Өңдеудегі олқылық
Өңдеудегі олқылық
465
оқылды

Өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртарап­тан­дыру жайлы айтылып келе жатқанына он шақты жыл­дың жүзі болды. Ел экономикасының шикізатқа және сол арқылы әлемдік нарыққа тәуелді болмауы осы саланы дамытуға байланысты. Өнімді тереңдетіп өңдеп, дайын тауарлар өндіріп, оны экспортқа шығару арқылы бюд­жеттің бүйірін бұлтитуға әбден болады. Сол үшін осы бағытта қаншама бағдарлама қабылданып, кластерлік жүйені енгіземіз деп біраз әрекет жасалды. Бірақ әлі көңіл көншитіндей нәтиже жоқ. Бұлай деуімізге не себеп?

Өткен жылы өңдеу өнеркәсібі саласы ЖІӨ-нің небәрі 11,4 па­йызын құраған. 1990 жылдары, яғни Кеңес Одағы тараған кезде өңдеу өнеркәсібі ЖІӨ-де әжеп­тәуір жоғары көрсеткішке жет­ке­нін ескерсек, бұл деңгейге кө­терілу үшін әлі көп еңбек­тенуімізге тура келеді. Мысалы, кластерлік жүйені енгізу үшін әрекет жасалды дедік. Еліміздің негізгі мақталы өңірі саналатын Түркістан облысында мақта клас­терін дамыту жайлы, мақ­таны өңдеп, жіп иіріп, мата то­қып, одан дайын бұйымдар шы­ғару мақсатында жақсы бастама көтерілген. Бірақ біз әлі күнге дейін жеңіл өнеркәсіп саласының қарыштап дамып кеткенін көре алмай отырмыз. Оған бірден-бір дәлел – нарықты жаулап алған сырттан әкелінген бұйымдар. Ке­ңес Одағы кезінде ел бюдже­тінің 17-18 пайызын жеңіл өнер­кәсіп саласы беретін. Қазіргі таң­­да ЖІӨ-нің небәрі 0,3-0,5 па­­йызын ғана құрайды. Бұл – тым аз көр­сеткіш. Өз елінде мақта өсіріп, мал баға отырып мақта мен жүн­нен жіп иіріп, тоқыма тоқып, киім тіге алмауымызға не кедергі? Осы олқылыққа қайта өңдеу саласының қарқынды дамымауы да тұсау болып отырған жоқ па? Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының дирек­торы Ибадулла Үмбетаев «Еркін экономикалық аймаққа инвес­торлар қызығушылық таныт­па­ды. Сол себепті бұл саланың жұ­мысы тоқырап тұр. Елімізде өң­дей алатын мақтаның көлемі – 10-15 мың тонна шамасында. Ал біз 85-90 мың тоннаға дейін мақ­та талшығын өндіріп, оны шетелге сатып жүрміз. Егер осы мақтаны өзіміз өндірсек, 1 мил­лиард 200 миллион доллар шама­сында табыс табар едік. Қазір бар-жоғы 200-250 миллион дол­лардай ғана пайда көріп отыр­мыз. Миллиард доллар ұтылып келеміз. Осы әрекетімізбен басқа мемлекеттерге жағдай жасап, жұмыс орнын ашып берудеміз. Мәселен, мақта бағасы әлемдік нарықта қымбат болған 2004-2007 жылдары елімізде 220 мың гектарға дейін мақта егілді. Соңғы жылдары 130 мың гектар шамасында. Неге? Өйткені өнді­рілген өнімді өткізу қиын. Сон­дықтан қазір мақтадан басқа да­қылға ауысу жайы қарастыры­лып жатыр. Әйтсе де, әртарап­тандыру бойынша ауыспалы егіс­ті енгізу, жердің құнарлы­лы­ғын көтеру бойынша да жұмы­сы­мыз алға баспай келеді. Өй­т­кені Кеңес Одағы кезінде бастал­ған мақта шаруашылығын көтеру мақсатында жүргізілген жұ­мыс­тарға байланысты негізінен осы салаға керек техникалар алынған. Жердің өзі осы бағытқа ыңғай­лас­тырылған. Сол себепті диқан­дар әлі күнге дейін мақта шаруа­шылығынан бас тартпай отыр» дейді. Демек, жергілікті диқан­дардың жеңіл өнеркәсіп сала­сына қажет негізгі шикізаттың бірі мақта өндіруге деген құл­шы­нысы әлі бар. Бірақ өндірілген өнімді өткізу мәселесінде қиын­дықтар туып отыр. Дайын өнімді ысырап қылмай жинап, теріп алып, бірақ оны өткізе алмаса, бұл ала жаздай дала алқабында маңдай терін төккен диқанға оңай соқпайды. Нәпақасынан айырылады. Бұл деген бүтін бір отбасының әлеуметтік жағда­йы­ның нашарлауына алып келеді.


Үдемелі индустриалды-ин­но­вациялық даму бағдарламасының екінші кезеңі аяқталуға таяу. Елімізде қайта өңдеу саласын мемлекеттік қолдау Кәсіпкерлік кодексі нормаларына сай жүзеге асып келеді. Дегенмен индус­триал­ды-инновациялық бағдар­ламаның екі кезеңінің нәти­жесіне қарағанда, мемлекеттік қолдау бойынша бөлінген қаражат барлық кәсіпорынның сұранысын өтей алмаған. Үде­мелі индустриалды-иннова­ция­лық даму бағдарламасын іске асы­ру шеңберінде 2015-2019 жыл­дары 800 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Әрине, бұл бүкіл қайта өңдеу өнеркәсібі са­ласын қамтитындай қаражат көзі емес. Демек, біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған жеңіл өнер­кәсіп саласының қарқынды дамуы үшін, оған қажет шикізатты өңдеп, кәдеге жарату үшін әлі де молырақ қаражат көзі керек.

Кезінде отандық мақтаны кәдеге асыра білді. Бұл өз кезе­гінде жеңіл өнеркәсіп саласының қарқын алуына да оң әсерін ти­гізді. Басқасын былай қойғанда өнімдері 100 пайыз мақтадан ті­гілетін Алматы мақта-мата ком­би­натының өзінде 8 мың адам жұ­мыс істеді. Қазіргі таңда мұн­дай алып кәсіпорын жоқтың қасы. Жеңіл өнеркәсіп саласын­да жұмыс істеп жатқандардың көбі – шағын кәсіпорындар. Олар­дың саны 1 000-ға тарта. Осы саладан 12 мыңдай жан нә­па­қасын тауып жүр. Әрқайсысы бөлек-бөлек жұмыс істегендік­тен, саладағы мәселені көтеріп, оны шешуде көбіне олардың қауқары жетпей жатады. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қа­уым­дастығы саладағы мәселе­лер­ді түрлі мінберден айтып ке­леді. Бірақ әзірге ол мәселе­лер­дің шешімін табар түрі жоқ.