Бақытнұр ОТАРБАЕВА, Алматы Менеджмент университетінің (Alma U) профессоры: Жастарға күмәнмен қарауды үйреттік
Бақытнұр ОТАРБАЕВА,  Алматы Менеджмент университетінің (Alma U) профессоры: Жастарға күмәнмен  қарауды үйреттік
233
оқылды

Бақытнұр Отарбаева есімі көпшілікке жақсы таныс. Әсіресе, білім мен ғылым жолында жата-жастана ізденген жастар оны өзіне ұстаз тұтады. Руханият пен ғылымға сіңір­ген еңбегі орасан. Бір ғана Қазақстан қоғамында қалып­тастырған ұлттық дебат қозғалысын айтсақ та жетіп жатыр. Оның тәлімін терген жастар қазір қоғамның әр саласында, негізінен журналистика мен ғылымда елеулі жетістікке қол жеткізуде. Осы орайда, өзімен аз-кем тілдестік.

– Сіз АҚШ-та Фулбрайт бағ­дарламасы бойынша білім алу ар­қылы дәрежеңізді көтердіңіз және ағылшын тілінде Қазақстан тарихы курсын дайындап шықтыңыз. Сол кезде мұндай еңбек қаншалықты сұранысқа ие еді және ол мақсатты тұрғыда өз-өзін ақтай алды ма?

– Мен білім алған Индиана уни­верситетінде Орталық Азия­да­ғы елдерді зерттейтін арнайы ме­кеме болды. «Орталық Азия» ме­ке­месі Блумингтон қаласындағы оқу орнында әлі күнге жұмыс іс­тейді. Ол кезде Қазақстан әлем үшін әлі «ашылмаған арал» іспетті еді. Сол себепті ол жақтағы ғалым­дардың біздің елге деген қызығу­шылығы жоғары еді. Сол жерде көп тәжірибе жинадым. АҚШ ғалымдарының зерттеуді қалай жасайтынын зердеме тоқыдым. Индиана университетінде 5 мил­лиондай кітап бар екен. Сол жер­ден Қазақстан тарихы туралы бір­лі-жарым еңбектерді тауып, оқып шықтым. Қазақстан тарихы туралы дәрістерді жазып шығуға сол негіз болды. Сол уақытта Қа­зақстандағы жоғары оқу орында­рында ағылшын тіліндегі топтар ашыла бастады. Ол топтар үшін ағылшын тіліндегі кітаптар өте қажет. Осылайша, Қазақстан та­рихы курсын жасап шығып, ол ағылшын тілін қажет еткен уни­верситеттер тарапынан сұранысқа ие болды. Курсты ҚБТУ және Alma U-де оқыдым. Ол жерде бұрынғы заман тарихынан қазірге дейінгі кезең толық қамтылған.

– Кеңес Одағы тұсында, оған де­йінгі патша өкіметі кезінде де біз­дің тарих аяусыз бұрмаланғанын бі­леміз. Сондықтан еңбек жазу ба­ры­­сында арнайы саралау жасалды ма?

– Ол еңбек 1-курсқа лайықтап жазылғандықтан, соншалықты бір тереңдетіп оқылмайды. Студент­терге оқытылатын қысқаша бағ­дарлама болғандықтан, бір дәрісте бірнеше тақырыпты қамтып ке­теміз. Біздің мақсатымыз – сту­денттердің тарихты білуге деген қызығушылығын ояту. Тиісінше, белгілі бір деңгейде ол мақсатты орындай алдық деп ойлаймын. Ең бастысы педагогикалық-методи­калық еңбек кәдеге жарады. Жазу барысында шетел ғалымдарының Қазақстандағы ашаршылық тура­лы, бізді Ресейдің отарлауы туралы еңбектерді пайдаландым. Олар біз­­дің тарих туралы мейлінше ашық, объективті пікірге негіз­делген кітаптар жазған.

– Одан кейін «Сорос» қорымен бірігіп «Ұлттық дебат орталығын» аштыңыз, оның нәтижесі тіптен ке­ремет болды. Әу баста «Сорос» пен сіздің араңызда қандай уағда­ластық бар еді? Алып қордың мүд­десі шын мәнінде ел келешегін да­мы­татын жастарды даярлап шығу ма еді?

