Ақша бар, агробанк жоқ
Ақша бар, агробанк жоқ
239
оқылды

Қазақстанда Ауыл шаруа­шылығы банкін құру туралы әңгіменің айтылып келе жат­қанына отыз жылға жуық уа­қыт өтті. Одан бері аталған ұсы­нысты көтергендердің крес­лосы бірнеше мәр­те жаңарғанымен, ауыл шаруа­шы­лығын қаржыландыру мәселесі шешілмеген күйі қал­ды.

Агроөнеркәсіп тауарын өн­­діру­шілерге несие беретін арнайы банк құру туралы қар­жы, экономика саласының ма­мандарынан бөлек, Үкімет мүшелері де айтып келеді. Мәселен, 2009 жылы сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков те, келесі жылы оның орнына келген ми­нистр Ақылбек Күрішбаев та атал­­ған ұсынысты ортаға тас­та­ған. Кейіннен 2012 жылы «Атамекен одағы» ҰКП төрағасы Тимур Құлыбаев пен сенатор Қуаныш Айтаханов та осы ұсы­нысты қол­дайтынын білдірді. Агробанк идея­сы биылғы сәуір айында да бір бас көтерді. Бұл жолы Мәжіліс депутаты Жек­сенбай Дүйсебаев тікелей жер­мен айналысатын банк құруды ұсынды. Мәжілісімен қазіргі қолданыстағы қаржы инс­ти­туттары агроөнеркәсіпті қар­жы­ландыру ісінде негізінен дел­далдық әрекеттен аса алмай отыр­ғанын сынаған.

Бір қызығы, агробанк құрып, саланы несиелендіру жүйесін тү­бе­гейлі өзгерту керек екенін қа­зіргі Ауыл шаруашылығы ми­­нистрі Сапархан Омаров та ай­­тып­ты. Бірақ бұл ұсыныс С.Омаровтың министр болмай тұр­ғанында, Мәжілістің Аграр­лық комитетін басқарып тұрған кезінде көте­рілді. Осылайша, біз білгенде осы­мен үш бірдей министр Ауыл шаруашылығы банкі ашылуы керек деген идея­ны жақтаған.

Агробанк керек дегенді алға тартатындардың айтар уәжіне құлақ түрсек, бүгінге дейін бө­лінген субсидиялар мен дотация қаржысы көзделген мақсатқа жетпей келеді. Бюджеттен ауыл шаруашылығына деп жұмсалған ақшаның тиімді пайдалануын бақылайтын жүйе жоқ. Субси­дияны өңірлер бойынша бөл­генде өңірдің ерекшелігі, аграр­лық әлеуеті ескерілмейді. Яғни, ақша бар, бірақ оны тиімді жұм­­саудың ғылыми негізі мен меха­низмі жасалмаған. Ақыр соңын­да инвестициялық мақсатта бюд­жет қаражатын алған кейбір жоба­лар жоспардағы қуатына жете ал­майды, тіпті пайдалануға берілмей қалғандары да бар.

Қазақстанның ауыл шаруа­­шылығын дамыту туралы ай­­тыл­ғанда үнемі көлденең кезігетін мәселе – ақшаның жетпейтіні. Өсімдік шаруашылығына – жаб­дық пен техника сатып алу­ға және тыңайтқыш, тұқым, жанармайға ақша жоқ. Ал мал шаруа­шылығына – асылтұқым­ды мал сатып алуға, жемшөпке, заманауи технология алуға қара­жат жеткіліксіз.

Бір жағынан бұлай деуге де не­гіз бар. Ресми деректерге сүйен­сек, еліміздегі екінші дең­гейлі банк­тердің (ЕДБ) ауыл шаруа­шылығы саласына бөлген несие көлемі 2011 жылғы 7,5%-дан 2016 жылы 2,5%-ға төмендеп кеткен.

