Құлаған үй үрей тудырды
Құлаған үй үрей тудырды
291
оқылды

Еліміздің бас қаласында жантайып барып, гүрс етіп құлаған көпқабатты тұрғын үй елдің үрейін ұшырды. Бұл оқиға түнде болыпты. Сондықтан алдымен жақын жердегі үйлердің тұрғындары қатты дүмпуді ести сала, жарылыс болған екен деп шошынған.

Ал таң ата қасынан өткен астаналықтар сұлап жатқан «сақалды құрылысты» көріп, Қараған­дыдағы «Бесобадай» тағы бір ғимарат құлаған екен деп алаңдады. Содан әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жұртшылық күл-тал­қаны шыққан үйдің фотосуретін және ви­део­сын өзара бөлісіп, әртүрлі жорамалдар жасады.

«Мұндай көзбояушылықпен, талаптарды бұза отырып тұрғызылған қауіпті құрылыс ны­саны қолданысқа берілгенде, құрбанға соқтыруы да ықтимал еді» деген болжамдар айтылған.

Алайда артынша Нұр-Сұлтан әкімдігі бұл байламдарды жоққа шығарды. Жергілікті билік­тің мәлімдеуінше, құрылыс нысаны бұл жолы өзі құламаған. Салынып бітпеген «Терри­тория комфорта-1» тұрғын үй кешенінің бірінші корпусы әдейі күресінге жіберіліпті.

– Техникалық зерттеу қорытындысы бойын­ша және төтенше жағдайлар жөніндегі депар­таментінің қорытындысына сәйкес, «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенін бұзу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс бастапқыда қол комп­рес­сор­ларымен темірбетонды плиталарды үгу әдісі бо­йын­ша жүргізілді. Алайда аталған жұмыстарды ат­қару барысында нысанның өне-бойында сызат-жарық пайда болды. Жұмысшылардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мақсатында, яғни қабыр­ға­лар олардың үстіне құламауы үшін ғимаратты аула жаққа қарай бағдарланған түрде құлату әді­сімен күресінге жіберу туралы шешім қабыл­данды, – деп түсіндіреді елордалық әкім­діктің бас­пасөз қызметінің басшысы Ақмарал Олжабаева.


Оның мәліметінше, бірінші корпусты мақ­сатты түрде құлату 24 қазанда табысты түрде жү­зеге асырылды.

Негізі бұл ТК блоктарын бұзу жұмыстары қыркүйек айының басында бастау алған. Өйт­кені тұрғын үй сапасыз материалдардан салын­ған. Проблемалық нысанда Нұр-Сұлтан қала­сының әкімі Алтай Көлгіновтің өзі де болып қайтты.

Тұрғын үй кешенінің құрылысы 2004 жылы басталыпты. Кейін құрылыс компаниясы жұмысын доғарып, 500-ден астам үлескерін аңыратып тастап кетті. Олар нысан жанында жиі жиналып, наразылық білдіретін. Содан арнайы техникалық зерттеу жүргізіліп, ол нысанның апатты жағдайда екенін көрсетті.


– Неге біз жаңа ғимараттың құрылысын аяқ­татқызбай, бұзудамыз? Себебі №500 маркалы бетон орнына нашар №250 бетон пайдаланылған. Бұл конструкция адамға баспана болуға жарамайды. Арматуралар түйісетін тұстарда кей жерінде дәнекерлеу де жоқ. Егер бұл үй қол­данысқа берілгенде, ол өз салмағымен езіліп, толық болмағанымен, біраз бөлігі міндетті түрде күйрейтін еді, – деді ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Нұр Астана құрылыс» ЖШС демонтаж жөніндегі жоба басшысы, осы ғимаратты бөлшектеумен айналысып жатқан Алиакбар Үмбеталин.

Жалпы, ТК-ның барлық корпустарын бұзуды жыл соңына дейін аяқтап, орнына жаңа құрылыс бастау жоспарланып отыр.

15 жылдан бері баспанасын зарыға күткен жарты мыңнан астам үлескер жаңа нысаннан пәтер алады деп күтілуде.


Елдос СЕНБАЙ