Мейрамханасы көп, автотұрағы жоқ...
Мейрамханасы көп, автотұрағы жоқ...
304
оқылды

Елімізде күн санап көліктің көбеюі адамдар­дың жайлы өмір сүруіне дұрыс болғанымен, зияны мен зардабы шаш етектен болып тұр. Біріншіден, көбейген көлік жол апатын жиі туды­рып, қара жолда қаза та­ба­тын­дардың санын арт­ты­рып жатқаны жасы­рын емес. Одан кейін, әрбір кө­ліктен ауаға шығарылып жатқан зиянды қоспа­лар­дың шектен тыс көбейіп жат­қанын айтпағанда қа­ла­дағы көлік кептеліс­тері де талайдың жүйкесін жұ­қар­тып, алтын уақытын ұрлайды.

Жалпы, әрбір автокөлік жылына 4 тонна ауа жұтып, 800 келі көміртегі оксидін, 40 келі азот оксидін және 200 келідей әртүрлі көмірсутекті атмосфераға бөледі екен. Ғалымдардың зерт­теуі бойынша, әсіресе транспорт моторы жай айна­лымда, жылдам­дық алар кезде және кептелісте тұрғанда қоршаған ортаға көмір­сутек көп бөледі. Осындай жағ­дай­да отын толық жанбайды да, ауаның ластануы 10 есеге ұлғаяды. Ауадағы қорғасын мөлшері кө­бей­ген сайын оның мөлшері адам қанында да көбейе түседі екен.

Дегенмен біздің айтпағымыз бұл екеуі де емес. Сол көбейіп кет­кен көліктің тоқтайтын тұрағы ке­зінде туындап жатқан мәселе­лер. Жалпы елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында автотұрақ мәдениеті әу бастан-ақ, дұрыс жолға қойылмаған.

Бүгінгі таңда үшінші мегапо­листе 340 мыңнан аса автокөлік бар. Оның 275 мыңы – жеңіл көлік. Осынша транспортқа 46 автотұрақ бар. Шымшаһар базар­ларының маңында заңсыз авто­тұрақтар көптеп кездеседі. Негізі­нен талап бойынша базар иесі келу­шілер үшін аумақтың 30 пайы­зын автотұраққа бейімдеуі тиіс. Ал бізде тұтынушылар құқы сақ­талмаған. Айта кетейік, авто­тұ­рақ тапшылығы шаһардағы барлық коммерциялық нысан­дар­да, мемлекеттік мекемелерде кез­деседі. Әсіресе, қаланың орта­лығы болып саналатын А.Байтұр­сынов көшесінде автокөліктер осы мәселемен жиі бетпе-бет келіп жатады. Мұнда диагно­с­ти­ка­лық орталық, салық, жоғары оқу орындары, спорт кешені және бірқатар ауруханалар бар. Қала бағытындағы маршруттар­дың да басым бөлігі осы көшемен жүреді. Бүгінде жағалай орналас­қан коммерциялық ұйымдар ғимараты, сауда қатарлары мен жоғарыда аталған мекеме­лер­ге аялдайтын темір тұлпарлар тұрақ таппай айналып жүреді. Қажетті мекемелеріне жылдам кіріп шығамыз деп көліктерін амалсыз жол бойына қойып кетіп жатады. Салдарынан көлік кепте­лісі туындап, көшедегі басқа да тран­спорт қозғалысы қиындай түседі.

Сондай-ақ Шымкенттегі авто­­тұрақ мәселесіне жиі ұшы­рай­тын мекемелердің бірі – орта мектептер. Әсіресе, орталықтағы №8 және №9 мектеп-лицейінің ма­ңы қарбалас сәттерде көлікке то­лып, қозғалыс баяулайды. Кө­лік­­тердің бірін-бірі жиі сырып кетуі, ереже сақтамауы осындай жағ­дайдан соң кездеседі емес пе?

