Ұлттық қауіпсіздік комитеті жаһандық деңгейдегі жанжалдың алдын алды. ҰҚК қызметкерлері Қызылорда облысы аумағында бірнеше қапшыққа толтырылған 240 келі уран концентратын сатпақ болған ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады.
Сарапшылардың байламынша, қазіргі кезде радиоактивті заттардың таралуын бақылау әлемде барған сайын күрделене түсуде. Технологиялардың дамығаны сонша, бірнеше қапшық түгіл, уранның шамалы ғана көлемі «лас бомба» жасауға жетіп қалатын көрінеді. Ал әскери мамандар кез келген қаланың орны толмас қасіретіне айналар ондай алапат жарылғыш затты дайындау тәсілін меңгергендер лаңкестер арасында бар екеніне назар аудартады. Егер «лас бомба» лаңкестердің қолына түссе, ең қорқынышты сценарийлер шындыққа айналуы ғажап емес.
Сондықтан Қазақстанның құзырлы органдары өз жерінің қойнауындағы бай уранның өндірісін және тасымалын кірпік қақпай қырағы қадағалауға күш салуда.
ҰҚК дерегінше, қазір ғана жария етіліп отырған арнайы операция 2019 жылдың 23 қазанында жүргізілген.
– Арнайы операция нәтижесінде қылмыстық топтың 4 мүшесі қылмысы үстінде ұсталды. Оларға Қылмыстық кодекстің 283-бабының 2-тармағы бойынша «радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеді» деген күдік келтірілді, – деп мәлім етті ҰҚК баспасөз қызметі.
Ядролық физика институты мамандарының қорытындысына жүгінсек, тәркіленген уран концентраты қауіпті радиоактивті зат болып есептеледі. Ол заттың радиация деңгейі рұқсат етілген нормадан бірнеше есе асып түскен және тиісінше, қоршаған орта мен халық денсаулығына салмақты қауіп-қатер төндіреді. Мамандар оның радиологиялық және токсикологиялық зардаптары зор деп отыр.
Тергеу мәліметінше, радиоактивті затты қылмыстық топ өкілдері ванадий кен орнын игеретін кәсіпорыннан ұрлағанға ұқсайды. Басқа егжей-тегжейі сотқа дейінгі тергеу мүддесіне орай жария етілмеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан – уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. 2019 және 2020 жылдары республикамызда U3O8 атауымен танымал уран концентратының жыл сайын 26-27 мың тоннасы өндіріледі деп болжануда. Ұйымдасқан қылмыстық топ қолына түсірген 240 келі шамамен 529 фунтқа теңеседі.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының дерегінше, алдында күрт төмендегенімен, биылғы жылғы І тоқсан соңына қарай U3O8 споттық бағасы 1 фунты үшін 25-26 доллар арасында тұрақтады. Дегенмен артынша АҚШ-тың сауда саласындағы санкциялық қимылдары кесірінен нарықтың белгісіздік аймағына кіруіне орай маусым айында 24 долларға дейін құлдырауын жалғастырған.
Дегенмен соның өзінде уран бағасы жоғары саналады. 2019 жылдың бірінші жартысында дүниежүзі бойынша U3O8 шамамен 29 миллион фунт көлемінде сатылған. Ал орташа споттық бағасы 1 фунты үшін 26,47 долларды құрады. Салыстырсақ, былтырғы бірінші жартыжылдықта оның шамамен 34 миллион фунты саудаланған. Алайда 2018 жылы орташа баға небәрі 22,14 доллар ғана болыпты.
Негізі, бұл баға нарық жағдайына қарай 45-75 долларға дейін шарықтайды. Әкелер табысы көбейгендіктен, осы салада қылмыстық топтардың күш-жігері де өрістеп жатқанға ұқсайды.
Жалпы, қазақ жерінде өндірілетін аса қауіпті, бірақ аса бағалы уранды ұрлап, сатуға ниеттену фактілері бұрын да болған. Мәселен, 2008 жылы екі келі «Уран-235» радиоактивтік затын сатпақ болған Қазақстанның қос азаматы ұсталып, оларды Бостандық аудандық соты 2 жылға бас бостандығынан айырғаныны хабарланды.
2010 жылғы қыркүйекте Павлодарда уран таблеткаларын саудалаған бір топ азаматтың үстінен жабық сот процесі өтті. Павлодар, Нұр-Сұлтан, Семей және Аягөз тұрғындары болып табылатын бес қазақстандық сотталған. Олар 1,5 келі уран таблеткасын 80 мың долларға өткізуге талаптанғаны анықталды. «Сатып алушы» рөлін ҰҚК облыстық департаментінің қызметкері ойнады. Ол алдымен сынақ үшін құны 80 мың және 120 мың теңге болатын екі таблетканы сатып алған. Жүргізілген сараптама бұлардың 4,7% уран изотопы бар радиоактивті зат екенін көрсетті. Осыдан кейін Шарбақты тасжолының облыс орталығынан алысырақ телімінде таблеткалардың барлық партиясын өткізу бойынша «мәміле» ұйымдастырылған. Қылмысы үстінде қолдарына кісен салынған бес адамнан сонымен бірге автомат қаруы және Макаров жүйесіне жататын тапанша да тәркіленді.
Айыпталғандардың бірі таблеткаларды Аягөзде 2004 жылы таныстарының бірі сақтай тұруға қалдырып кеткенін, алайда артынша ол танысы қайтыс болғанын хабарлады. Содан айналадағы адамдардың денсаулығына қауіпті радиобелсенді материал оның сарайында ашық сақталған. Ақпарат құралдарында ол уран таблеткалары Ресейден әкелінуі ықтимал деген дерек тарады. Қалалық прокуратура залалды заттың шығу тегін анықтау мүмкін болмағанын мәлімдеді.
Бүгінде ТМД аумағында өзге елдер де радиобелсенді заттардың заңсыз саудасының өрістеуі қаупімен бетпе-бет келуде. Мәселен, биылғы жазда Грузияның жетекші ақпарат құралдары «Зиянды армян бизнесі өңірге қатер төндіруде» деп дабыл қақты. Оған Грузия Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің шекарада 71,63 келі «Торий 232» изотопы бар ядролық материалдарды тасымалдаушы армян азаматын ұстауы себеп болды. Бұл бірінші оқиға емес еді.
Осыған байланысты журналистік зерттеу жүргізген грузиялық және ресейлік ақпарат құралдары Арменияда салмақты бақылаудың жоқтығы кесірінен «ядролық қара нарық» қалыптасуда деп топшылады. Мысалға, Армения азаматы U 238 партиясын Грузия арқылы 200 миллион долларға сатуға талаптанған. Бұдан бөлек, грузиялық курорттық Кобулети қаласында контрбарлау департаменті қызметкерлері уранды 3 млн долларға сатқалы тұрған тағы 5 адамды тұтқындады. Армян АЭС-і қызметкерлерінің де осы қылмыспен қолға түсуі біраз жайттен хабар бергендей. Кеңес кезінде осы республикада уран мен торий кен орындарын игеру мүмкіндігі қарастырылған екен. Тіпті КСРО МинГео мамандандырылған экспедициялары жұмыс істеген. Бірақ ресми өндіру басталмады.
Қалай болғанда, Еуразиялық одақ елдеріне бұл қауіпті қылмыстың тамырына балта шабу жолында бірлесе пәрменді қимылдағаны абзал. Әлемде бірде-бір ел «лас ядролық бомба» сыналған мемлекетке айналғысы келмейді. Демек, ешбір мемлекет те «лас бомбаның» ізі өзіне әкелгенін қаламаса керек.
Елдос СЕНБАЙ