Ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру мен нарықтық экономикаға көшудің өзекті шарты – жекешелендіру дедік. Дедік те, мемлекеттік бюджет тапшылығын азайту жолындағы қарқынды жұмысты бастап кеттік. Ал енді бұл бізге не берді?
Тақырыпты әріден тарқатсақ, тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру халыққа ауыр тиді. Бірақ бұл нарықтық экономикаға өтудің алғышарты еді. 1997 жылдан бастап жекешелендіру денсаулық сақтау мен білім, ғылым салаларында өтті. Білетіндер – бұл процесс білім, ғылым, медицина салаларына көптеген жаңалық әкелді дейді.
Күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы медициналық мекемелерін жеке басқаруға беру жағдайын талқылады. Өйткені бүгінде қала тұрғындарының 63 пайызы медициналық қызметтің сапасына көңілі толмайды. Бұл жағдайдың негізгі себебін сұраған Мемлекет басшысына қала басшылығы жекешелендірудің кешенді жоспары жасалып жатқанын мәлімдеді. Бірақ қала әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Дәл қазір жекешелендіру мәселесін тоқтаттым. Себебі менеджер боламын дегендердің бәрі бірдей бас дәрігерлер болып отыр. Сондықтан жұмыстың жүйесін, қалай жүргізілу керегін білетін менеджер табылғанша тоқтаттық» деді.
Расында да, бұл маңызы бар саланы жекешелендіру үшін үлкен дайындық қажет. Бұл жерде дүниежүзілік тәжірибеге сүйене отырып, қалыпқа келтіру мәселесі тұр. Әсіресе, оны басқаратын маманның рөлі ерекше. Бас дәрігер – дәрігер болуы керек. Ал аурухана меңгерушісі – менеджер болуы шарт. Себебі қазір мекемені меңгеру үшін ақпараттық жүйелер бойынша арнайы білімің болуы керек. Бұл жолда 2017 жылдан бастап медициналық менеджмент деген бағдарлама іске қосылды. Қазір мамандар оқытылып жатыр. Сондықтан медициналық мекемелерді жекешелендіруде асығыстық танытпаған абзал.
«Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, «бүгінгі қазақ – кешегі қазақ емес». Сонымен қатар мемлекет жекешелендіруді өткізу технологияларын өзгертті, электронды сауда алаңы арқылы ұйымдастыруды тәжірибеге енгізді. Бұл жүйелер, біріншіден, азаматтардың уақытын үнемдейді, қағазбастылықты жояды, екіншіден, халықтың билікпен байланысы орнайды, жемқорлық көрсеткіштерін азайтады, үшіншіден, азаматтардың билікке деген сенімі артады. Неміс ғалымы Карл Маркс «Мемлекеттің пайда болуына тікелей әсер еткен – жекеменшік» деді. Себебі меншік жеке болса, адам оны барын салып қорғайды, көбейтеді деген тұжырымдамасы дамыған елдердің тәртіптеріне енген. Сол себепті бұдан шошудың қажеті жоқ. Тек оған асқан ұқыптылықпен, дайындықпен келу керек» дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы Бекзат Молдин.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистерге берген сұхбатында: «Медициналық қызметтің сапасы жоғары және тегін болуы тиіс. Біз қазір жекеменшіктерге мынадай жағдай жасап отырмыз: инвестор келіп, ескі аурухананы алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізген соң, тегін медициналық көмек көрсететін болса, оған ақша төлейміз. Қазірдің өзінде сондай мекемелердің 44 пайызы – жекеменшік. Оны көп жұрт білмейді. Біздің көздеп отырғанымыз –сапасына қарай қаржыландыру» деген еді.
Қоғамның қарсылығына қарамастан, медициналық мекемелердің жекеменшік қолға өтіп кеткенін аңғарып отырмыз. Мұның себебін министр: «Қалалық ауруханаларға көп ақша салу керек. Олар ескірген. Әсіресе, мемлекеттік ауруханалардың жағдайы нашар. Мұндай ауруханаларды ретке келтіріп, жөндеу үшін 1 триллионнан астам қаржы қажет. Ондай ақша қазір бізде жоқ. Бірақ оны шешудің басқа жолдары бар ғой. Оған жеке инвестиция тартуымыз керек. Соның бір жолы – ауруханаларды жекеменшікке беру» деп түсіндірді.
«Денсаулық сақтау саласы – ел қауіпсіздігі кепілінің бірі. Оны жеке қолға беру дұрыс емес. Мемлекет ең бірінші кезекте азаматтардың денсаулығын ойлауы қажет. Жеке тұлғалардың басты мақсаты – пайда табу. Пайда табу үшін олар бәріне де барады. Мысалы, қазір өзіңіз қаладағы кез келген емханаға барыңызшы. Көз дәрігеріне кіргіңіз келсе, оған жазылу үшін кемі бір ай кезек күтесіз. Тіс дәрігеріне де солай. Балалар дәрігеріне де солай. Ал енді соны ақылы түрде өткің келсе, сол күні кіре аласыз. Міне, жекеменшікке өткеннің пайдасы. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген – осы. Сондықтан, әсіресе, денсаулық мекемелерін жекешелендірмеу керек еді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Алдамжар Төлепбергенов.
Оның сөзінің жаны бар. Әу баста денсаулық мекемелерін жекешелендіру жұмыстары басталғанда, осы мәселелердің барлығының түйіні тарқатылу керек болған. Жекешелендіру ауруханалар арасында бәсекелестікті арттырып, медициналық қызмет сапасының жақсаруына ықпал етуі тиіс. Бірақ осы салада орын алатын кейбір жағдайлар халықтың сеніміне селкеу түсіріп отыр.