– Жалпы, «Соростың» ағарту­шылық сала бойынша көптеген бағдарламалары болды. Ол жо­балар тек Қазақстанда ғана емес, Шығыс Еуропада, бұрынғы кеңес­тік рес­публикаларда да жұмыс істеді. Олардың мақсаты – қоғамда де­мо­кратиялық көзқарас қа­лып­тастыру, азаматтардың бойында сыни ой­лауды дамыту. Біз оған де­йін кітапта не жазылды, соған құ­лай сеніп кел­дік. Бірен-саран адам ғана бәл­кім, басқаша ойлай­тын шығар. Бірақ адамдардың, біз секілді мұ­ғалімдердің креативті, сыни ойлау деңгейі болған жоқ. Ал жаңа жо­ба­ның арқасында кез келген ақпа­ратқа, кез келген идея­ға күмәнмен қарау, ол туралы сыни ойлай білу, ақпаратты сүзгіден өткізу сияқты қасиеттер қалып­тасатын еді. Пі­кірсайыс мәде­ние­тін қалыптастыру арқылы алдымен мұғалімдерді, со­сын жастарды үй­рету керек болды. Меніңше, атал­ған қор жаңа инно­вациялық әдістер үй­ре­туді мақсат еткен еді. Тиісінше, ол мақсат біз үшін пайдалы, тиімді болды деп айта аламыз.

– Дебаттың телевизиялық деңгейге көтерілуі біраз жастың бой көрсетуіне түрткі болды. Ол жастар қазір қоғамның әр саласында бел­гілі, жаңашыл жастар ретінде та­нылып жүр. Нәтиже сіз күткеннен де жоғары болды деуге негіз бар ма?

– Негізі пікірсайыс жоба­сы 1996 жылы басталған. Оған
1998 жыл­­дың басынан бастап ара­лас­тым. Мен келгенге дейін бағ­дарлама тек «Сорос» көлемінде іске асатын, орыс тіліндегі кіші­гірім ғана жоба еді. Содан кейін біз бөлек шығып, «Соростан» тыс қо­ғамдық қор құрдық. Ол кезде Абай атындағы педагогикалық уни­верситетте жұмыс істеймін. Рек­торымыз Тоқмұхамед Садықов университет ішінен үлкен ғимарат беріп, өз офисімізді аштық. Біз бөлек шыққан соң «Соростың» ық­палы болмады. Тақырып, бағыт таңдау жағынан да еркін болдық. Ол уақытта мемлекет енді-енді қа­лыптасып, демократиялық инс­титуттар енді ғана бас көтере бас­таған еді. Мемлекет өз өмірін енді бастағандықтан, шешілмеген күр­меулі мәселелер де көп еді. Ел өмі­ріндегі кез келген түйткілді мә­селе біздің тақырыпқа айналды. Соның бірін қалдырмай көтеруге, талқылауға, ел назарына ұсынуға тырыстық. Пікірсайыс бағдарла­масын республикалық деңгейге шығарғымыз келді. Облыс-облыс­тарға барып жүріп, кейде арнайы шақырып, мұғалімдерді үйреттік. Соның ішінде жақсы көзге түс­ке­нін облыстық координатор етіп қойдық. Пікірсайыс ойын ғана емес. Ол – методикалық тұрғыда жақ­сы ойластырылған, интел­лек­туалды жоба. Оған қатысатын адам аргументацияны, сыни ойлауды, фактіні дәлелдеуді жоғары деңгей­де меңгеруі тиіс. Осыншама қа­сиет­терді ел жастарына дарыт­қы­мыз келді. Ал телевизиялық жобаға келетін болсақ, «Город будущего» да, «Азамат» та көрермендер үшін үлкен қызығушылық тудырды және рейтингі өте жоғары болды. Қатысқысы келетін, ынта-тілек біл­дірген жастар саны артқан үстіне артты. «Азамат» шықпай тұ­рып, режиссерлар маған өзде­рінің тұжырымын алып келген. Алайда олардың идеясы да, бағдар­лама атауы да маған ұнамады. Ақы­рында біз өз ойымызбен ұсы­ныс жасап, бағдарлама атын «Аза­мат» деп қойып, бекіттік. «Город буду­щего» жобасына қарағанда «Аза­маттың» ерекшелігі – бағдар­ла­маны жастар өздері әрі қарай іліп әкетті. Жүргізуші де, редактор да болды. Пікірсайыс орталығы жа­былғаннан кейін де олар сол жолды жалғап, «Азаматты» заманға сай бейімдеп, жетілдіріп жатты. Сол жобадан түлеп ұшқан, қазір елге ете­не танылған Рауан Кенже­ханұлы, Шыңғыс Ергөбек, Ринат Кертаев, Дәурен Бабамұратов, Эль­нура Абаканова, Нұрбол Ста­нов, Асхат Жапсарбай, Саят Жө­ке­нов, Роза Матаева, Әділ Әбдірах­ман, Назым Басқынбаева, Әсел Хамза сияқты қыз-жігіттерді атай аламыз.

