Мәжіліс басшысы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палата отырысында Nur Otan партиясы фракциясының бір топ мүшесі мемлекеттік тілді нығайту мәселесін көтерді. Парламентшілер осы салада жедел шешілуге тиісті мәселелерге Үкімет басшысы Асқар Маминнің назарын аудартты.
Премьер атына жолданған депутаттық сауалға Nur Otan фракциясының мүшелері Ф.Қаратаев, Қ.Сұлтанов, Н.Сабильянов және басқа да депутаттар қол қойған. Бұған сайлаушылармен өткізілген кездесулер барысында халықтық мемлекеттік тілге қатысты мәселе көтеруі түрткі болыпты.
Олардың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2025 жылға дейін барлық қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгереді» деген міндетін жүзеге асыру үшін тілдік құрылымдар сақталуы керек. Алайда қазір олай болмай отыр.
«Тiл туралы» заңының және салалық мембағдарламаның міндет-мақсаттарын іске асыру үшін өңірлердің бәрінде «тілдерді дамыту басқармалары» және соларға қарасты «тілдерді оқыту орталықтары» құрылған болатын.
Бірақ бүгінде бірнеше облыста бұл басқармалар өз бетінше еркін қимылдау мүмкіндігінен айырылып, өзге басқармаларға тәуелді етілуде. Ал тілдерді оқыту орталықтары жабылып, мемлекеттік емес секторға өтіп, яғни жекешелендіріліп жатыр.
Мәселен, Ақмола, Қызылорда облыстық тіл басқармалары Ішкі саясат басқармасының құрамына енгізілген. Нұр-Сұлтан қаласында тілдерді дамыту мен архив ісі басқармалары өзара біріктірілген. Павлодар және Маңғыстау облыстарында тіпті Мәдениет, Тілдерді дамыту және Архив ісі басқармалары қосылып кеткен. Алматы қаласында басқарма мүлдем жойылып, қазіргі кезде қала әкімі аппаратында бірнеше маман ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ Атырау, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында тіл басқармалары мүлдем жоқ. Тіл орталықтарында да жағдай осындай.
Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деп мәлімдеді.
«Мемлекеттік тілдің барша қазақстандықтардың ортақ тіліне айналуында тіл басқармалары мен орталықтары шешуші рөл атқаруға тиіс еді. Оларды жабу қаржылық жағынан да ақталатын қадам емес. Егер осындай әрекеттер арқылы тіл саясатын, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау сияқты стратегиялық факторларды есепке алмасақ, оның жаңғырығы бюджетті үнемдеуден де зор болмақ. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, жоғарыдағы жағдайға түсіністікпен қарай отырып, мәселенің өзектілігін ескеріп, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жұмыстарды жүргізетін тілдерді дамыту басқармалары мен тілдерді оқыту орталықтарының дербес қызмет жасауын қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолдануыңызды сұраймыз» деді депутаттық сауалды оқыған Ф.Қаратаев.
Депутаттар осы отырыстарында бірқатар жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Соның бірі – Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы «Әскери ынтымақтастық туралы келісім» екі елдің бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізуіне жол ашады. Бұған дейін мұндай келісім болмаған. Сонымен қатар құжатта әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын өзара келісімдерде қамтылмаған картография, гидрография, топогеодезиялық қамтамасыз ету, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі секілді көптеген мәселелерді көздейді.
Осы екіжақты жаңа келісімді жүзеге асыру Қазақстанның әскери саладағы мүмкіндіктерін кеңейтеді, туыстас екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықтың дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.
Елдос СЕНБАЙ