Кәріз құбырында 3 жыл жатқан мәйіт табылды
Кәріз құбырында 3 жыл жатқан мәйіт табылды
5,184
оқылды

Бұл туралы polisia.kz хабарлады.

Биыл 12 қазанда Қостанай қаласының ПБ кезекші бөліміне телефон соққан тұрғын кәріз құбырынан адамның мәйітін тапқан. Ерлі-зайыптылар жағымсыз иісті сезіп, кəрізді тазартпақ болған. Алайда күтпеген жағдайға тап болып, тез арада полицияға хабар берген. Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша СДТБТ-де тіркелді. Оқиға орнына 10 тәжірибелі қызметкерден тұратын жедел-тергеу тобы аттанды. Тұрғындардың айтуынша, септик үйдің ауласының сыртында, қоршалмаған аумақта орналасқан. Беті темірмен жабылған, бірақ құлпы жоқ.

«Бірінші кезекте біз біреу қылмыс жасап, денені осы кәрізге тастап кеткен деген нұсқаны қарастырдық», – дейді Қостанай қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Ербол Қарымсақов.

Кейінірек бұл нұсқа қарастырылмады. Себебі, люк бөтен адам оны байқай алмайтын жерде орналасқан. Мұны ескерген полицейлер кісі өлтірілген уақытта осы аймақта болған күдіктілерді іздестірген.

Жедел уәкілдер мəйіттің жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізді. Тəртіп сақшылары із-түзсіз жоғалғандардың тізімін тексерді. Олар 2017 жылдың қарашасынан бері хабар-ошарсыз жоғалып кеткен қала тұрғынының іздестіру ісіне назар аударған. Табылған мəйіттегі киім де ер адамның жоғалғандағы сипаттамасына сәйкес келді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ерлі-зайыптылардың үш жыл бұрын өрттен кейін үйді қалпына келтіру үшін жұмысшыларды жалдағанын анықтады.

Полицейлер аталмыш үйді жөндеуге қатысқан жұмысшыларды, күдіктілерді құрықтады. Қазіргі уақытта олар қамауда. Тергеу жалғасып жатыр.