бірақ Елбасы үл­кен даналықпен, қисынын қиыстырар ақыл-ай­ла­мен бұл жағдайды бейбіт түрде шеше алды.

 

Билік транзиті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – Елбасы қа­лып­тастырған, әлем мойындаған, қазақтың жаңа мемлекеттілігінің тізгінін ұстаған Мемлекет бас­шы­сы. Ол – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ізгі саясатының сабақтастығын сақтайтынын мә­лімдеп, сайлауалды бағдарламамен президенттік додада жеңіске жеткен, халық пен халықаралық қоғамдастықтың қолдауына ие болған тұлға.

Елбасы да өз кезегінде республикамызда Мемлекет басшысы жалғыз екенін, бұқара да, элита да соның айналасында топтасқаны, саясатына жан-жақты қолдау көрсеткені маңызды екенін айтып келеді.


Берік УӘЛИ: «МИНИСТРДІҢ СӨЗІ ҚИСЫНСЫЗ»

Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Әділет министрі Марат Бекетаевтың кадрлық тағайындауларға қатысты «соңғы шешім – Қауіпсіздік кеңесінің құзыретінде» деген пікірталас тудырған сөзіне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Sputnik желілік жаңалық агенттігі хабарлады.
«Әділет министрінің түсіндірмесін қисынсыз деп санаймын. Мүмкін Бекетаев мырза тілшілердің қысымынан абдырап қалып, қате тұжырым жасаған шығар. Дегенмен мұндай жоғары деңгейдегі лауазымды тұлға кез келген мәселені өзінің функционалдық міндеті аясында әрқашан біліктілікпен түсіндіруі тиіс» деді ол.
Берік Уәли бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойғысы келетінін атап өтті.
«Конституция – негізгі заң. Құжатта мемлекет басшысының функциясы мен өкілеттілігі анық жазылған. Әртүрлі көзқарас туғызған 2019 жылдың 9 қазандағы жарлықтың ережесі бар. Соған сәйкес, президент «Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілері мен өзге де лауазымды адамдарын қызметке келісу, қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі туралы ережеде» көрсетілген процедуралардан тыс шешімдерді қабылдауға құқылы» дей келе, Президенттің баспасөз хатшысы Президент мемлекеттің басты лауазымды тұлғасы, Конституцияның кепілі, Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде еліміздің Ата заңына сәйкес, үкімет мүшелерін, күштік құрылым басшылары мен өзге де ведомство жетекшілерін, сондай-ақ өңір басшыларын тағайындауға қатысты барлық шешімді қабылдайтынын атап өтті.
«Пікірталас тудырған осы жарлыққа қатысты айтар болсақ, ол тек рәсімдік сипатта ғана. Сондықтан Мемлекет басшысының конституциялық міндеттері мен функциясын атқаруға ешқандай кедергі келтіре алмайды» деген Берік Уәли бұл мәселеге нүкте қойды.


Төл тарих тағылымы қандай?

Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri қауым­дастығының төрағасы Бақытбек Смағұл жур­на­листерге берген сұхбатында қос билік туралы қауесеттер бұл ұғымның мағынасын түсін­беу­ші­ліктен тууы мүмкін екенін нық­тады.

– Бүгінде қазақ елінде қос билік бар ма? Бұл сұрақ­қа сауатты жауап беру үшін ел ішіндегі ахуалға байып­тай қараған жөн. Қос билік­тің басты сипаты – қос хан­­ның, қос патшаның, қос пре­­­зиденттің бір-біріне қарсы тұ­руы, қарсыласының бе­делін түсіруге тырысуы, тіпті елді жә­не жерді екіге бөлуі. Бізде ол бар ма? Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев ұлықтау сал­танатында Елбасының сарабдал жо­лын жалғастыратынын жер-жаһанға жа­рия етті: «Ортақ бір ғана тілек бар: Ел­­­басымыздың жолын, Стратегиясын сақ­тау және оны одан ары нығайту!» деді ол. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев ел­дегі басшы – Президент екенін және ха­лық болып соның айналасында бірі­гуі­міз керегін әлденеше рет қадап айт­ты. «Бүгінде партиямыздың алдында қо­­­­ғамды жұмылдыру, партия атынан сай­ланған Президент Қ.Тоқаевтың маңайына элитаны топтастыру міндеті тұр», – деді Елбасы Nur Оtаn партиясы мен фракциясының мүшелері қатысқан кеңесте. Демек, қос билік туралы жаңсақ пі­кірге арандамай, мынау аласапыран за­манда өз даму жолымыздан танбай, ара­мызды ашпай, бірауыздылықпен алға басуы­мыз қажет! – деді Бақытбек Смағұл.