– Жалпы, осы дебаттың азамат­тық қоғам құндылықтарын қалып­тастыруға тигізер ықпалы қанша­лықты?

– Ол кезде азаматтық қоғам жаңа-жаңа қалыптаса бастаған. Пікірсайыс – сол қоғамның бел­сенді мүшесі болды. Қоғамда бо­лып жатқан дүниелерді талқылау­дың өзі процестің алға жылжуына ық­пал етеді. Сол тұрғыда үлес қостық. «Азаматта» көзге түскен жастар қазір көптеген қоғамдық ұйым­дар­да қызмет атқаруда. Олар сол кезде көтерген проблемаларын біледі. Соның түйткілдерін, шешу жолда­рын да ұсынған. Енді өздері іске, тәжірибеге араласқан кезде осы мә­селелерді шешуге кірісе бастай­ды. Оның алғашқы көрі­ністерін де байқап жатырмыз. Сондықтан «Азамат» алдағы 10-20 жыл көле­міндегі азаматтық қоғамның қа­лып­тасуы мен дамуына үлкен ең­бек сіңірді деуге негіз бар.

– Қазір дебат саласы бізде әлде­қайда басылып қалған сияқты. Ай­мақтарда арагідік ұйымдас­ты­ры­лады, ал телевизиялық жобалар жоқ. Қазір дебатты қайта жаңғырту қажет пе?

– Бұрын ұйымдастырушы ор­талық жұмыс істеп тұрғандықтан, бәрі жылдам әрі сапалы жүзеге асатын. Кейбір облыстарда әлі дебат клубтары жұмыс істеп жатыр. Бірақ әрқайсысы әртүрлі ереже, әртүрлі әдіспен. Бір орталықтан басқарып, бір ереже, бір стандарт аясында біркелкі жүргізгендей болмайды. Бірнеше күн бұрын Білім және ғылым министрлігіндегі азаматтармен сөйлесіп қалдым. Олар дебат сайыстарын қайта бастауға, қолға алуға қарсы емес екен. Қазіргі министрдің өзі ке­зінде дебатқа қатысқан екен. Сон­дықтан алдағы уақытта пікірсайыс жобасын қайта жаңғыртуға, же­тіл­діруге септігі тиер деп ойлаймын.

– Қазақ ежелден сөз тапқыш­тығымен, тұрмыстық, өмірлік ұғым­дарды дәл әрі ұтымды бере алуымен белгілі. Қазір мұндай қасиет тоқы­рап бара жатқандай көрінеді. Қа­нымыздағы шешендік қабілетті жаңа заманға бейімдеудің жолы қандай?

– Оны шешудің жолы көп. Нақты бір жолы мынадай деп кесіп айтуға келмес. Дегенмен ең төте әрі тиімді жолы – қызығушылық таны­ту. Жастар шешен сөйлеуге, нақты әрі қазақша сөйлеуге қы­зы­ғуы ке­рек. Олардың ынтасын ту­ды­ру үшін біз қандайда бір шешім, әдіс-тәсіл тауып, ұсына білуіміз қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