Айдос Садуақасов, саяси ғылымдар кандидаты: Nur Otan партия­сы қоғамдық қабылдау бөлім­деріндегі татуласу орталықтары медиацияны дамытуда маңызды рөл атқарып отыр
Айдос Садуақасов,  саяси ғылымдар кандидаты: Nur Otan партия­сы қоғамдық қабылдау бөлім­деріндегі  татуласу орталықтары медиацияны дамытуда маңызды рөл атқарып отыр
Фото: Интернеттен алынды
430
оқылды
«Дау мұраты – бітім» дейді біздің қазақ. Осы бағытта бүгінде билер соты мен татуластыру орталықтары әр аймақта жұмыс істеп жатыр. Дегенмен соңғы кезде арызқойлардың қарасы көбейген. Ішінара өнбес мәселені даулайтындар да жетіп артылады. Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен дау-дамайды сотқа дейін шешу мәселесінде бірнеше пилоттық жоба жүзеге асты. Соның бірі – медиация қызметін жандандыру. Нәтижесінде, екі тараптың татуласып, түсіністікпен қарап «алдына келсе, атасының құнын кешіп» жатқандар да бар. Медиаторлардың нәтижелі жұмысы жайында Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Садуақасовпен сұхбаттастық.

– Бұған дейін ашылған Тату­ластыру орталықтарының жұмыс нәтижесі қандай?

– Татуластыру орталықтарын ашуға сот жүйесінен бұрын жер­гілікті әкімдіктер мүдделі болуы ке­рек. Өйткені қоғамның ішкі тұ­рақтылығын сақтау, азамат­тар­дың әлеуметтік жағдайын қада­ғалау, криминогендік ахуалды ба­қылауда ұстау міндеттемелері жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Сәйкесін­ше әкімдіктер қоғамның тұрақ­ты­лы­ғына жауапты. Ал соттың міндеті – таразы басын тең ұстап, әділ шешім шығару. Шы­ғарған сот актілері де қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Әкімдік жауапты болса да, қоғамда даудың азаюына біз де белсене атсалысып отырмыз. 2017 жылы республика соттарын­­да – 2 миллион, былтыр 3 миллион 800 мыңнан астам іс пен материал қаралған. Биыл былтырға қара­ғанда сотқа арызданушылардың қарасы екі есе көп болады деп ойлағанбыз. Бірақ біз татуластыру орталықтарының жүйелі жұмы­сының нәтижесінде сотқа шағым­данушылардың санын азайттық.

– Жүйелі жұмыс жүрсе де, қоғамда әділдік іздеген адам, дау-дамай неге көбейді?

– Арыз-шағым айту жыл са­йын көбейетініне бірнеше фактор әсер етеді. Тәуелсіздік алған жыл­дары халық нарықтық заманға бейім­де­ліп кете алмады. Себебі 70 жыл бо­йы мемлекеттің қолда­уына үй­реніп қалған елге нарық­тың талап­тарына көндігу, демо­кра­тияны түсіну қиын­ға соқты. Еңбек нары­ғының талап­тары да өзгеріп кетті. Соған сәйкес, мамандық ауыс­ты­руға тура келді. Тәуелсіздік жыл­да­ры материалдық құнды­лық­тар алға озып, тәрбиені босаңсы­тып алған­нан біз ұтылдық. «Өз кү­ніңді өзің көр» деген қағиданы барлығы бір­дей дұрыс қабылдаған жоқ. Соның нәтижесінде түсін­беу­шілік көбейді. Қазір үй, машина алу, яғни мате­риал­дық құндылық бірінші орынға шы­ғып кетті. Тәр­бие, отбасылық құн­дылықтар екін­ші сатыға ысы­рылып қалды. Ата-ана мен баласы, туған-туыс, құда-жекжат арасында дау көбей­гендіктен, бүгінде жүз та­ныс дос-жаранның соттасуы жаңа­лық емес. Себебі көпшілігі қар­жы­лық са­уатының төмендігінен арыз­да­нып сотқа келеді. Мәселен, аға­йы­нына өз атынан кредит алып бе­ріп, соңы дауға ұласып жатады. Та­нысына қарыз бергенде қолхат алмайды.

– Сот, құқық қорғау органдары тарапынан заңдарды түсіндіру жұ­мыс­тары жыл бойы жүргізіледі. Ак­ция, айлық іс-шаралар өткізіледі. Де­ген­мен дау-дамай саны азаймай отыр. Осы ретте азаматтардың құ­қық­тық сауатын арттыру үшін не істеу керек?

– Заң саласында қазақ тіліндегі сөздіктер, электронды оқу құ­рал­дарын шығарумен мәселе шешіл­мейді. Соңғы 30 жылда егемен­діктің алғашқы жылдарымен са­лыстырғанда халықтың құқықтық сауаттылығы артты. Бірақ әлі де білместік көп, құқығын қорғау дең­­гейі төмен екені рас. Арзан пай­­даға кенелемін деп алаяқтар­дың ар­бауына түсіп қалып жата­тындар қатары азаймай отыр. Өкінішке қарай, қазіргі таңда әрбір бесінші қазақстандықтың банк алдында қаржылық міндет­темесі бар. Кредит алған, төлеу мер­зімі өтіп кеткен, қарыздар қор­да­ланып қал­ған. Әрине, банк та­рапынан кеткен қателіктер де жоқ емес. Одан бөлек, микронесие ұйым­дарына алда­нып қалғандар да жетерлік. Банктің атын жамылып, елді арбайтын алаяқтар да көбейген.

Былтырдан бастап сот акті­ле­рін түсіндіруді қолға алдық. Себебі азаматтардан көптеген арыз-ша­ғым түсті. «Сот процесі 10-15 ми­нут­тан аспайды. Судья сот шеші­мін суды­ра­тып оқып, шығып ке­теді. Сот ше­шімін түсіну қиын. Түсінбейміз, абдырап қаламыз» деген хаттар, шағымдар болды. Осыны ескеріп, Жоғарғы сот төра­ғасының баста­ма­сымен «Сот акті­лерін түсіндіру» де­ген пилот­тық жоба іске асты. Нә­тижесінде, сот­қа қайта шағым­данушылардың қа­тары азайды. Өйткені қазіргі таң­да әрбір судья өз шешімін жа­риялаған соң тараптарға оны ег­жей-тегжейлі түсіндіруде. Қа­ты­сушылардың сауалдарына жауап береді.

– Банктердің шартында «дау туындаған жағдайда орыстілді нұс­қасы басшылыққа алынады» деген бар. Проблема қазақтілді азамат­тардың орысша жетік біл­меуінен, қазақ тіліндегі заңдардың түсінік­сіздігінен туындап жатқан жоқ па?

– Бұл мәселенің түбірі тереңде жатыр. Тілдің мүшкіл халін көп­ші­лігіміз айтып та, жазып та жүрміз. Бұл мәселені Елбасы да, Президент те бірнеше рет көтерді. Қасым-Жо­март Тоқаев биылғы Жолдауын­да қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиістігін атап өтті. «Тіл тура­лы» заңның қабылдан­ғанына да 30 жылдан асты. Бұл заң түбірі­мен ескірді, оның нормалары бү­гінгі за­ман­ның талабына жауап бере ал­май­ды. Саясаттанушы ретінде ай­та­йын, «Тіл туралы» заң осы күйінде қала берсе, қоғамдағы түрлі жан­жал­д­ардың негізгі өзегіне айналуы мүмкін.

Жақында Ұлттық сенім жө­нін­дегі қоғамдық кеңес мүшелері «Мем­лекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау қажеттігін ұсынды. Меніңше, осы заңды қабылдайтын уақыт жетті. Сол заңда барлық мем­лекеттік қызметшілермен қатар, квазимемлекеттік секторда, қоғам­дық сервис саласында істейтін аза­маттардың мемлекеттік тілді білуін міндеттеу қажет. Әйт­песе, «қазақ тілін білмеймін» деген желеумен бас­қа адамның құқығын бұзу фактілері азаймай отыр.

– Медиаторлар судьялардың жұмысын жеңілдетуге септігін тигі­зе ала ма?

– Жүз пайыз болмаса да, сот­тардың жұмысын біршама жеңіл­детті. Қазақстанда 47 татуласу орталығы, 1 042 татуласу кабинеті бар. Оның 308-і соттарда ашылған. Сонымен қатар Nur Otan партия­сының қоғамдық қабылдау бөлім­дерінде де татуласу орталықтары жұмыс істейді. Партия да қоғам­ның тұрақтылығын сақтауға елеулі үлес қосып отыр. Медиация каби­неттері Қазақстан халқы ассам­блеясының жергілікті филиалда­рында да бар

Төрелік айтатын медиаторлар түрлі саланың өкілі болғандықтан, оларды кәсіби оқытуға басымдық беру керек. Оларды іріктегенде құқықтық кеңес бере алатыны өте маңызды.

Елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданған болатын. Соның негізінде кәсіби және кә­сіби емес медиаторлар жұмыс іс­тейді. Қоғамдық даму және ақ­парат министрлігі де медиацияның дамуына өз үлесін қосуда. Соған қарамастан, «Медиация туралы» заң 100 пайыз орындалып жатыр деп айтуға ертерек. Сондықтан қоғамның тыныштығын сақтауға, даудың азаюына қоғам жаппай атсалысуы қажет. Мәселен, бір ұрлық болса, кінәлі анықталып, шығыны өтелсе, адамгершілікпен жәбірленушімен келісімге келге­ні – құптарлық жайт. Себебі түрме халқының санын көбейту тиімсіз. Түрмеде жазасын өтеушілердің шығыны сіз бен біздің салығы­мыз­дың есебінен өтеледі. Бұл дегені­міз – қылмыс жасаған адамдар халықтың есебінен күн көреді деген сөз. Жазасын өтеушілердің көптігі жөнінен 2000 жылдарға дейін әлемде үшінші орында тұр­ғанбыз. Қазір елу елдің қатарынан шықтық. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бас бостандығынан айыру жазасын қолдану деңгейін азайтуға, оның орнына бас бос­тандығын шектеу, айыппұл, қоғам­дық жұмыс секілді балама жаза түр­лерін кеңінен қолдануға мүм­кіндік берді.

Қоғамда медиацияның қолда­нылуына қарсы адамдар да бар. Со­лардың қатарына кейбір адво­кат­тарды жатқызуға болады. Ме­диа­торлар мен адвокаттар құқық­тық қызмет көрсету нарығында өзара бәсекелес. Өйткені екеуі де құқықтық қызмет көрсетеді.

– Медиация қызметі дамыса, адвокаттар жұмыссыз қалуы мүм­кін бе?

– Қоғамда болған барлық қыл­мыс үшін медиация бірдей талап етіледі деп айта алмаймыз. Ме­диация арқылы көбіне, еңбек дауы, отбасылық-тұрмыстық жан­жалдар шешіледі. Қазіргі қолда­ныстағы заң аясында медиацияның көмегіне жүгіну, жүгінбеу екі тараптың өз ер­кінде. Алдағы уа­қытта медиация­ны міндеттеу мәселесі заң шеңбе­рін­де қаралмақ. Дегенмен медиа­ция дамыса да, адвокаттар жұмыс­сыз қалмайды. Себебі адвокаттарға сұраныс артпаса, кемімейді.

– Бұған дейін Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орын­басары Шерзод Пулатов Кәсіби медиаторлар одағын құру баста­масын көтерді. Кәсіби медиатор­ларды даярлау, іріктеу мәселесіне қатысты не айтасыз?

– Орынды ұсыныс, бізде әлі медиация нарығы толығымен қа­лыптасқан жоқ. Даму деңгейі де әр өңірде әрқилы. Кейбір күрделі дау-дамайды шешуде медиатор­ларға кәсіби терең құқықтық білім қажет. Өкінішке қарай, мұндай білім барлық медиаторларда жоқ. Десе де, бұл салада алға жылжу бар. Медиаторлар мемлекеттің қол­дауына ғана сүйеніп отырса, онда еңбек нарығындағы сұраныстан айырылады. Сондықтан кәсіби медиаторлар да адвокаттар секілді бірігіп, өз одағын құрып, мәсе­лелерін шешуге ұмтылғаны жөн.

Біз сонымен қатар Билер ке­ңесін құрдық. Елге, ауыл-аймаққа сөзі өтімді ақсақалдар әртүрлі са­наттағы даулар бойынша тарап­тарды бітімге шақыруда. Тіпті экономикалық дауларға нүкте қойып, екі тарап та риза болған жайттар көп. Осылайша «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы өз нәтижесін беруде.

– Әлеуметтік желіде белсенді блогерлер, бизнес тренерлер ме­диаторлардың жұмысын қиындатып отырған жоқ па?

– Өте орынды мәселені қозғап отырсыз. Бұл – еңбек нарығында­ғы жаңа кәсіптің бір түрі. Бло­герлердің заңмен бекітілген нақты мәртебесі жоқ. Бірақ әлеуметтік желі белсен­ділерінің елді аран­датуы, дұрыс жолдан адастыруы жиі кездеседі. «Тез байығыңыз келсе, маған ке­лі­ңіз», «Күйеуі­ңіз­ден қорлық көр­се­ңіз, қорған боламыз...» деп, интер­нет арқылы хабарлама тара­тып, семинар-тренинг өткізетіндер көп. Соның салдарынан шаңырағы шай­қалып, ажырасып жатқандар бар. «Соттар жемқор, әділдікті мен айтамын» дейтін де блогерлер же­терлік. Ал шынтуайтында олар сот­қа қатыс­паған немесе сот ма­те­риал­дарымен толық таныспаған. Бір ға­­на та­раптың сөзін сөйлейтін, жал­­да­малы блогерлер көбейген заманда өмір сүріп жатырмыз. Со­лардың арасында әртүрлі адам­дарды боп­салап, арам жолмен ақша та­бамын деп, заңның құрығына түс­­кендері де бар. Дана халқымыз­дың «Аңқау ел­ге – арамза молда» деген сөзін дәл қазіргі интернеттегі «қай­рат­кер­лерге» қатысты айтуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