Асығамын деп ажал құшты
Асығамын деп ажал құшты
319
оқылды
Жыл өткен сайын жол бойында ажал құшатын кісілердің са­ны артып барады. Тек соңғы 5 жылда Қазақстанда 80 мың­дай жол-көлік оқиғасынан 6 300 адам қайтыс болған. Орта есеп­пен тәулігіне 8 оқиға тіркеліп отырған. Мәселен, былтыр жолда 19 мыңға жуық апат болыпты. Себеп әртүрлі. Тек 2018 жылы 25 мың жүргізуші арақ ішіп, көлік жүргізген екен. Жаяу жүргіншілер де айыпты. Соңғы 5 жылда олар 171 мың рет жол ережесін бұзған. Алайда олардың бар­лы­ғында жаяу­дың айыбы болмауы мүмкін. Себебі жол полицей­лері көбіне ең аз айыппұл тағайындайын деп көлік жүргізу­шілеріне жеңілдік жасайтыны бар.

Жыл сайын әлем бойынша жол-көлік оқиғаларында 1,25-1,35 млн жан көз жұмады. Бұл жер бетіндегі түрлі жанжал, соғыстың құрбандарынан 20 есе көп. Ең жиі көз жұматындар – мотоцикл жүр­гізушілері (23%) мен жаяу жүр­гін­шілер (22%). Бір қызығы, мем­ле­кеттің табыс көлемі жол бойындағы өлім көрсеткішіне де әсер етеді. Мәселен, 100 мың адамға шақ­қан­да Бурунди мен Зимбабведе 34,7 адам қайтыс болады, ал Норвегия мен Швейцарияда 2,7 кісі. Қа­зақстанда – 17,6 адам. Елімізде 2015 жылдан бері жол-көлік оқи­ға­ла­рынан 11 мың адам қаза тап­қан, 120 мың адам әртүрлі жарақат ал­ған. Ал 1979-1989 жылдар ара­лы­ғында Ауған соғысында 947 қазақ­стандық сарбаз көз жұмған. Бейбіт кезеңдегі және соғыс ке­зіндегі адам шығынын салыстыра беріңіз.

Жалпы, елді мекендер үшін қауіпсіз жылдамдық шегі сағатына 50 шақырым екен. Себебі бұл жылдамдық жол кептелісіне әкел­мейді және көлік соқтығыса қалса, шығын да көп болмайды. Сол үшін Еуропаның көптеген қаласында ортақ жылдамдық шегі бар: қала көшесі – 50 км/сағ, халық тығыз ор­наласқан қаланың аудандарын­да – 30-40 км/сағ, бірнеше жо­лақ­ты кең көшелерде – 70-80 км/сағ. Бұл сандар – ауадан алынбаған, сараптама, зерттеулердің нәтижесі.

Бұдан бөлек, мамандар жоғары жылдамдық жол-көлік апатында жаяу жүргіншінің о дүниеге аттану мүмкіндігіне тікелей ықпал ете­ті­нін айтады. Мәселен, көлік 30 км/сағ жылдамдықпен жылжыса, жаяу адамның көз жұму мүмкіндігі 15 па­йыз, ал 50 км/сағ жылдамдықта – 60 пайыз, енді осы шектен сәл асып, көлік адамды 60 км/сағ жылдамдықпен қағып өтсе, оның өліп кету мүмкіндігі 100 пайыз екен. Егер адам 80 км/сағ жыл­дамдықпен келе жатқан көлікпен соқтығысса, бұл 10-қабаттан құ­лағанмен бірдей. Ал ондай биіктен құлаған кісінің тірі қалуы екіталай. Міне, осы себепті 50 км/сағ ең тиімді жылдамдық саналады.

Ал Еуропаның ең ірі қалала­рындағы жылдамдық шегі қандай? Берлин мен Париждің орталық және тар көшелерінде көлік тек 30 км/сағ жылдамдықпен жүре алады, басқа көшелерінде – 50 км/сағ. Қа­ладағы магистральдар мен авто­бандарда санатына қарай 60, 80 шақырым жылдамдықпен жү­руге рұқсат берілген. Ал кейбірінде жаяу жүргіншілер жолағы мүлдем болмаса, онда көлік спидометрі 110 км/сағ көрсете алады.

Жалпы, адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғалары қала ішінде жиі тіркеледі. Егер көлік жылдам­дығын сәл кемітсе, біреудің өлі­мі­не себепші болмас еді. Адам қан­­ша асықса да, жылдамдығын 50 ша­қырымнан асырмаса, еш жерге кешіге қоймас. Кешіксе де, одан өзгерер нәрсе шамалы. Есесіне, ешкімді мүгедек етпейді, өмірін қимайды, өзі де аман қалады.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА