Жамбылдағы жанжал: Аурухананың бас дәрігері қызметтен кетті
Жамбылдағы жанжал: Аурухананың бас дәрігері қызметтен кетті
175
оқылды

Бұл туралы Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Биыл шілде айында аудандық аурухананың қызметкері Фарида Жанбатырова «мекеме әкімшілігі коронавируспен күреске байланысты мемлекет берген үстемеақының бір бөлігін қайтаруды талап етіп жатыр» деп шағымданған. Шағымы әлеуметтік желіге жарияланған соң ауданға қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия аттанған болатын.

Қызметтік тексеру нәтижесінде,  Фарида Жанбатырованың келтірген кей деректері расталды. Ұжым ішінде жайсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқаны анықталды. Оған емдеу мекемесі әкімшілігінің кәсіптік міндеттеріне жауапсыз қарағаны әсер еткен» делінген ресми хабарламада.

Осы іс бойынша тергеу әлі де жүріп жатыр. «Тәртіп бұзғаны үшін бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары А. Байтөреев қызметінен босатылды. Өз кезегінде бас дәрігер Алпысбай Батихан денсаулық жағдайына байланысты демалысқа шығып кеткен. Сондықтан еңбек заңнамасына сәйкес, оны қызметінен босату мүмкін болмады. 2020 жылдың 5 қазанында Алпысбай Батихан жұмысқа шығып, 20 қазан күні тағы бір рет уақытша жарамсыздық парағын аштырған. Денсаулық сақтау басқармасымен тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде емдеу мекемесі басшысының демалысқа негізсіз шыққаны анықталды. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушының 2020 жылдың 26 қазанындағы бұйрығына сәйкес,  Алпысбай  Батихан тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметінен босатылды» делінген ресми мәліметте. Аурухана басшысына қатысты тергеу әлі де жалғасып жатыр.