Қалаулы Президент Қ.Тоқаевтың сай­лануымен бірге Қазақстанда билік тран­зитіне қатысты белгісіздік кезеңі де аяқ­талғанын атап өтті.

 

«Президент – басшы, біз – қосшы»

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев те «қос билік орнауының» сипаты елдің екіге жарылуы деген пікірді қостады.


– Қос билік дегеніміз не? Бұл екі субъект бір объектіні, айталық, мемлекет пен елді өзара бөліске салуға таласады де­ген сөз. Олар өзара келіспейді, тек керіседі. Соның кесірінен объект сыртында және ішінде кернеу туады. Ол нысандағылар әбден дағдарады. Халық бізде ондай қы­сым көріп отыр ма? Жоқ! Екі басшы әр жаққа тартқандықтан, мемлекет қай­да барарын білмей, дағдарады. Бізде ол бар ма? Байқалмайды. Валюта баға­мы белгіленген дәлізде құбылуда. Қор бир­жасы да құлдырап жатқан жоқ. Эко­но­микада да, саяси салада да қос билікке тән белгілер жоқ деген ойдамын, – деді ол.  

Оның айтуынша, Қауіпсіздік кеңесі мен оның төрағасына қатысты өзгерістер был­тырғы 5 шілдедегі заңда қабылданған.

– Содан бері ештеңе де өзгерген жоқ. Барлық принципті шешімдерді іс ба­сындағы Президент қабылдайды. Қол­даныстағы заңнамада қос билікке еш негіз жоқ. Мен бұл түтіннің қайдан бық­сып жат­қанын білемін. Оларды «всеп­ро­па­льщики» деп атауға болады. «Барлығы жа­ман» деп сөйлеуді жақсы көретін бұ­ларды «дивандағы саясатшысымақтар», блогерлер арасындағы хайпқа әуестер құ­рай­ды. Олар үшін тақырыптың не ту­ра­лы екені маңызды емес, әйтеуір лайк жинап берсе болды. Тіпті салмақты дәйектемелер де келтірмейді. Тек әзіл-әжуасын тықпалайды. Бұларды қол­дау­дың, тыныштық пен тұрақтылыққа нұқ­сан келтірудің қажеті жоқ. Сондықтан бұл мәселеге нүкте қойған жөн, – дейді де­пу­тат Павел Казанцев.

Ол өркениетті елде мемлекет кор­пора­тив­ті түрде басқарылатынын ескертті. Ал Қазақстанда ел қауіпсіздігіне жауап бе­ре­тін алқалы орган Қауіпсіздік кеңесі мемлекетті басқаруға қатысады.

Мәжіліс депутаты Артур Платонов та сай­ланған Мемлекет басшысы Елбасы сая­сатының сабақтастығын сақтаған жағдайда қос билік туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз екенін айтады.

– Біз Қ.Тоқаевтың өз саясатында, бар­лық стратегиялық және әлеуметтік бағ­д­арламаларында осы қағидатты бірізді және мүлтіксіз сақтап отырғанына куә болу­дамыз. Елбасының да, Президенттің де ішкі және сыртқы саясатқа деген көз­қарас­тары бірдей. Екеуінің саясатына да ха­лықтың әл-ауқатын ары қарай арттыру мұ­раты негіз болып қаланған, – деді де­пу­тат.

