Жалған диплом Жамбылдан да шықты
Жалған диплом Жамбылдан да шықты
201
оқылды

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының прокуратурасы орта мектептің орыс тілі пәні мұғалімінің жалған дипломмен 2 жыл бойы білім беріп келгенін анықтады. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жылғы 15 қазандағы сот үкімі­мен аталған адам жалған дипломды пай­даланғаны үшін 80 сағатқа сотталып, мемлекет кірісіне 1 млн теңгеден астам залал өндірілді. Осыған ұқсас дерек Ақмола облы­сында да тіркелді. Аталған өңірдегі 12 пе­дагогтің ауылдық жерлерде жалған дип­ломмен жұмыс істегені әшкереленді. Облыстық Полиция департаменті бас­пасөз қызметінің мәліметінше, ол мұға­лімдер математика, қазақ тілі пән­де­рінен сабақ беріп келген. Бір мысал, биылғы 16 қазанда поли­ция қызметкерлері өңір­дегі ауыл­дардың бірінде тұра­тын 31 жастағы әйелдің жалпы білім беретін мектепке педагог ретінде жұмысқа орналасуы үшін ау­дандық білім бөліміне жоғары білім жөнінде жалған диплом бергенін анық­тады. Жалған педагогтің үстінен Қыл­мыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі («Жалған құжат, штамп, мөр, бланк, пошта төлемінің мемлекеттік белгісі, мемлекеттік награда жасау және сату») бойынша іс қозғалды. Күдікті қыл­мысын мойындады. Ол дипломның жал­ған еке­нін білген және оны сатып алу үшін қыруар ақша төлеген. Дипломы жалған мұғалімдердің барлығы 2 жыл­дан астам уақыт жұмыс істеген.

 Тұмар МЫРЗА