Қазір ауыл мұғалімдерінен мектептегі интернет туралы сұрай қалсаң көпшілігі білім ордасында әлі күнге дейін ол жарытып жұмыс істемейтінін, іс жүзінде интернет жүйесі көп ауылда бар болғанымен, сапасы сын көтермейтінін айтады. Расында да шалғай елді мекендерде қолжетімді интернетке қолы жетпей отырғандар қаншама?!
Білім беру саласын цифрландыру – нәтижелі жұмыстарға бастайтын игі қадам дейміз. Өйткені елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту бойынша алда атқарылатын нақты жұмыстар қарастырылған. Атап айтқанда, ақылды технологияның қарыштап дамыған заманында ауылдық елді мекендерді де кең жолақты интернет желісіне қосу жайы күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналды. Әсіресе, интернетке қосылатын, интернетке қосылу жылдамдығы мен жаңа ақпараттарға қолжетімділігі артатын мектептер санын көбейту маңызды болып отыр.
Қазан айында өткен Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдардағы бағдарламасының іске асырылуына арналған Мәжілістегі Үкімет сағатында Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Қазақстан бойынша 93 мектеп интернет желісіне мүлдем қосылмай қалғанын айтқан болатын. Оған жауап ретінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин ауыл мектептері 2020 жылдың соңына дейін интернетпен толық қамтамасыз етілетінін жеткізді. Оған: «Осы жылдың соңына дейін облыстық және аудандық мектептер 100 пайыз интернетпен қамтылады. Ал 2020 жылдың соңына дейін барлық ауыл мектептері интернетке толықтай қосылады» деген сөзі дәлел.
Иә, халықты мектеп инфрақұрылымының бүгінгі жай-күйі алаңдатады. Көптеген ауылдық елді мекендерге әлі күнге дейін сапалы желілік байланыс жүйесі жетпегені былай тұрсын, кейбір шалғай ауылдарда мектептің болмауынан біраз оқушылардың тұрғылықты жері бойынша оқуға мүмкіндігі де болмай отыр.
Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту жөнінде, ауыл мектептерінің жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылуындағы түрлі кедергілері туралы Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованың Nur Otan партиясының орталық аппаратында өткен жиында айтқан мына бір сөзіне назар аударайықшы. «Ел-елді, жер-жерді аралап жүргенімізде байқағаным, ауыл мектептеріндегі интернет мәселесі толық шешілмегеніне көзім жетті. 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін 6 603 мектеп интернет желісіне 4 мегабитпен қосылыпты. Ал жалпы республика бойынша 7 393 мектептің 93-і интернет желісіне қосылмаған. Алдыңғы легте Батыс Қазақстан облысы тұр. 30 мектеп интернет желісіне қосылмаған. Түркістан облысында 15 мектепке әлі интернет жете қоймаған. Ал Ақмола облысында 8 мектепте интернет атымен жоқ».
Міне, біз қозғап отырған желінің жайын жоғарыдағы мәліметтерден білуге болады. Бақытгүл Қайыржанқызы:
«Kundelik.kz-ке кіре алмай жүргеніме 1 апта болды. Интернет өте нашар жұмыс істейді. «Логин мен құпиясөзімді айтайын, оқушыларымның қорытындысын шығарып берші» деп әркімге бір жалынамын. Педагогтарды қағазбастылықтан арылтайық деген бастамамен қолға алынған дүние ауыл мұғалімдерінің қолын қайта байлап отыр. «Қазақтелеком» компаниясымен келісімге отырған кезде секундына 10 мегабит жылдамдық болатынын көрсеткен. Бірақ бізде қазір шкала 4-ті көрсетіп тұр. Хат та жолдадық, арыз да жаздық, жауап болмады. Содан мектеп ұжымы ақша жинап секундына 19 мегабит болатын интернет желісін сатып алдық. Оның да сорпасы татымайды, небәрі 6 мегабитті көрсетіп тұр» дейді ауылдағы мұғалім. Білім және ғылым министрінің мәліметінше қазіргі уақытта цифрлық ресурстар барлық мектепте онлайн және оффлайн режимдерінде 3 тілде енгізіліпті. Интернет жетпей жатқан кезде қайдағы онлайн сабақ?! Депутат ретінде 4 жыл ішінде ауылды жерлерде ешқандай да мұндай нәрсені әлі көрген жоқпын» дей келе, халық қалаулысы шуға айналған интернет мәселесіне қатысты бірқатар ұсынысын айтты.
– Біріншіден, интернетке қосылу жылдамдығын арттыру мақсатында тиісті шаралар жауапты министрліктермен бірге қолға алынуы керек. Ешқандай жылдамдық сын көтермейді. Ол жылдамдық сын көтерсе, мен айтқан мұғалім қазір Kundelik.kz-ін ашып, баланың сабағын шығарып, басқа да нәрселерді қарастырар еді. Жылдамдық жоқ. Оны мойындау керек. Екінші, кейбір шалғай ауылдарда интернет спутник пен антенна арқылы жалғанып отыр. Аталған мәселені қолға алып, интернет қосылымын жаңаландыру керек деп ойлаймын. Үшінші, қазіргі уақытта «Қазақтелеком» акционерлік қоғамға жалғыз монополист болып отырғандығы рас. Кез келген өңірлерден сұрасаңыз, интернеттің жылдамдығын қолдан төмендету фактілері бар екенін айтады. Министрлік мекеме басшылығымен арнайы кездесіп, мәселені анықтап, елге тиімді тұсы саралануы керек. Төртінші, ең бастысы, мектептің бюджетін ескеруіміз қажет. олар жылдамдығын көтермей тұрған интернет желісіне миллиондаған қаражат төлейді. «Шықпа жаным, шықпамен» отырған білім ұйымдары жетерлік. Барлық жалпы білім ұйымдарына жеңілдетілген тариф қоюымыз керек. Бесіншіден, «қосылып жатырмыз, санымыз 6 000-нан асты» деп құр мақтанып, құр ұрандатудың қажеті жоқ. Нақты іске көшетін кез келді, – дейді Бақытгүл Хаменова.
Цифрландыру бағытында атқарылатын жұмыстар әлі де пысықтауды қажет етеді. Соған сәйкес озық технологиялар да халыққа қолжетімді болуы керек. Оның игілігін шалғайдығы тұрғындар көрмесе, интернеттің баяулығынан түрлі кедергілерге тап болса, өзекті ақпаратты дер кезінде жеткізетін, әлемдік кеңістікке еркін жол ашатын интернеттен не пайда?!
Жоғары жылдамдықты интернет білім сапасын арттыруға мүмкіндік ашады десек, желіні жақсартуға қарекет қылғанымыз жөн. Өйткені ХХІ ғасырды интернетсіз елестету мүмкін емес. Яғни, «интернетсіз дүние бос» дейтін жағдайға жеттік. Оның үстіне интернет болмаса, жұмыс та өнбейтін болды. БАҚ беттерінде жыл соңына дейін Қазақстанның үш қаласына 5G қосылады деген ақпарат тарап жатыр. Бұл жаңалықты интернет тұрмақ жай телефонмен сөйлесуі проблемаға айналған тұрғындар естісе таңғалары анық. Сондықтан алдымен электронды үкімет пен цифрлық жүйеге көшуді ауылдардан бастасақ екен.