Алматының даму стратегиясы талқыланды
Алматының даму стратегиясы талқыланды
313
оқылды

Алатау бөктеріндегі әсем шаһарды ха­лықаралық бизнес пен туризм орталығы ретінде гүлденту, жер сілкінісінен қорғау, экологиясын жақсарту бағытында жаңа қадамдар жасалады. Алматыға сапарлап келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы дамыту мәселелері жөнін­де кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, сондай-ақ экологияны қорғау әкімдердің қызметінің не­гіз­гі көрсеткіші екенін ескертті.

– Алматының атқарар рөлі өте маңызды. Қа­лада басқа өңірлерге үл­­гі болардай көп жұ­мыс атқарылып жа­тыр. Бірақ қаланы ары қа­рай да­мыту, халықтың әл-ауқатын арттыру – күн тәртібінен түспейтін міндет екенін ұмыт­па­ғанымыз жөн, – деді Қ.Тоқаев.

Ол шаһарды өркендетуге бағыт­талған бір­қатар нақты міндет қойды.

Президент бизнес пен иннова­цияны дамыту есебінен қала эко­но­ми­ка­сының жоғары өсу қарқы­нын қамтамасыз етуді бірінші міндет ретінде атады. Бұл ретте ин­дустриалды аймақ мысалға келтірілді: онда 33 компания тіркелген және 156 миллиард теңгеден астам ин­вестиция құйылған. Қасым-Жомарт Кемелұлы қала әкі­міне индустриалды аймаққа бірінші кезек­те жоғары технологиялы және экспортқа бейім­дел­ген жаңа жобаларды тартуға кеңес берді.

Қ.Тоқаевтың байламынша, инновацияны дамыту және тың ғы­лыми әзірлемелерді енгізу перс­пек­тивті саналады. Өйткені дәл осы қалада еліміздің жетекші универ­ситеттері шоғырланған. Оның үс­тіне, ғылыми әрі кадрлық әлеуеті жақсы. Сонымен бірге осындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық айма­ғының әлеуетін пайдалану туралы тапсырма берілді.

Қазақстан Президенті Алматы­дағы бизнес ахуалды жақсарту және оның инвестициялық тар­тым­дылығын арттыру жұмыстарын жандан­дыруды жүктеді.

– Егер біз шынымен де ірі қала­­ларымыздың, бүкіл еліміздің инвес­­тициялық және туристік тартым­дылығын арттырамыз десек, онда қыс­қа мерзімде шетелдіктерді көші-қон поли­циясы органдарында мін­детті тіркеу секілді анахронизмнен құтылуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп тұрған проб­лемаларды шешудің маңызын қаперге салды.

– Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету, түрлі кедер­гілерді жою міндеті қала әкім­дігінің мойнында қала береді. Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесін сақтауы тиіс! – деді ел Президенті.

Ол тамақ өнімдерінің, ең алдымен нан мен ет өнімдерінің қымбаттауына жол беруге бол­майтынын нықтады.

– Азық-түлік өнімдері бағасы­ның өсуі – эко­номикамыздың осал­дығының айқын көрсеткіші, мұны мойындауымыз керек. Мысалы, жа­һан­дық нарықтарда да баға көтеріліп жатқанына сілтеме жасау мүлдем орынсыз. Үкімет экономика өсімінің жаңа тетіктерін түзу үшін қосымша шаралар әзірледі. Бұл шараларды мен арнайы кеңесте мақұлдадым. Оларды шұғыл түрде жүзеге асыру қажет, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы келесі бір маңызды міндет ретінде қала тұр­ғын­дарының әлеуметтік жағ­дайын жақсартуды белгіледі. Ол жұмыссыздық проблемасын, меди­циналық қызмет көрсетуді жақсарту қажетін, сондай-ақ жалпы білім беретін мектеп пен балабақшадағы орын тапшылығын ерекше атап көрсетті.


Бұдан бөлек, жоғары өмір сапа­сын қамтамасыз ету және қала ин­фрақұрылымын дамыту мәселелері де Президент назарынан тыс қалмады.

– Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ре­тінде ілгерілетудеміз. Сондықтан алматылықтардың тұрмыс сапасын арт­тыру бағытындағы барлық жұ­мыс халықаралық стандарттарға бағ­дарлануы тиіс. Ең бастысы, аза­­мат­тардың қалада өмір сүруі қолайлы әрі жайлы болуы керек. Бұған бірқатар фактор ықпал етеді, нақтылай кетсек, бұлар – үйге апа­ратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жа­қын жерде орналасуы, сапалы ауызсумен, газбен, үздіксіз электр қуа­ты­мен және жылумен қамтылуы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол көшелерді жарықтандыру, аулаларды лайықты жағдайға келтіру, арық жүйесінің жұмысын реттеу мә­селелерін шешу жөнінде әкімдікке тапсырма берді.

Мемлекет басшысы қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту­дағы жетіс­тіктерді атап өте келе, осы саладағы бірқатар түйткілдерге тоқталды.

– Күн сайын Қаскелең, Қап­шағай, Талғар жағынан және Құлжа күре жолы арқылы қалаға 200 мыңнан астам авто­мобиль ке­леді. Бұл Алматыда, әсіресе таңер­тең және кешкі уақыттарда кеп­теліс тудырады. Проблеманы тек авто­жол­дарды қайта салу және кеңейту ар­­қылы ғана емес, сондай-ақ метро же­­лі­сінің са­нын арттыру және қала мен ір­гелес ау­дандарды өзара қосатын қо­ғамдық кө­лікті дамыту арқылы да шешу қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент Алматының зілзала қаупі жоғары сейсмикалық бел­сенді аймақта орналасқанын еске салды.

– Қала тұрғындары соңғы селді естен шы­ғармаған шығар. Сол себепті бұл мә­селе халықты алаң­дататыны заңдылық. Қа­лада «Ақ­сай» және «Аюсай» шатқал­дарын­да бөгеттер құрылысын бастау қа­жет. Осы арқылы сел қауіпсіздігін то­­лық қамтамасыз ете аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Ол қаланың экологиялық ахуа­лы мен ауа сапасына баса мән бере келе, қоғам­дық көліктерді газға және басқа да отын­ның экология­лық түрлеріне көшіру ісін аяқтау­ды, жеке үйлер орналасқан сек­тор­ды және қала маңы аймағын газ­дандыруды тапсырды. Сонымен қатар ағаштарды, алма бақ­тарын заңсыз отау мәселесіне бақылау орнатуды, қаланы көгалдандыру және Алматы апортын қайта қал­пына келтіру жұмыстарын жан­дандыруды жүктеді.

– Алма бақтарының оталуы – нағыз жабайылық және бұл әрекет жазалануға тиіс. Алма дегеніміз – еліміздің игілігі. Алматы апортын қайта қалпына кел­тіру және қала­ны көгалдандыру жұ­мыстарын бел­сенді жүргізу керек. Бір кесіл­ген ағаш орнына өтемақы ретінде 80 көшет отыр­ғызатын болсын! – деген Қ.Тоқаев алма ағаштарының сақталуын өз бақылауында ұстай­тынын ескертті.

Осы тұста алма көшетінің жойылуы Ал­маты қаласы әкімінің бірінші орын­басары Е.Қожағапановтың сөгіс алуына себеп болды.

– Көктөбе етегінде қараусыз тас­тал­ған алма көшеттеріне қатыс­ты сора­қылық еш сын көтермейді. Осыған бай­ланысты әкімнің бі­рінші орынба­сары Ерлан Қожа­ғапановқа сөгіс жариялаймын! Ізгі істі фарсқа айнал­дырғансыздар! Іске кіріскен екенсіздер, аяғына жеткізіңіздер. Қолдан келмей ме, қолға алма! – деді Мемлекет бас­шысы.

Ол Швейцарияда 3 жыл жұмыс жаса­ға­нын еске түсіре келе, ол елде тіпті бір ағаш­ты кесудің өзі ауыр қылмыс сана­латынын мәлімдеді.

Мегаполистің туристік әлеуеті тура­лы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев Ал­матының туристік өнім­дерді дамытуда ең биік белестерді алу әлеуеті зор деп ба­ғалады. Бұл тау, мәдени, этног­ра­фия­лық, сон­дай-ақ іскерлік туризмге қа­тыс­ты. Ел Президенті 2025 жылға дейінгі туристік саланы да­мыту мемле­кеттік бағдарламасында Ал­маты өңірінің «Тау кластері» басым­дық­ты бағыт болып айқындал­ғанын еске салды.

– Үкімет пен қала әкімдігіне таулы ай­мақтардың бас жоспарын жүзеге асы­ру ісіне кірісуді тапсы­рамын. Бұл жоба 2 миллиард дол­лар­дан астам ин­вес­тиция тартып, кемінде 30 мың жұ­мыс орнын аша алады. Осы орайда, бар­лық ше­шім­дер халықтың пікірін ес­кере отырып қа­был­дануы қажет еке­ніне назар аудар­та­мын, – деді Қ.Тоқаев.

Ол қоғамдық қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету мәселесіне де тоқ­талды.

Сөз қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының қолда­уы ар­қа­сында Алматы қаласы өр­кендеудің жо­ғары көрсеткіштеріне қол жеткіз­генін ай­та келе, алға қойылған мақ­саттарға жету үшін күш жұмылдыруға шақырды.

Кеңесте Премьер-министрдің бі­рін­ші орынбасары-Қаржы ми­нис­­трі Әлихан Смайылов, Алматы қала­сының әкімі Бақытжан Са­ғынтаев, Президент көмекшісі Аида Балаева, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Бейбіт Атамқұлов сөз сөйледі.

Сапар аясында Мемлекет бас­шысы «Ал­маты – 2050» даму стра­тегиясының жо­басымен танысты. Қала әкімі Ба­қытжан Сағынтаев­тың мәліметінше, бұл бағдарлама бойынша Алматы қаласын әлеу­меттік-экономикалық тұрғыдан дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын­дар­дың тұр­мысын жақсарту, қауіп­сіз қала қалып­тас­тыру, шаһардың шеткері аймақтары­ның инфрақұ­рылымын дамыту және басқа да көптеген ма­ңызды мәселелер шешілмек. Сондай-ақ стратегияда Ал­маты агломерациясы аумағын дамыту да қарастырылған.

Бұдан өзге, ел Президенті бас­пана ке­зегінде тұрған балалар үйі­нің 12 тәр­бие­ленушісіне пәтер кілтін табыс етті.

– Баршаңызға жаңа қоныс­тарыңыз құт­ты болсын! Баспана мәселесі әрда­йым мемлекеттің назарында болады. Ең­­бектеріңіз табысты болсын! – деді Қ.Тоқаев.

Жалпы, Алматы қаласының «Көк­қай­нар» ықшамауданында «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясын­да баспанаға мұқтаж осындай 51 адамға тұрғын үй салынып жатыр.

Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Tech Garden инновациялық кластер ор­талығына барып, оның жұмысына қа­нық­ты.


Елдос СЕНБАЙ