Эмоционалды интеллект маңызды ма?
Эмоционалды интеллект маңызды ма?
9,471
оқылды

Жерінде жұт болған соң тауды көтеріп әкелген Толағай естеріңізде болар. Толағайдың тақырыпқа не қатысы бар дерсіз. Тікелей қатысы бар. Өйткені адам эмоциясы – алапат күш. Тас жарып, тау көтерер қауқары бар. Тек оны лайықты түрде басқара білу маңызды.

Эмоционалды интеллект де­ге­німіз – адамның өз эмо­циясын қабылдап, кәдеге жарата білуі. Кез келген тапсырманы тиімді ше­шу үшін эмоциясын игеру қа­білеті. Эмоция – энер­гияның кө­рінісі. Сондықтан барынша эмо­циялық ойлауды дамыту керек. 

90-жылдардың ортасында Дэниел Гоулманның «Эмоцио­налды интеллект: IQ-дан да ма­ңызды» психологиялық бест­­селлері жарық көрді. Белгілі жур­налистің зерттеу еңбегі көп­шілікке ой салды. Кітабында ере­сектер мен балаларды бірге зерт­теген. Қорытынды шығар­ғанда баланың қандай отбасында тәрбиеленгені, мектепте, уни­вер­ситетте алған бағасы үлкен өмірге сүйеу бола алмайтынын көрсет­кен. Адамның қоршаған ортамен байланысы, яғни эмо­цияны иге­ре алуы болашағына кепіл бола алатынын жазған. Жеке өмірде де эмоцияның ық­палы зор. Қарым-қатынас ор­нату, жаңа ортаға сіңісу аталған тақырыппен бай­ла­нысты екен. Мұны бұрын­нан білеміз ғой де­уіңіз мүмкін. Бірақ бұл – сіз ойла­ғаннан да күр­делірек та­қырып. 

Ежелгі гректер ақылды адам деп ақыл-ой, логика, эмоция үш­ті­гін біріктіре алатын тұлғаны айтқан. Эмоциялық интеллект­пен ойлауды алдыңғы орынға қойған. Бұл екі жарым мың жыл бұрын тіркелген дерек екен. Со­ған қарамастан, адам эмоция­сы мәселесі – әлі күнге өзекті тақырып.

Бірқатар ғалым эмоция әле­мін зерттеуге бел буған. 1870 жы­­лы Чарльз Дарвин сыртқы кө­рініс арқылы адам эмоциясын зерт­теу­ге талпыныс жасады. 1920 жы­лы америкалық психо­лог Эдвард Торндайк алғаш рет әлеу­меттік ақыл-ой ұғымын ғы­лымға енгізді. Ол мұны «Адам­­ның қор­шаған ор­тамен қа­рым-қатынаста ақыл­ға қо­ным­ды әрекет ету қа­білеті» деп түсіндірді.1983 жылы Говард Гарднер интеллектін Ішкі және тұлғааралық деп бөліп, интел­лект теориясын ұсынды. Деген­мен Гоулман еңбегі бәрінен асып түсті. Ұғымды көпшілікке кеңі­нен танытып, өзінше әрекет етуге үйретті. 

Осындайда IQ не үшін керек деген сұрақ тууы мүмкін. IQ – ақыл-ой қабілетінің объективті көр­сеткіші. Интеллект коэффи­циенті адам­ның мектептегі, жұмыстағы дең­гейін анықтайды. Ал эмоционал­ды интеллект ұжымда жұмыс істеу қабілетіне және әріптес­терінің көңіл күйіне әсер етеді. IQ-ге қарағанда EQ-ді реттеу мен көтеру оңай.

Мысалы, жұмыс берушілер жоғары ақыл-ой қабілетін ба­ғалайды. Бірақ 1-орынға қой­май­ды. IQ көрсеткіші жоғары адамға көппен тіл табысу қиын болуы мүмкін. Сондықтан көп­теген ірі компаниялар эмоцио­налды интеллекті бар жұмыс­шы­ны қа­лайды. Эмоционалды интеллек­тіні тексеретін арнайы тест бар. Шетелде жұмыс беру­шілер атал­ған тесті қолданады екен. Шы­нымен де, ортамен ұйыса жұмыс істеп, көңіл күйі тұрақты болатын маман кім-кімге бол­масын қажет. 