Президенттің кейбір лауазымдарға кан­дидаттарды Қауіпсіздік кеңесімен ке­лісуіне қатысты пікірін білдірген ол мұн­дай тетік қазіргі алмағайып заманда жан-жақты таразыланған шешім қабылдау үшін маңызды екенін алға тартты.

– Билік транзитін бастан кешкен кез келген мемлекет бұл тынышсыз әрі күрделі ке­зеңнен табысты өту жолдарын іздейді. Әлем­де қазір ақырын болжап білуге бол­майтын қиын ахуал қалыптасуда. Ол қо­ғамдардағы жіктелуге, қақтығысты жағ­дайларға, тіпті кей мемлекеттің жерінің тұ­тас­тығы мен тәуелсіздігін жоғалтуына соқ­тыруда. Сондықтан Елбасы ұсынған бей­біт билік транзиті үлгісін өзге елдер де зерделеуде. Осы жауапты әрі тарихи ме­зетте саясатты да дұрыс түзе білу керек. Әл­дебіреуге біздегі бірауыздылық пен тұ­тастық ұнамауы да мүмкін. Бірақ ел бас­шылығы өз халқының игілігі үшін тәуелсіз сая­сат жүргізуін жалғастыруда, – деді А.Платонов.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев би­лік­тің екіге жарылып, сеңдей соғысуы, сер­гелдеңге түсуі байқалып отырмағанын мә­лім етті.

– Қазақстан жылдар бойы қолайлы биз­нес ахуал түзді. Қос билік орнаса, ши­рек ғасырдан астам уақыт бойғы ең­бек еш кетеді. Бизнеске, инвесторларға тұ­рақ­тылық керек. Тайталастар, қақтығыстар қа­жет емес. Сол себепті біз сабақтастықты, тыныштықты қалаймыз. Республикамыз Орталық Азияның көшбасшысы саналады. Көшбасшылықты сақтау ел ішіндегі бір­­лік пен келісімнің, тұрақтылық пен қауіп­сіздіктің ары қарай сақталуына бай­­ланысты. Ендеше Президент Жар­лы­ғы сол сабақтастықты нығайта түсуге ба­ғыт­талғанына сенімдімін, – деді Н.Әлтаев.

Ол конституциялық реформа бары­сын­да, Парламенттің де өкілеттігі күшей­тіл­геніне назар аудартты.

Олай болса, мұның барлығы «Күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп бе­ре­тін Үкімет» саяси формуласының қи­сын­ды қадамдары.

Ел Президентінің кеңесшісі Ерлан Қа­рин «қос билік» туралы сөздерді «негізсіз, бос әңгіме» санайды.

– Себебі Конституциямыздың негіз қа­лаушы қағидаттары өзгерген жоқ. Ата заңымыздың 2-бабына сәйкес, Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы бір­тұ­тас мемлекет. Оның 40-бабының 1-тармағында мемлекеттің ішкі және сырт­қы саясатының негізгі бағыттарын Президент айқындайтыны жазылған. Елбасы баршамызға ортақ мақсат жаңа Пре­зидентті қолдау керегін, қос билік бол­майтынын бірнеше рет кесіп айтты. Ал жаңа Жарлық Президент пен Елбасы инс­титуттарына емес, көбіне Президент Әкім­шілігі мен Қауіпсіздік кеңесі аппараттары арасындағы өзара, ішкі әрекеттесу жүйесін бірыңғайландыруға ғана қатысты. Яғни, бұл – процедуралық, техникалық мәселе. Ешқандай қаққа жарылу, қос билік жоқ, – дейді Е.Қарин.

Ата заң бойынша, Конституция ке­пілі, мемлекеттегі ең басты лауазымды тұл­ға, Жоғарғы бас қолбасшы ретінде ел Президенті Үкімет мүшелерін, өңір бас­шыларын, басқа да ведомство же­тек­шілерін тағайындауға қатысты барлық ше­шімдерді қабылдайды.

Бұл ретте Қауіпсіздік кеңесі төра­ға­сы­мен келісу – процедуралық сипатқа ие және мемлекеттік маңызды шешімдердің жан-жақты сараланып, сарабдал түрде қа­былдануына үлес қосады.