Банктердің ауылға жолағысы жоқ. Себебі агроөнеркәсіп – тәуе­келі өте жоғары сала. Оның үстіне, Қазақстан ЕДБ қар­жы­ны заем ретінде сырттан тар­тып отыр­ғандықтан, ауылға арзан несие бере алмайды, бір. Екін­шіден, еліміздегі банк жүйесі жұ­­мысын бастаған кезде рес­пуб­ли­камыздың ауыл шаруашылығы тұралап, колхоз, совхоздар тарап жатқан кез болатын. О баста өндіріс сала­сында шикізаттық экспортты қаржыландырып, бірден пайда тауып дағдыланып қалған банктер ауылға қайта қайырылғысы жоқ. Үшіншіден, агроөнеркәсіпке салған ақшаның қайтымы ұзақ. Бір жағынан ЕДБ несиесін өткізетін жер таппай отырмағаны да белгілі. Дәл қазір тұрғындардың тұтыну несиесін айтпағанда, ипотека алушылар мен саудагерлердің несиеге сұранысының өзі-ақ оларды «тойындырып» отырғаны бел­гілі. Ал мұндай кезде жаңадан құ­рылатын агробанк арзан не­сиені қайдан алады? Алатын көзін табар, десе де ол несиені төмен пайызбен ауылға ұсынуға бейіл ме? Банктің қаржылық тәуекелін мемлекет өз мойнына ала ма? Сұрақ көп. Жауап... Айтқандай, шенділер тарапынан Ауыл шаруашылығы банкін құру идеясы айтылған 2009 жылдың өзінде-ақ, сол кездегі Қаржы министрі Болат Жәмішев Қазақстанда агробанк құруға негіз жоқ деп ашық жауап берген. Оның айтуынша, егер құрылатын арнайы банк нарықтың негізгі шарттарымен жұмыс істесе ол да коммерциялық банктердің жүйесімен әрекет ететіні анық. «Ондай жағдайда оның өзге ЕДБ-ден еш айырмашылығы болмайды. Ал егер ол бюджет ақ­шасын бөліп отыратын қар­жы институты секілді жұмыс істесе, ондай институттар бізде жет­кілікті» деген Б.Жәмішев.

Жәмішев айтқан пікірдің де жөні бар. Бізде мемлекеттің ауылға бөлген қаржысын бас­қаратын білдей бір қаржы инс­титуты «ҚазАгро» ұлттық хол­дингі жұмыс істеп келеді.

Әйтсе де, тек ақша бөлумен бұл саланың мәселесі шешілмейтінін уақыт дәлелдеп берді. Бұдан бөлек, нарық заңына емес, мем­лекет қаржысына сүйенген ком­па­ния­ның жұмыс нәтижесі де мар­дымсыз болып шықты. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің де­регінше, 2015-2018 жылдар ара­лығында «ҚазАгроның» шы­ғыны 399,1 миллиард теңгеге жеткен. Таяуда өткен Парламент Мәжілісінің пленарлық отыры­сында палата спикері Нұрлан Нығматулин «ҚазАгро» арқылы ауыл шаруашылығына соңғы бес жылда 500 млрд теңге бөлін­генімен, компанияның шығы­ны 400 млрд теңгеге жақындап қалғанын сынады. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдегендей, компанияда ішінара реформа жасалып жатыр. Проблемалы несиелер портфелі 22%-тен 15%-ке төмендейді. Министрдің сөзіне сенсек, дәл қазір «ҚазАгро» құра­мындағы 7 еншілес ұйым қысқарып, үшеуге азаяды. Қайта құру мен оңтайландырудың арқасында компания қызметкер­лерінің саны мен өзге де шығын­дардан жылына 2 миллиард теңге үнемдеуге қол жеткізілмек.

Әрине, оның барлығы уақыт еншісіндегі мәселе. Мемлекеттің үлкен көлемдегі қаржысымен жұ­мыс істесе де, шығынға батып жат­қан «ҚазАгроны» «құтқарып» қалға­нымызбен, агроөнеркәсіптің қаражат мұқтаждығын жақын арада шеше аламыз ба? Қалай десек те, ауыл шаруашылығы Қазақстан тұр­ғын­дарының жартысына жуы­ғы­ның (46%) өмірімен тікелей байла­нысты сала, одан қалды 200 млн гек­тардан аса жерді алып жатқан, әлеуеті толық ашылмаған алып өндіріс.

Әлемдік тәжірибеде ауыл ша­руашылығын қаржы­ландырумен мамандандырылған аграрлық банктер айналысады. Алыстан мысал іздемей-ақ, көршіміз Ресей мен Қытайда да агробанк нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Ресейдегі Россельхозбанктің 100% акциясы мемлекет ие­лігінде. Украина мем­лекетінде де агроөнеркәсіпті банк­тер арқылы қаржыландыру жақсы жолға қойылған. Демек, бізге де бюджеттен ауылға бөлін­ген қаржыға делдалдық етуді қойып, нарық заңына жауап бере­тін, са­уат­ты қаржы жүйесін жа­сақтайтын мезгіл жеткен секілді.