Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған, құрамында бірқатар министрлер мен түрлі билік өкілдері бар жұмыс тобы Түркістан облысына ат басын тіреді. Президенттің халыққа Жолдауын түсіндіру мақсатында келген жұмыс тобы өңірдегі бірқатар жерде болып, нысандарды аралады. Халықпен кездесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Кездесулерде Үкімет басшысының орынбасары тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерді орындауға тиісті орындарға тапсырма берді.
Б.Сапарбаев бастаған жұмысшы топ алдымен тарихи Отырар ауданын аралап көрді. Топ мүшелері Шәуілдір ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Өнер ордасын аралап көрген Сапарбаев облыс және аудан басшыларына жөндеу жұмыстарына бірқатар өзгерістер енгізіп, кіреберісін заманауи үлгіде жасау керегін ескертті. Бастысы, сапасына көңіл бөліп, білікті сәулетшілерді тарту қажетін айтып өтті.
Мұнан кейін Үкімет басшысының орынбасары аудан орталығындағы алаң мен әл-Фараби ескерткішінің бүгінгі жағдайымен танысты. Отырар музейін аралап көріп, онда да бірқатар жөндеу жұмыстарын жасау қажетін атап өтті. Келесі жылдың қыркүйек айында кең көлемде аталып өтетін әл-Фарабидің 1 150 жылдығын тойлау кезінде келетін қонақтар мен туристер сол нысандарды аралап, тарихымызбен танысатын болады. Мұнан соң Бердібек Мәшбекұлы жаңадан салынған көне Отырар қалашығы жанындағы сапар орталығында өңірдің зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар, ғалымдар бас қосқан алқалы жиынға қатысты. Басқосуда Бердібек Сапарбаев әл-Фарабидің мерейтойы алдындағы дайындық жұмыстарын пысықтап, жергілікті тұрғындар мен ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«Өзгелер қазақта өнеркәсіп, ғылым, сауда саттық деген болмаған, көшпенді халық болған деп айтып жатады. Біз өзіміздің мәдениетіміздің жоғары болғанын осы Отырардан бастап көрсетуіміз керек. Отырар музейін қалпына келтіріп, ішіндегі жәдігерлерді жөндеу қажет. Әл-Фарабидің әндері мен шығармаларын жарыққа шығаруымыз керек» деді Бердібек Сапарбаев.
Мұнан соң Үкімет мүшелері Түркістан қаласындағы №15 Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебіне барып, мұғалімдермен кездесті. Кездесуде ұстаздардың мәртебесі, білім саласының сапасы және басқа да өзекті мәселелер жайлы талқыланды. Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығында жастармен тілдесіп, Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмектің берілуі мен алдағы уақытта өзгерістері жайлы сөз етті.
Премьер-министрдің орынбасары жиында оңтүстіктегі жастарды солтүстік өңірлерге көшіру мәселелері мен оның тиімді жолдарын атап өтті. «Біздің жастар шет тілдерін еркін меңгерген, заман талабына сай білім алған болуы керек. Сонда ол жас әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алады. Президент Жолдауда дарынды балаларды қолдаудың Жол картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай, Үкімет «Ел үміті» атты жоба жасап шықты. Жоба аясында келер жылдан бастап Қазақстан бойынша ең дарынды мың бала іріктеліп, мемлекеттің толықтай қамқорлығына алынады. Олардың отансүйгіштік тәрбиесі мен лайықты әрі терең білім алуына жағдай жасалады» деді ол.
Сондай-ақ Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ конференция залында өңірдің жұртшылығымен кездесу өтті. Бердібек Сапарбаев бастаған топ мүшелері облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен басқарма басшылары, ардагерлер мен көпбалалы отбасылар, зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласының қызметкерлері мен жастар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері бас қосқан жиында Жолдаудың басым бағыттары мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысы баяндалды.
Бердібек Мәшбекұлының айтуынша, 2019 жылы бір ғана Түркістан облысында мұқтаж отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беруге 63 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік пакеттің тағайындалуына орай келер жылдан бастап бұл сомма еселеп арта түспек. Сондай-ақ Президент Жолдауында дарынды балаларды қолдаудың Жол картасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай, Үкімет «Ел үміті» атты жоба жасап шықты. Жоба аясында келер жылдан бастап Қазақстан бойынша ең дарынды 1 000 бала іріктеліп, мемлекеттің толықтай қамқорлығына алынбақ. Кездесуде тұрғындар өздерін мазалаған мәселелерге байланысты ой-пікірлерін ортаға салып, сауал қойды.
Түркістан облысы