EQ әсер ететін бірнеше фак­тор бар. Өз-өзіңді тану, шыңдау, мотивация, эмпатия және әлеу­меттік дағды. Өзін-өзі тану – се­зім мен  іс-әрекет арасындағы бай­ланысты ұстауға жәрдем б­е­реді. EQ-і жоғары адам өзін шың­дай түседі. Өзіне сұрақ қоюға,  мәселені шешуге бейім келеді. Ол бәрін жеңіл қабылдауға тырыса­ды. Бұл оған мотивация сыйлай­ды. «Мүмкіндікті байқап көрме­сең, ұтыласың» деп ештеңеден бас тартпайды. Сынап көреді, жеңеді. Маңыздысы – эмпатия.  Эмоциялық интеллект басқаның не сезінетінін және ойлайтынын түсіне білуге әкеледі. Нәти­же­сінде, сіз риторикалық әдіспен жұмыс істеуді үйренесіз. Сендіру техникасын меңгересіз. Әлемде атал­ған дағдылар бойынша эмо­циялық интеллектке бейім­дейтін мектептер бар. Олар ба­ланы жас­тан эмоциясын басқара білуге, жақсы іске ұмтылуға үйретеді.

Егер тарихи мысалға жүгін­сек, дана билеушінің үлгісі ре­тінде үнді императоры Ашок еске түседі. Оның эмоциялық интел­лекті жоғары болыпты. Махатма Ганди болса, эмпатияға қабілетті көшбасшы. Эмпатия – эмоцио­нал­ды интеллектің құ­рам­дас бө­лігі. Қызығы, Трампты ел басқару да­ғдысына қарамастан, эмоция­лық интеллекті төмен көшбасшы деп сөгеді екен. 

Сонымен, осындай сұрақ туын­дауы мүмкін: EQ индикато­ры бойын­ша эмоциялық интел­лекті төмен екенін қалай білуге болады? Бі­рінші фактор – өз-өзіне және өз іс-әрекетіне сенім­сіздік. Екін­ші­сі – шамадан тыс өзін-өзі сынауға бейім болу. Үшіншісі – қоршаған ортамен тіл табыса білмеуі. Яғни, эмоциялық ой­лауы төмен адамда басқалармен қарым-қатынас орнату қиынға түседі. Араласып кете алмайды. Айналасындағы әрекеттерге тез арада жауап қатпайды. 


Петридес әдісі

Белгілі профессор Конс­тан­тинос Петридес – эмоционалды интеллекті зерттеп жүрген ғалым. Ол «Эмоционалды ин­тел­лектің белгілері» атты кітап жазған. Сол кітапта EQ-ді та­нуға арналған бірнеше әдіс ұсынған. Оның айтуынша, ең алдымен, өзіңізге «Мен кіммін?» деген сұрақ қоясыз. Содан кейін ғана «Нені сезіп тұрмын?» деп сұ­рауды жал­ғастырасыз. Тәсілдің мәні – адам өзін түсініп, эмо­цияларын тануы керек. Осыдан кейін айнала­сын­дағылардың сезімін талдап үйрену қажет.

«Мұны істеу оңай емес. Өмір бойы адамдар сырттан бақыт табуға тырысады. Осылайша, сыртқы жетістік – табыстың ви­зит карточкасы есебінде. Адам мектепті аяқтап, беделді универ­ситетке түсіп, жоғары ақы төле­нетін жұмыс іздейді. Ең жақсы жарды, ең жақсы үйді, машинаны таңдайды. Ол үнемі өзі қалыптас­тырған биікке шығуға тырысады. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі ол өзінің ішкі қажетін түсінбейді. Бәрін сыртқы факторға байлап қояды. Мүмкін оның қалағаны басқа шығар. Сондықтан адам қағи­даны бұзып үйренуі керек. Жо­ғарыдағы әрекетке бейімдел­ген ол белгілі бір уақытта бақыт­сыз екенін түсінеді. Кейде бұл тым кеш болады. Лондонда осын­дай адамдар көп. Сыртынан табысты және позитивті болып көрінеді. Алайда іс жүзінде күй­зелісте жүреді», – дейді Петридес. 

Профессор адамдарға шы­найы өмір сүруге кеңес береді. «Эмоцияны шығарып, ішкі өзіңді іздеуге ұмтыл» дейді. Эмо­ция адам­ды басқарса, қиын бола­ты­нын, сол үшін эмо­цияны бас­қару­ды үйрену керегін айтады. Келесі тәсілі – медитация. Егер адам іштей өз­геріске дайын бол­са, қолы­нан келмейтіні жоқ екен. Ал мұны AQ деп атайды. Adaptation quality – өзгеріске бейім­де­ле білу. Яғни, өзгеріске кім тез бейім­делсе, сол мықты. 

IQ, EQ, AQ болсын, адам ішкі менін жоғалтып алмауы керек. Жоғарыдағының бәрін көтеруге, қалыптастыруға бола­ды. Ішкі менді жоғалтсаңыз, өмір мәнін жоғалтады.



Айзат АЙДАРҚЫЗЫ