Әрине, автотұрақ мәселесіне бетпе-бет келіп отырған жалғыз Шым­кент қаласы емес. Көлік кеп­телісінен көз ашпайтын, ең үл­кен мегаполис Алматы қала­сын­да да мұндай проблема бар. Дегенмен мұның түйінін қалай тарқатуға болады? Шенеуніктер қаншалықты бас ауыртып жатыр?

Экс-әкім Ғ.Әбдірахымов денсау­лыққа пайдалы, жанармай­ға қаражат шығындамайды және автотұрақ мәселесі шешіледі деп Шымкент қаласына автоматтан­ды­рылған велосипед жүйесін енгізді. Велосипед жалпыха­лық­тық көлік қатынас құралына айна­лады деп сенген. Алдымен Нұр-Сұлтан қаласында қолда­нысқа еніп, сұранысқа ие болған бұл жүйені шымкенттіктер онша қабылдай қоймады білем. 2016 жылы Әбдірахымов велобекеттер­ден біржылдық қолдану абоне­мен­­тін сатып алып, күн сайын жұмыс­қа велосипедпен барып қай­та­тыны жайлы айтқан. Қара­мағындағы қызметкерлерді де осыған шақырған. Бірақ көп ұзамай әкім де велосипедтен түс­ті. Ал қала халқы тіпті бұл жүйеге үйренбей-ақ қойды. Қазіргі таңда үшінші мегаполисте 200 вело­сипедке арналған 40 тұрақ бар. Алайда көшеде авто­мат­танды­рылған велосипедті айдап бара жатқан бір жан кездестірмейсіз. Экс-әкім айтпақшы, қанша жерден Шымкенттің климаты жылы, жыл он екі ай мінуге болады деген велосипед жобасы нәтижелі іске асқан жоқ.

Одан кейін заңсыз автотұрақ­тың жолын кесеміз және көлік кептелісін азайтамыз деп бірың­ғай «ақылды» автотұрақ­тарды іске қосты. 109 миллион теңгені құрайтын жобаның жартысына жуығын Шымкент әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы қаржыландырды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қорына түскен қаржыны ауладағы тұрақ мәселесін шешуге жұмсау жоспарланған. Мемлекеттік жекеменшік-әріптестік аясында жүзеге асқан жобаның өмірі ұзаққа созылмады. Сәуір айында қолданысқа енген Шымкент көшелеріндегі «ақылды» көлік тұрақтары тамыз айында қайта жетілдіру үшін кері қайтарылды. Көлік қозғалысы жоғары көше­лерге қойылған бұл пилоттық жоба­ны қала тұрғындары тағы да жат­сынды. Міне, «ақылды» тұра­ғымыз да осылайша сәтсіз аяқ­талды.

Ендеше, халықтың пікірімен санаспай шетелдік тәжірибені енгізе берудің жөні жоқ. Салда­рынан тиімсіз жобаға құйылған миллиондар желге ұшып кетті.

Жалпы, «балық басынан шіриді» дейміз бе, олқылықтар билік тарапынан кетіп жатқан соң жекеменшік мекеме иелеріне не дейміз?!

Әйтпесе, шымкенттік кәсіп­кер­лердің басым бөлігі тиесілі сау­­да қатарлары немесе тойха­на­ла­рын хан сарайындай жайнатып салғанымен, келушілерге сонша­лық­ты жағдай жасамайды. Авто­тұрақ мәселесіне көңіл бөле бер­мей­ді. Қазір шаһардағы кез кел­ген жү­ргізушіні сөзге тартса­ңыз тұ­­рақ­тан әбден зәрезап бол­ғаны сон­­­­шалық, жылап жібере жаздай­ды.

АҚШ-та автотұрақ мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарай­ды. Онда тұрғын үйлерге, кеңсе ғимараттары мен бизнес өкіл­де­рінде болуы тиіс авто­тұрақтар тала­бы нақты көрсетілген. Жал­пы, онда қызмет көрсету мәде­ние­ті өте жоғары деңгейде екенін байқаймыз. Бізде де шетелдік жүйені көшіре бергенше алдымен оның халыққа тиімді тұстарын қа­растырып, тұрғындардың мә­де­­ниетін қалыптастырып алу қа­жет сияқты.


Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы