Айырбас бекеттерінің ақыры таяды
Айырбас бекеттерінің ақыры таяды
261
оқылды

Дүкен алдындағы ұзын-сонар кезек Кеңес Одағы ыды­раған тұстағы көрініс болғаны сияқты, валюта айырбастау бекеті алдында қарақұрым халықтың жиналуы ХХІ ғасыр­дың екінші онжылдығымен бірге тарих қойнауына кететін құбылысқа айналатынға ұқсайды. Өйткені Қазақстан валютаны онлайн-конвертациялауға және валютаматтарға бет алды.

– Қазір көшедегі айырбастау пункттері мен банктегі валюта ба­ға­мы арасында айырмашылық сон­ша үлкен емес. Жуырда сексен мың доллар сатып алу қажет болды да, айырбастау бекетінің біріне ха­барласып, «көтерме бағаға» ке­ліс­тік. Алайда артынша комбанк­тер­дің біріне кірсем, оның бағамы ме­нің бағамнан да жақсы екенін бай­қадым. Содан бері айырбас­тау пункт­теріне жо­ламайтын болдым, – дейді бизнесмен Аль­берт Ермеков.

Елорда тұрғыны Сайранбек Ерболат онлайн-конверта­ция­лауға көшуіне қатысты басқа себепті алға тартады: «Жөндеу жұмыс­тарымен ай­на­лысамын. Нақты бекітілген тү­сім жоқ, қалтаға кейде көп, кей­де мар­дымсыз табыс құ­йыла­ды. Бір айда теңгемен, бір айда дол­лармен салып отыруға тыры­самын. Бірақ айырбастау бекеті 100 доллар сатып алмасаң, «бізде ұсақ жоқ» деп теріс айна­лады. Содан бірде таныстардың айтуымен, банк­тер­дің бірінің қосымшасын жүк­тедім де, сол арқылы валюта айыр­бас­тау­ға көшіп алдым. Айырбас баға­мы­ның шамалы қымбаттығы бол­­маса, ың­ғайлысы сол екен. Тіпті, 89 дол­лар алам десең де, еркіңіз».

Жаңа технологиялар қазақ­стандықтар өміріне өз өзгеріс­те­рін енгізуде. Валюта айырбастау­дың үйреншікті схемалары орнын басқа тәсілдер басуда. Халық бұ­рынғыдай көше жағалап, айыр­бастау бекеттері бағамын бағалап, валютаның бар-жоғын білу үшін терезесінен сығалап, сұрап жү­руден жалықты, бұдан енді бойын аулақ салуда.

Ұлттық банк дерегінше, 2019 жылғы қыркүйек айы қо­ры­тындысында теңгенің биржалық айырбастау бағамы 1 АҚШ долла­ры үшін 385,27-388,33 теңге ара­лы­ғында құбылған. Қыркүйек­те теңге 0,1%-ға әлсіреп, доллар­ға қа­тысты биржалық бағамы 387,99 теңге болды.

Жалпы алғанда, Қазақстанда өткен қыркүйекте, яғни 1 айда ғана халық пен бизнес 11,7 мил­л­иард АҚШ валютасын сатып алған. Соның ішінде, бұл сома­ның тек 1,9 миллиард доллары Қазақстан қор биржасындағы (KASE) бир­жа­лық сауда-саттықта сатылды. Қал­ған 9,7 млрд дол­лары биржадан тыс валюта нары­ғының үлесінде. Яғни, көбіне шетелге экспорты үшін жаһандық тұтынушыларынан доллар алып, оны ел ішінде теңгеге айырбас­тай­тын компаниялар қаражаты.

Егер бизнесті қоспай, тек ха­лықтың сатып алғанына тоқтал­сақ, 2019 жылғы қыркүйекте қа­зақстандықтар 231,4 млрд теңге­сін шетел валютасын сатып алуға бағыттаған. Бұл алдыңғы айда­ғыдан 20,8%-ға кем: тамызда – 292,2 млрд теңгеге дейін жеткен.

Осы орайда, қазақстандықтар доллар мен рубльді сатып алуды азайтқаны аңғарылады: оларға кеткен қаражат көлемі тиісінше 23,2%-ға және 36,8%-ға қысқар­ды. Ал евро алуға шығыстар қайта
41%-ға ұлғайған. Қаржылық рет­теу­­шінің байламынша, еңбек де­ма­лысы кезе­ңінің аяқталуына бай­ланысты шетел валютасына сұ­раныс та дәстүрлі түрде төмендеуде.

Ranking сарапшыларының дерегінше, жыл басынан бері айыр­бастау бекетінің қолынан ша­мамен 1,3 триллион теңге өт­кен. Бұл былтырғы көрсеткіш­терден әл­деқайда көп: 2018 жыл­ғы қаң­тар-тамыз аралығында олар ар­қы­лы 800,3 млрд теңге айырбасталған.

Әйткенмен, бұл салада да банк­тердің ұпайы түгел: қазақ­стан­дық қалалар мен өзге елді мекендегі барлық айырбастау пункттерінің 1 мың 700-ден ас­тамы немесе 65,8%-ы – екінші деңгейлі банк­тер­ге тиесілі. Ал банктерден тә­уел­сіз, жеке тұлға­лардың не компа­ния­лардың биз­несі болып сана­латын айырбастау орындарының еліміз бойынша саны – небәрі 905, ал үлесі бар-жоғы – 34,2%.

Ендеше дәстүрлі айырбастау бекеттері тарих еншісіне айналса, елдегі жеке бизнес саны сонша көп азаймайтынға ұқсайды.

Қазіргі кезде корпоративтік сектор көшедегі айырбастау бе­кеттеріне жүгінбейді. 2019 жылғы тамыз айы соңында заңды тұлға­лардың коммерциялық банк­тер­дегі ағымдағы есепшоттарында жат­қан қаражатының жалпы көлемі 3,6 триллион теңгеге жет­кен. Бұл былтырғы жылғы со­ма­дан (3,5 трлн теңгеден) 4,5%-ға көп.

Бизнестің ағымдағы есепшот­та­рындағы қаражатының жарты­сынан астамы – 52,9%-ы немесе 1,9 триллиондайы шетелдік валю­тада сақтаулы. Былтыр бұл көр­сеткіш 1,8 трлн теңгедей немесе 51,1% болған. Яғни, содан бері валютаға айырбасталған қаржы ауқымы 8,3%-ға өсті.

Осылайша, заңды тұлғалар үшін валютаны айырбастау бе­кет­тері арқылы конвертациялау мәсе­лесі өзектілігін жоюда. Са­рап­шы­лардың тұжырымдауынша, бірін­шіден, бизнесті бұған қауіп­сіздік мәселелері итермелеуде: дағдарыс ұзаған шақта айырбас пункттеріне чемодан толы ақша­мен бару қауіпті. Екіншіден, қар­жылық реттеуші заң­ды тұлғаларға ірі мәмілелер бо­йынша қолма-қол есептесуге ты­йым салды, ақша бір компания­д­ан екіншісіне тек банк есепшоты ар­қы­лы ауда­рылуы тиіс. Бұл валю­та­да­ғы есеп айырысуларға да қатысты.

Үшіншіден, қазір отандық ірі банктердің көбі валютаны онлайн айырбастау қызметін ұсынады. Банктің сайты немесе интернет-банкинг арқылы шынайы уақыт режимінде қомақты соманы айырбастап алуға болады. Бұл кә­сіпкерлер мен инвесторларға қауіпсіздікке қоса, валюталық операциялар бойынша мобиль­ді­лік пен қолайлылық сыйлайды. Ал бизнесте әр минут – бірнеше грамм алтын екені мәлім.

Оның үстіне бірқатар банктер заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге online режимде валютаны конвертациялау не конверсиялау кезінде биржалық валюта бағамымен ауыстыруды ұсынады. Бұл ретте Kaspi.kz, «Халық банкі», «ЦентрКредит», «Еуразиялық банк», ForteBank секілді кейбір банктер валюта айыр­бастағаны үшін клиент­те­рі­нен бір тиын комиссия алмайды.

Бірақ «Сбербанк» бір валю­таны екіншісіне ауыстыру үшін 0,15 пайыз, Jýsan Bank – 0,10-0,15 пайыз көлемінде комиссия жинайды.

Айырбастау бекеттері ісінің құлдырауына Ұлттық банктің осы саладағы талаптарды қатайтуы да ықпал етуде. Мысалы, ҰБ бас­қармасының «Қазақстанда қолма-қол шетел валютасымен айыр­бастау операцияларын ұйым­дас­тыру қағидаларын бекіту туралы» 2019 жылғы 4 сәуірдегі №49 қау­лысына өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» қаулы жо­басы күшіне енгесін, айырбастау пункттерінің қожайындарынан жарғылық капиталын 100 мил­лион теңгеге дейін көтеру талап етілмек.

Қолданыстағы қағида бойын­ша әзірге үш мегаполисте – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте орналасқан әрбір айырбастау пунктінің 30 миллион теңге жар­ғы капиталының болуы міндет. Облыс орталықтарында жұмыс жасағысы келетін айырбастау бекеттерінен 20 миллион теңге, өзге елді ме­кен­де – 10 млн теңге талап етіледі.

«Шетелдік валютаны сату және сатып алу бойынша күн са­йынғы жалпы ішкі айналым Ал­маты мен Нұр-Сұлтанда орта­ша алғанда 25-30 миллион тең­геден аспайды. Басқа қалаларда айна­лым күніне 5-10 миллион теңге кө­лемінде ғана. Алматы мен елор­дада ұйым­дардың 50-70%-ы, ал өзге қала­ларда 70-90%-ы жар­ғылық капи­талды қо­сымша арт­ты­руға қара­жаттың же­тіспеуі қиын­дығына душар болады. Бұл айырбастау пункттерінің жап­пай жабылуына соқтыруы мүмкін. Тиісінше, на­рықта бәсекелес аза­йып, моно­полизация басталады. Жүз мил­лион туралы талап ең алдымен шағын және орта биз­нес­ті тұн­шықтырады», – дейді са­ла маманы Жәмила Назарметова.

Бұл құжат қабылданса, айыр­бастау бекеттеріне түнгі уақытта жұмыс істеуге де тыйым салы­нады.

Сондай-ақ қаржылық реттеу елімізде «валютаматтардың» қо­йы­луына жол ашты. Ресми түрде «ав­то­маттандырылған айыр­бастау пунк­ті» деп аталатын бұл элек­трон­ды құрылғылар «қыз­меткердің қа­тысуынсыз, оған қолма-қол ақ­ша­ны енгізу және одан басқа ва­лютада қолма-қол балама соманы алу ар­қылы айыр­бастау операция­ларын жүзеге асыруға» мүмкіндік береді. Рас, олар арқылы бір жолы 500 мың теңгеден аспай­тын соманы ғана айырбастауға болады. Егер қар­жы­ңыз одан көп болса, қайтара жүгінуіңіз керек.


Елдос СЕНБАЙ